Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Модальность
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
   Учим всей семьёй
 Видео
  Разговорник
Пословицы
  Книга для чтения
С казахским не шутят?
Сказки
Песни
Статьи
Словарь
Ссылки и др.
Автор сайта
Учебники
 1 класс
 2 класс
 3 класс
 4 класс
Стихи детям
    1    
    2    
    3    
    4    
    5    
    6    
    7    
    8    
    9    
    10    
Рассказы
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш

Бұрауыш



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

Читать рассказ на русском языке

01
    Байқаусызда каналдың суы салқындап, кеш те келіп қалыпты. Шаңқай түстегі балалардың жалаң аяқ табанын әбден күйдірген құм да біраз суып, жерді басу оңайырақ болған сияқты. Олар бұрынғыдай көлеңкеден көлеңкеге дейін аяқтың ұшымен жүгірмей, құмды тұтастай табанымен басып келе жатыр. Шоқан достарымен құмары қанғанша шомылып, енді ауылдағы клубқа қарай асығып барады. Бүгін онда концерт өтеді. Ол филармонияның анау-мынау, ауыл сахнасына жиі шығатын қарапайым әртістері емес. Роза Бағланованың өзі келді дейді. Кеше Шоқанның апасы дәл осылай: «Роза Бағланованың өзі» деді.

    Көліктің дөңгелегі таптап тастаған құмның бетіндегі жолтабанды ұсақ қадаммен дәл басып келе жатқанда Шоқан әбден қарнының ашқанын сезді. Апасына берген нық уадесіне қарамай, бугін күні бойы үйді көрмегені де есіне түсті. Қазіргі уақытта апасы оған қатты ашуланып жатқан шығар. Әрине, апасы сиырды сауып, ал атасы есік алдына құдықтың суын сеуіп, сыпырып та қойды. Қазір олар тапшанда, аласа үстелдің жағасында кешкі шәйін ішіп отырған болар. Сосын апасы өзінің жаңа көйлегін, оюлы қыжым желеткесін киіп, басына шашақты ақ орамалын тағады. Сандықтың үстіне немересінің үтіктелген көйлегі мен шалбарын жайып тастайды. Табалдырықтың қасына оның жаздай бір кимеген сандалдарын шығарып қояды. Атасы галифе шалбарын, былғары етігін, күннің ыстығына қарамай, ақ көйлегінің үстінен той-мерекеге арналған жалғыз пенжегін киеді де екеуі Шоханды күтіп біраз отырады. Далаға қараңғы түскен кезде апасы ашуланып, немересіне ұрсады, ал атасы болса, оны жанын салып қорғайды. Сонда апасы қабағын түйіп, шалына тесіліп қарайды да:

02
    - Әй, Бөстек, айтшы осы маған, неге оны сонша қорғайсың, ә? Күні бойы көрінген жерде қаңғып жүреді. Өзің ойлап көрші, қазір біз концертке кеткенде келеді, үсті қожалақ-қожалақ, қарны аш. Сонда кім жуындырып, оның тамағын береді?

    Атасы болса оған:

    - Болды, болды, енді ұрыспай-ақ қойшы балаға, үйге кіргенде қорқытпай. Жазғы демалысқа келді ғой мұнда. Жүре берсін емін-еркін, - дейді.

    Апасы әбден ашуланып:

    - Осы сөзіңмен бұзақы баланы жаман үйрететін сенсің, қартайған неме! – деп сарт еткізеді.

    Атасы қолын артына салып әрі-бері жүріп:

    - Әй, Зүлпия, өзің бара бер, мен баламды күтейін. Бағлановаң бар болсын. Оны көрмеді дейсің бе? Талай-ақ көргенбіз. Үйде қалсақ, балам екеуміздің еш нәрсеміз кетпес. Онсыз да құлынымның арқасында менің әр күнім концертке ұқсас.

    Сосын кемпірінің көмегімен аяғынан былғары етігін шешеді, жалғыз орындықтың арқалығына көйлегін, галифе мен пенжегін іліп қояды. Жұмсақ үй шалбары мен ішкөйлегін киеді. Апасы біраз ашуланып, үйден шықпай тұрып, балаға не тамақ беру керегін жақсылап түсіндіріп, басындағы орамалын жөндейді де клубтағы концертке кетіп қалады. Ал атасы болса, тапшанға жайғасып, қалтасынан кішкене дорбасын алады да, насыбайды атып отырып, асықпай немересін күтеді.

03
    Бір кезде атасына жаны ашып, Шоқанның жылағысы келіп кетті. Үйге қарай бұрылып еді, бірақ жарты жолда апасының ашуы есіне түсіп, ешқандай концертке жібермейтінін түсінді. «Бағланованың өзінің» қалай ән шырқайтынын өте қатты естігісі келіп еді. Сондықтан достарының артынан клубқа қарай жүгіріп ала жөнелді.

    Амантай, Ержан, Алибек, Бауыржан, барлығы да баяғыда сонда болуға тиіс. Олар, сірә, Бәтима деген тексеруші апай келмей тұрып, жасырынып ішіне өтіп кеткен болар. Ол кісі қатаң түрде бақылап, билетсіз ешкімді кіргізбейді. Сәл шырғалып қалсаң болды, қайтсе де жолатпайды. Онда жақын жерде айналсоқтап жүргеннен басқа амал қалмайды. Тек біреу көңілін бұрып, алаңдатып әкетсе ғана, жып беріп, ішіне кіріп кетуге болады.

    Шоқан клубқа қарай бет алды. Кіреберісте әлі ешкім жоқ екен. Тек кішкене терезеде көрермендерді күтіп отырған жалғыз аяқты Қалибек деген мүгедек кассирдың басы ғана көрінеді. Шоқан ашыңқы есікке сып етіп кіріп кетті. Ішінде, жартылай қараңғыда достары бірінші қатарға жайғасып алыпты. Барлығы да жасырынып кірген, билеттері жоқ. Ол да сылқ етіп Амантай мен Ержанның арасына, шереден жасалған қатты орындыққа отыра қалды.

    Дәл сол кезде клубтың алдына шат көңілді, сәнді киінген ел жинала бастады. Барлығы да аты аңызға айналған әншіні тыңдағысы келеді.

04
    Кіреберісте дөңгелене тұра қалған бір топ келіншектер алдағы концертті талқылап тұр.

    - Мен оны тек теледидардан көргенмін, енді тым болмаса тірідей көрейін, - деді Мәруа.

    - Ойбай, қыздар-ау, әнін естісеңдер! Керемет! - деп Кеңескүл екі қолын сілтеді, - қарт кісілердің айтуынша, оны Сталинның өзі сүйсініп тыңдаған дейді!

    - Сталинды қайтесің? Ол тұрмақ, менің тоқсандағы қайсар мінезді әжем де, Розаны көруім керек деп қоймай қойды. Сандықтағы нафталин сеуіп тастаған бешпентін бізге шығартып алғызды. Бірақ кешке таман қайтадан төсек тартып жатып қалды, - деді Жауһар.

    Мәруа оған бұрылып:

    - Ойыңда ма, Балдырғанның ұлы Әбжәділдің тойында Розаны майданда өз құлағыммен естігенмін деп Құлдыбай атаның айтқан әңгімесі? – деп сұрады. – Ол танктың үстінде тұрып өнер көрсеткен дейді. Сонда солдаттардың көбі жылап тыңдапты.

    - Ойлап қараңдаршы, елуге толған оның бір де бір әжімі жоқ. Отыз бестегі менің бетім оған қарағанда қатпар-қатпар, - деп Анар, дәлелдегендей, бетін бір сипады.

    - Әртістер сен құсап бірінің артынан бірін туа бермейді. Олар өздерін өте қатты күтеді, - деді шат күліп қасынан өтіп бара жатқан жас жігіт, осы ауылдың Батыр деген киномеханигі. Анардың оған серпіген жұдырығын көргенде, үкідей аулақ ұшып кетті.

    - О, жайрағыр! Әйелдердің әңгімесіне араласпа!

05
    Залға біртіндеп адам тола бастады. Шымылдықтың арғы жағында қыбыр-жыбыр естіледі. Ержан сахнаға өрмелеп шықты да, перденің шетін аздап көтеріп, білдірмей сығалады. Онда музыканттар жабдықтарын орнатып жатыр екен.

    - Мә! – деп Ержан секіріп түсті де орнына сылқ етіп құлады, - олардың барабан, гитара, домбыра, тағы неше түрлі саймандары бар екен!

    - Ұй, өңкей шыбын-шіркей, қарашы өздеріне, ең тәуір орынға үймелеуін! Аулақ! Кемпір-шалдарға орын беріңдер! – деген біреудің дауысы жоғарыдан естілді. Шоқан басын көтеріп, бір жуан кемпірге көзі түсті. Қасына ертіп алған тақиялы Әмірәлі және Жалдыбай деген екі шалды ол бірден таныды.

    Бір сәтте шап беріп тексеруші Бәтима да жетіп келе қалды. Кетіңдер деп, залдан қуып берді. Сол арада шалдардың біреуі жуан кемпірдің жеңінен тартып, құлағына бір нәрсені сыбырлады.

    - Әй, Бәтима, тоқтай тұр, - деп жуан кемпір Шоқанды саусағымен ымдап шақырды.

    - Балақай, бері келе ғой. Кімнің баласы едің?

    - Сламбектің.

    - Сонау, қаладағы оқу мекемесінде істейтін Сламбек пе?

    - Ия.

    - Ойпырмай, айналайын, бірден танымаппын сені. Келе ғой, отыр қасыма. Әке-шешең қалай?

    - Жақсы.

    - Әй, шал, жылжы әрі қарай! - деп қасында отырған Жалдыбайға қолын бір сілтеді де, босаған орындыққа Шоқанды отырғызды.

06
    Сосын көпке дейін әке-шешесі туралы сөйлесті, түрлі бір орынсыз, мағынасы жоқ сұрақтарды қойып, жағымсыз түрде бұжыр-бұжыр алақанымен басынан сипады келіп. Бірақ қапыда, қуанышқа орай, домбыраның дыбысы естіліп, шымылдық екі жаққа ашылды да залда отырған адамдар жабыла қол шапалақтады. Алдымен ел екі домбырашы, соңынан аккордеоншының өнерін тамашалады. Тек сонан кейін ғана, қимылдаған сайын басындағы әдемі борігінің үлпілдеген жайма үкісі ырғақтап тербеліп Роза Бағланованың өзі шықты. Әннің арасында залдың әр жерінен адамдардың:

    - Әй, бәрекелді!

    - Тамаша!

    - Жарайсың! - деген дауысы естіліп жатты.

    Өңкей қарттардың арасында Шоқан өзін қолайсыз жағдайға ұшырағандай болып сезінді. Таныс балаларды іздеп, басын жан-жаққа бұрып, апасының елдің көзінше солай істеме деп тыйым салғанына қарамай, аздап қана мұрнын шұқыды. Сосын бүктемелі орындықты жоғары көтеріп, тікелей еденге отыра қалды. Онда түрлі-түсті кәмпиттің қағазы шашылып жатқан екен. Дәл сол кезде баяғы жуан кемпір иығынан ұстап:

    - Әй, балам, орныңа отыр, елді мазаламай, - деді.

    Шоқан еріксіз орнына қайта отырды. Әбден жалығып, апамның көзіне түспесем екен деген ойда шет жағымен тез далаға лап берді. Барлығы көзін сахнадан алмай отырған соң, тып-тыныш сыртқа ытқып кетті.

07
    Далаға қараңғы түскен. Клубтың ауласына жарығын сеуіп тұрған шамдарды шоқталып ұшқан маса, шыбын-шіркей баттастырған. Еш жерде балалар көрінбейді. Клубты айналып, көшені кесіп Шоқан Шәуетай деген кемпірдің шарбағының қасына жетті. Осында ол достарымен үлкен шұңқыр қазып алған, ыстық күннен және үлкендерден тығыламыз деп. Шұңқырды баяғыда жайылып өскен қалың шырмауық басып кеткен болатын. Онда да қараңғы, ешкім жоқ. Сосын Балмағамбет атаның үйінің артындағы төбешікке жүгіріп барды, бұнда да тым-тырыс. Клубқа қайтып келді. Шамның жарығы жетпейтін қараңғыда біреулердің айқайын естіп қалды. Ол әбден қайнап жатқан төбелес еді. Үлкен жігіттер алысып жатыр екен. Апасының айтуынша ондай жер өте қауіпті, сол себепті көрсе болды, жоламай үйге қарай қашуы керек. Әуелім Шоқан апасына ант берген клубтың түбіндегі ішіп алған ересек балалардан аулақ жүремін деп. Бұған қоса оның тағы бір уәдесі бар болатын - бұзақылардың бір біріне айтатын лас сөздерің тыңдамаймын деген. Бірақта құлағыңды қалай бітеп тастайсың? Бәрібір естисің ғой. Сондықтан оған Шоқан аса мән де бермейтін. Талай жаман сөзді біліп те қойған, оны достарымен сөйлескенде, арасында қосып та жіберетін, тек апасы мен атасы естімесе болды.

    Шоқан бұрылып үйге кетейін деген кезде таласып жатқан жиынның ортасынан біреу арсыз сөз қосып бақырып жіберді:

    - Қайтар дедім саған! Естіп тұрсың ба, соңғы рет ескертемін, аман-сау тұрғаныңда қайтар! – деп.

    Бірақ сонау екіншісінің қайтарам деген ойы болмағаннан соң өткендегі дауыс еңіреп салды:

    - Қайтар дедім, әкең... оңбаған!

08
    Шоқанға естігені қызық болып көрінді. Төмен сырғыған шалбарын өзіне қарай тартып, жақындай бергенде, артында біреу өлердей өкіріп берді. Шымыр денелі, удай мас болып ішіп алған Ақлиманың ұлы алға ұмтылып... арпаласып жатқан тобырға өзімен бірге Шоқанды да тығыздап жапсыра салды. Шоқанды былай да, былай да айналдырып бүктеді де, иірді де, ақыры аулақ лақтырып тастады. Жол шетіндегі тозаңда біраз есін жиып жатты да, орнынан тұра бергенде айқайлап жіберді. Байқағаны, бір аяғының ешқайда жүргісі жоқ. Қимылдаған сайын токпен ұрғандай тұла денесі селк ете қалады. Шаң шөпке қайта құлап, кеудесін бұрып, артына қарады. Бақандай бұрауыш шалбарын тесіп, бөксесіне қадалыпты. Көргенінен екі көзі тас төбесінен шығып кете жаздады. Шоқан бір-екі өксіп:

    - Апа-а-а! – деп айқайды салды.

    Тек оған ешкім де көңіл бөлген жоқ. Егіл-тегіл жылап алып, кір алақанымен көз жасын сүртті де, солқылдаған өксікпен сау аяғын топыраққа тіреп жол бойымен жорғалап үйге қарай жылжыды. Далада тірі жан жоқ, барлығы да концертке кеткен. Өзін өзі қасарыса сүйреп таныс қақпаға дейін жетті. Аздап көтеріліп, қақпаның ілгегін жұлқып қалды да аулаға сүйретіліп кірді. Енді атасының еститінін біліп, бар даусымен:

    - Ата-а-а-а! – деп айғайлап жіберді.

09
    Сарт етіп ашылған есіктің ойығында атасы көрінді. Сығырайып, қолын маңдайына тақап, қараңғы аулаға алаңмен үңіле қарады. Көре салып, ақырып еңбектеп келе жатқан немересіне қарай тап берді:

    - Құлыным-ау, айналайын, тағы қандай пәлеге ұрынғансың? Ойбай-ау, артыңда қоқиып тұрған не? Қазір, қазір... – деп баласын іліп алып абайлап үйге әкетті.

    Дәл сол кезде жақын жерде апасы да көрінді. Жап-жаңа мәсісі сықырлап, жол-жөнекей басындағы орамалын жөндеп, шалының қасына жүгіріп келді:

    - О, құдайым, бұл не? Бір нәрсе болатынын сезіп едім! Күні бойы көрінген жерде қаңғып жүреді ғой. Абайла, мұнда жатқыз... Қазір, құлыным, қазір... Құдай сақтаған! Бөксесіне кіргенін айтшы... Кеудесіне тықса не болар еді? – деп өз сөзінен өзі селк ете қалды да, - Аллаға шүкір, пәледен сақтап қалғанына! Құдайым-ай, не істесем екен? – деді.

    Жанын салып бақырып жатқан немересін атасы төсектің үстіне жатқызып, ешкім есін жиып үлгермей, бұрауышты тездеп жұлып алды да бұрышқа лақтырып жіберді. Шоқан одан сайын айқайды салды. Апасы йодқа толы шөлмекті ашып, қанап тұрған тесікке дірілдеген қолымен түгел құйып жіберді. Сосын жараға еселеп бір дәріні жағып, үстінен тас қылып таңып тастады да көпке дейін баласын құшақтап, айқайы өксікке айналып біртіндеп дауысы тынғанша теңселіп отыра берді.

10
    Бала ыңырсып ұйықтап, апасының сүлгіні сулап бетін, құлағын, мойнын сүрткенін, кірленге сатал-сатал қолын, табанын жуып атасы екеуіне даладағы тапшанға төсек салып, масахана құрып бергенін сезген де жоқ. Аш қарын ұйықтап қалды-ау деп апасының мұңайғанын да естімеді:

    - Күні бойы нәр татқан жоқ! Жүдегенін көрдің бе? О, Алла, баламды әртүрлі пәледен сақтай гөр!

    - Ештеңе етпейді, - атасы оны жұбатып, - ертеңмен ішер тамағын. Мынадай бөксесімен қайда қаңғиды дейсің? Бір-екі күн ешқайда шықпас. Сонда тойғанша жегізерсің, - деді.

    Баланы атасының қасына жатқызып:

    - Ертең басқармаға барып көлік сұра, дәрігерге көрсетейік, - деді апасы.

    «Дәрігер» деген сөзді естіп, Шоқан селк ете қалды да, ұйқылы түрімен ыңырсып:

    - Бармаймын дәрігерге, ол маған укол тығады... - деді.

    - Салмайды уколды. Атаңа айтамын салдырма деп. Ол тек қана қарап, жараңа май жағады, арнайы жұтатын дәрі береді. Емнің дұрысын дәрігер бізден жақсы біледі ғой, - деді.

    - Сонда да бармаймын! Барғым келмейді...

    - Мейлің, дұрыс, ертең бәрі белгілі болар. Кешкі ойлаудан таңертеңгісі тиімдірек дегендей, көріп жатармыз. Расымен, дәрігердің керегі де жоқ болуы мүмкін. Ұйықтай ғой, балапаным, ұйықта, қатты шаршаған боларсың...

11
    Атасының қойнына кіріп, Шоқан ұйқыға батып кетті. Биік, жұлдызды аспанның астында төгіліп жайылған қараңғы түн. Алыста иттің үргені, үйдің бұрышында қара шегірткенің шырылдаған дауысы естіледі. Атасы баласының басын сипап, кемпірінен жәй ғана:

    - Қалай ойлайсың, кім болып өседі екен осы тентек? – деп сұрады.

    - Жүрегі меірімді бұл желаяқтың, оның үстіне, тым қызыққұмар өзі. Есейсін, сонда көрерміз, тірі болсақ оған дейін, - деп қосып қойды апасы.

    - Әй, кемпір, айтпақшы, Роза Бағланова қалай? Ұнады ма?

    Тамаша, шіркін-ай, не деген тамаша! –күрсініп, тапшанның шетіне отырды да:

    Арманым, ақ сәулелі күнімбісің?
    Әлде бір алаулаған гүлімбісің?
    Әлде бір албыраған ай ма екенсің?
    Арманым, айтшы маған, қайда екенсің?
    Асыл арман, асыл арман, а-а-а-а... – деп жәй ғана әнге басты.

    Кемпірін тыңдап жатып, немересінің басын ақырын сипап қоя, атасы бұ дүниеде әр адамның асыл және аяулы арманы болуға тиіс деген ойға шомып кетті. Осы шексіз аспан аясында, сансыз шырақтардың ішінде әрбір тірімін деген өзінің ардақты жұлдызын тауып алар... Соңыра, ұйықтап жатқан немересіне еңкейіп, құлағына жәй ғана сыбырлап:

    - Сонау аспанда сенің де жұлдызың бар, балам! – деді.




©  Татьяна Валяева   2007–2020
http://kaz-tili.kz/
 <<  Стихи детям, стр. 10 Вернуться к началу Словарь  >> 


Присоединиться в Фейсбуке   ВКонтакте                  Цвета текста на сайте - значение                  E-mail: kaz-tili@yandex.ru                  Гостевая книга