Баяғыда екі адам болыпты. Олар тамақ пісіргісі келеді, бірақ тұз бітіп қалды.
Бірінші адам:
– Сен қалаға бар, бір жарым уыс тұз сатып ал.
– Бір жарым уыс? Оны қалай есте ұстаймын?
– Сен барғанша «Бір жарым уыс, бір жарым уыс» деп айт, сонда ұмытпайсың.
– Жарайды, - деді де, қалаға аттанды.
Келе жатса, бір шаруа егін егіп жүр екен. Дәнді жерге лақтырып: «Біреу мың болсын», - дейді.
– Бір жарым уыс, бір жарым уыс!
Шаруа ызаланды да, адамды ұрды.
– Неге мені ұрдың? Мен саған не істедім? – деп айқайлады адам.
– Мен егін көп болсын деймін, ал сен бір жарым уыс болсын дейсің.
– Қалай айту керек?
– «Біреу мың болсын» деп айту керек.
Адам әрі кетті. Ауыл. Ауылда біреуді жерлеп жатыр екен.
– Біреу мың болсын! - деп айқайлады адам.
Туысқандар ызаланды да, адамды ұрды.
– Неге мені ұрдыңдар? Мен сендерге не істедім? – деп сұрады адам.
– Біз қайғыдамыз, ал сен «Біреу мың болсын» дейсің, сондықтан ұрдық.
– Қалай айту керек?
– «Осы қайғы бірінші және соңғы рет болсын» деп айту керек.
Адам әрі кетті. Бір ауылда той болып жатыр екен.
– Осы қайғы бірінші және соңғы рет болсын, - деп айқайлады.
Қонақтар ашуланды да, адамды ұрды.
– Неге мені ұрдыңдар? Мені осылай үйретті.
– Сен олай айтпа. «Той құтты болсын, той құтты болсын!» деп айт.
Тұз іздеуші әрі кетті. Аңшыны және көгершіндерді көрді.
– Той құтты болсын, той құтты болсын! - деп айқайлады.
Көгершіндер ұшып кетті. Аңшы ашуланды да, адамды ұрды.
– Әділдік қайда, мені неге ұрдың?
– Сен айқайладың, сосын көгершіндер ұшып кетті, сондықтан мен сені ұрдым.
Сөйтіп, сорлы адам тұз туралы ұмытып, үйіне әзер жетті.