Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Ұмсынай апа



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

1
    Кешке жуық ауаны ұзын қамшымен сызып, малшы Салдар өрістен бір табын сиырды айдап келеді. Аяғын маңғаздана басып, соқпақ жолдың шаңын бұрқыратқан сиырлар мазасыз сонаны құйрығымен қағып тастап, бірінен соң бірі өз ауласына қарай бұрылып кіріп жатады. Бұнда, тап-таза шелектерін дайындап, әр үйдің әйелі жайлауда күні бойы зіл тартқан сиырдың желінін жеңілдетсем деп, асыға күтіп тұрады. Бірақ, қара сан мал қатарынан көніп, жақсы танитын қақпаға қарай бет ала бермейді. Арасында ауылдың жүгері алқабына бұрылып кіріп кетуге тырысатын аса қисық мінезділері де аз емес. Дәл соларды алдын ала аңдуға балаларды жұмсайды. Жол екіге айырылып, бір тарамы көрші ауылға, екіншісі жүгері егісіне баратын жерде төбешік бар. Соның үстінде мал көріне ме деп анда-санда жолға қарап қойып, балалар асық ойнап отыр. Алыстан көптеген тұяқтардың көтерген шаңын көре салып, Зере таяғын шап беріп ұстады да, өз сиырының қарсы алдынан шығып:

    - Аят, Асыр, кешке Иманбай атаның үйінің артындағы далаңда кездесейік, - деп, алға қарай жөнелді.

    Қалғандары да, шыбықтарын алып, әр қайсысы өз малын іздеп кетті. Бүгін апасы Зереге жіңішке шыбықтың орнына ұзын, білектей таяқ берген, себебі олардың шұбар сиыры ерекше қиқар мінезді еді. Ол үйге өз еркімен ешқашан келген емес. Апасы да, Зере де аямай таяқпен ұрып-соқса да, сиыр аяғын тіреп, шексіз алқаптағы қатар-қатар жүгерінің бұралаң паясы желдің ыңғайымен теңселіп тұрған жерге қарай ұмтылады. Үкісі үлпілдеп, сүйсіндіріп шақырып тұрған қанттай тәтті жүгерінің толысқан собығына оны жолатпай, үміттенген жолынан тек таяқтың аяусыз соққысы ғана басын бері бұратын. Жүгеріні күзеткен Айқын деген қатыгез шал болмағанда, бәрі де түкке тұрмас еді. Бұл күзетші шал талай жылдан бері адасып келген біраз малды зақымдап үлгерген. Ол осыдан бір жыл бұрын өзінің сыңар ауыз мылтығымен, беті бүлк етпестен, Зерелердің сиырының бір көзін ағызып түсірген болатын. Бірақ қара сан малға оның сабақ болғаны күмәнді. Күн сайын, қасарысып, мақсатыма жетемін деп, көзін қызықтырған балауса азыққа қарай ұмтылып, апасы айтқандай, өз өлімінің қарсы алдынан шығатын. Зере таяқпен қос қолдап бар күшімен сиырды тоқпақтағаны сонша, оны әрең дегенде үйге қарай бұрды.

2
    Қақпа мен қораның есігін ашып оларды апасы күтіп тұр екен. Басын шайқап, жалғыз көзін қағып, шұбар сиыр қораның ішіне сап етіп кіріп кетті. Зере уһ деп, ұйпалақтанып кеткен шашын жинап, таяқты қораның қабырғасына сүйеп қойды.

    - Мына топас сиыр мені әбден жалықтырды, еш тыңдамайды, - деп Зере тостағанға су құйып, шөлін қандырды.
    - Не істерсің, - апасы иығын бір көтерді, - есесіне жүгеріден соң сүті одан да дәмді болады, - деп күліп жіберді.

    Алжапқышын киіп, даңғырлаған шелекпен қораға сиырды саууға кіріп кетті. Зере, сарайдың шатырын тіреп тұрған жуан ағашқа сүйеніп, сүттің дүркіреп қаңылтыр шелекке сорғалағанына біраз қарап қалды. Бұрышта байлауда әбден жалыққан бұзау енесіне қашан жанастырады екен деп тосып тұр.

    Шарбақтың қасынан жалғыз ешкісін жетектеп, таяққа сүйенген Ұмсынай деген кемпір өтті. Ол Зерелердің үйінің артындағы күркеде тұрушы еді. Зере осы әпенді кемпірді үнемі аңдып жүретін. Жалғыз-жалқы, сорақы кемпір қылығымен және диуаналығымен Зереге қорқынышты болып көрінуші еді.

    - Апа, Ұмсынай қайтадан біздің қасымыздан өзінің ешкісін сүйреп өтті. Неменеге оған сонша әуре болады? Соя салса ғой, уайым да жоқ.
    - Ешкіні сойып, әрі қарай не істейді? Кімнің қамын ойлады?
    - Білмеймін. Апа, мен барып ойнайыншы?
    - Бара ғой. Тек қараңғыға дейін кешікпе.
    - Мақұл.

03
    Иманбай атаның үйінің артында көрші балалардың барлығы жиналыпты. Арасындағы ересегі Асыр жапырып әңгімені соғып тұр екен.

    - Мен жаңа ғана Ұмсынайды көрдім, - деді Зере келе салып.
    - Сен оның дуагер, мыстан екенін білесің бе? - деп сұрады Асыр.
    - Жоқ.
    - Елдің баласын ұрлап, дуалайды да тасқа айналдырады, - деді Асыр сыбырлап, - оның үйінде қатар тұрған тас мүсіндерді өз көзіммен көргенмін. Ол басқа ауылдардың қатып қалған балалары, білдің бе?

    Уһ! – деді барлығы, үрейін жасыра алмай, ауыздарын кішкентай жұдырықтарымен қысып. Айналаны тез арада қараңғы басып, бұл әңгіме балаларға қорқынышты болып көрінді.

    - Жо-жоқ, - Аят келіспей, сол арада ептеп өтірігін қосып жіберіп, - менің Алмагүл әпкем айтқан болатын, ол кемпір түнде ақ көйлек киіп, шашын жалбыратып балаларды қорқытады деп. Сол үшін, далада ұйықтасаңдар, үлкендердің біреуінің қасына жатуларың керек. Онда ол сендерге тиіспейді, - деп қойды.
    - Не деген қорқынышты! – сыбырлаған балалар бір біріне қарап, артынша бажылдап жан-жаққа ұшып кетті.

    Ұмсынай болса, түк болмағандай, таң атпай қолына шыбығын ұстап, сексеуілдің арасына жайылсын деп, жалғыз ешкісін айдап бара жатады.

04
    Кеш сайын балалар құмары тарқағанша қуыспақ пен жасырынбақ ойнап, соңынан отырып алып, түрлі қорқынышты оқиғаларды әңгімелеуші еді. Күннен күнге Ұмсынай апаның бейнесі неше түрлі жан түршігерлік мән-жаймен қаптала берді. Түнде, тапшандағы төсекке жатқанда Зере апасы мен атасының ортасына тығылып, сұрайтын:

    - Ата, Ұмсынай ақ көйлегін киіп келсе, сен оны маған жолатпашы? – деп. Атасы болса:
    - Мен балапанымды ешқандай дуагер мен мыстанға бермеймін, әсіресе Ұмсынайға, сырыққа мініп, ұшып келсе де, - деп сәл күліп қоятын.

    - Жоқты әңгіме қылып баланы түнге қарай неменеге қорқытасың? – апасы оған ұрсып беретін, - Қайдағы мыстан? Бишара ғой ол! Байғұсты аяудың орнына онымен баланы үркіткенің не? - деп.

    Түнде, айдың бұлдыр жарығында сарай мен қора үп-үлкен, қорқынышты дәулерге айналғанда, Зере атасының бауырына тығылып, не де болса оны құтқарып алатынына сенетін.

    Ал апасы таңертең шелегін даңғырлатып сиырды саууға бара жатқан кезде, күннің нұрына толы әлем бір сәтте танымал және қауіпсіз бола қалушы еді. Бірақ, апасының: «бишара ғой ол! Байғұсты аяудың орнына онымен баланы үркіткенің не?» - деген сөздері есінен кетпейтін.

05
    Түс ауып, көлеңкеге жайғасып қолына ұршығын алған кезде, Зере қайта-қайта сұрап, апасын жалықтыратын:

    - Апа, айтшы, неге сен Ұмсынайды бишара дейсің?
    - Жаным-ау, оның саған керегі не? Бар, құрбыларыңмен ойнай ғой.
    - Неге? Айтшы, неге? – деп Зере де қоймайды.
    - Себебі ешкімі жоқ, ол бұ дүниеде жалғыздықты бастан кешкен адам.
    - Апа, ол неге ешқашан біздің үйге келіп шәй ішпейді? Басқа апалар келіп тұрады ғой?
    - Мен оны шақырмаймын.
    - Неге шақырмайсың?
    - Шақырсам да келмейді.
    - Неге келмейді?
    - Әй, беймаза, мағынасыз сұрақ қойып не қыласың? Одан гөрі ойнасаңшы, басымды қатырмай!

06
    Ұмсынай жарық дүниеге өзінің бұлдыр әйнекті жер үйінен сирек шығушы еді.

    - Онда күні бойы не істейді екен? – деп балалар таңданатын.
    - Ол дуалайды, білдіңдер ме? – деп Асырдың балаларды да, өзін де сендіргісі келуші еді. Сонда Ұмсынайдың кәрі, жалғыз болуы, және де баратын жері жоқ екені балалардың біреуінің де ойына кіріп шықпайтын. Шынын айтқанда, оның Нұрсұлу деген жасы біраз кішілеу туған сіңлісі бар еді. Нұрсұлу ауылда қара жұмыс істейтін. Үстінде оңып кеткен гүлді көйлек, мақтадан тоқылған күпәйке, аяғында керзі етік, аузында ешқашан тастамайтын шылымы. Не істеп, қайда жүрсе де, соңынан темекінің түтіні ілесіп жүретін. Бір заманда әсем, нәзік болған кәрі қыз Нұрсұлудың әлі күнге дейін бетінде бұрынғы көркінен қалған белгілерді байқауға болатын еді. Күлімдеген үлкен көздерінде, қызыл далаппен бояған ернінде, қатпарлы әжім айғыздаған әсем, сопақ бетінде қиын өмірдің таңбасы, ауыр соққыға, азап пен қайғыға талай ұшырағаны көзге бірден түсетін. Нұрсұлу ылғи күлімдеп жүретін, тіпті оны кәрі деп айтуға да болмайтын. Бірақ ашуын келтіру қиын емес еді. Құтырынса болды, екі ерні жіңішке болып қабысып, ызалы көзі сығырайып, биязы танауы жел астында жалбыраған жапырақ құсап, делдең-делдең етуші еді. Кішкентай ғана бетіне сондай жараспайтын ірі, күстенген сүйел қолдарын бұлғап, сирек тісін жалақтатып, ренжіткен адамды сөз таңдамай боқтап тастағанда, еркектер де ұялғаннан қызарып кететін. Ұмсынай әпкесін де онша аямайтын. Анда-санда таяғына сүйеніп, аяғын жәй басып Ұмсынай ауылдың басқа шетіндегі сіңлісінің үйіне қонаққа барушы еді. Баруын барып, сіңлісі айқайымен намысын қорлағанда, тез арада үйіне қайтып кететін, тағдырдың бұл тәлкегін де үнсіз басынан кешіріп.

    Бір жолы:

    - Неге қосылып тұрмайды? Бір бірінен басқа бұ дүниеде олардың ешкімі жоқ емес пе? - деп біреу сұраған болатын.

    Сондағы апасының:

    - Бір шаңырақты тіреп, екі қасірет орын табушы ма еді, - деп берген жауабы Зеренің ойында нық қалған.

07
    Күндердің бірінде Зере мен Аят үйдің көлеңкесіне көрпе төсеп, өзінің асыл қазынасын, түрлі матаның қиығын, ескі кесенің сынықтарын, қолдан жасалған қуыршақтарын жайып, ойнап отыр еді. Әбден ойынның қызығына түсіп, Ұмсынайдың таяғына сүйеніп, олардың істеріне күлімдеумен үңіле қарап тұрғанын байқамай қалыпты.

    - Ой – деп екеуі бірдей шиқ ете қалып, орнынан ұшып тұрды да – Сә-сә-сәлемет-сіз бе! – деді.
    - Амансыңдар ма, балақайлар! Сендермен бірге ойнасам қайтеді? – деген, басы қалшылдаған кемпірдің қатаң, жарғышақ дауысын естіді. Қорқыныш пен әуестік аралас сезімін жеңе алмай, екеуі де:
    - Мақұл, - деп лажсыз көнді.

    Таяғына сүйеніп, көрпенің шетіне уһлеп әрең отырды. Екі шыбықты көлденең айқыштап байлап, ақ шыттан тігілген басын мақтаға толтырып, бетіне көзін, аузын суреттеп салған қуыршақтың біреуін қолына алды да біраз оны жан-жағынан қарап отырды. Екі қыз болса кемпірге кәдіктене қарап қойып, шыттың қиықтарынан тігілген қуыршақтарының көйлегін ауыстырумен болды. Ұмсынай күлімсіп, біразға дейін олардың әлегін аңдып отырды. Бетінің әжімі шөл даланың аңызақ желімен бірге шайқалған құмның толқыны қусап, әрі-бері қозғалғаны. Балалар туралы ұмытып кеткен сияқты. Қимылдамай, терең ойға батып, аса ерекше өткір көзбен алысты қадап отырып қалды. Қиналғандай ауыр демін басып, қуыршақты орнына қойды да, таянып тұрып, үндемей үйіне қарай бет алды.

    - Мына қуыршақты тастайық. Менің ойымша, оны дуалаған сияқты, - деп шошыған Аят қуыршақты әрмен қарай құмға лақтырып жіберді.
    - Ал меніңше, бұл апа жақсы адам, - деді Зере біраз ойланып.
    - Барлық мыстандар жәдігөйленіп, сырттай мейірімді сияқты болғысы келеді, оларға сенуге болмайды, - деп Аят бой бермей қойды.
    - Жүр, не істеп жатқанын көрейік.
    - Кеттік.

08
    Екеуі кішкене терезеге жүгіріп барып жабысты, бірақ үйдің іші қараңғы екен, еш нәрсені көре алмады.

    Есік ақырын ғана сықыр еткен кезде Зере мен Аят селк ете қалды. Босағада түрі аянышты, зорлана күлімсіреген Ұмсынайды көрді.

    - Әу, балапандар, шәй ішесіңдер ме? – деп ол үйге шақырды.

    Кейін шегіну ыңғайсыз болғаннан соң, екеуі өздерінің батылдығынан үрейленіп, үйіне кірді.

    Кішкене ғана, төбесі өте аласа бөлмені буалдыр түнек жапқан. Бұрыштағы темір төсектің торы матрасымен бірге жапырылып кеткен екен. Оның үстіне сұр түсті, кір-кір жапқышты төсей салған. Ортада бірнеше кірпішке шеренің кесіндісін орнатып, оны ескі клеенкамен жауып қойған. Осындай, қолмен жасалған үстелдің айналасында ағаштан апыл-ғұпыл дерекі қаққылап құрған бірқатар жайдақ орындық. Қорқып тұрған Аят тас мүсіндерді іздеп, жан-жағын шолып шықты, бірақ дуаланған балалардың еш ізін таппады. Екеуі ақырайып, үндемей, демін ішіне тартып тұрып қалды. Тым-тырыс үйде жүректерінің қатаң дүрсілі естіледі.

    - Отырыңдар, балақайлар, отырыңдар, қазір, - деп қалбалақтап Ұмсынай пештің үстіне мыжылған жез шайнекті қойып, керосинді шамның тұтандырғыш пілтесіне апарып сіріңке жақты. Аздап жарық түскеніне қарамай, оларға бөлме бәрібір қорқынышты болып көрінді.

    Үстелдің үстіне біреудің жазулы дәптерін төсеп, кемпір оған құмшекерді септі де, қыздарға шәй құйып берді. Өзі, бір тілім нанды кесеге, сосын құмшекерге малып, шәйін сораптап ұрттады. Бара- бара құмшекердің бетінде сияның дағы көріне бастады. Бірақ, оған еш қымсынған да жоқ.

09
    - Ішіңдер суымай тұрып, - деп, кесесін қыздарға қарай жылжытты да, оларға тесіліп қарады:
    - Әй, балапандар-ай, мен ойындарыңа күнде осы терезеден қарап тұрамын, - дегенде екі қыз селк ете қалды. – Неге менен сонша шошыдыңдар? Қас адам емеспін, қорықпаңдар. Апаларың сендердей кішкентайларды өте жақсы көреді.
    - С-с-сіз осы түнде ұ-ұ-ұйықтайсыз ба? – деп, алыстан именіп бастап, Аят сұрақ қойды.
    - Әрине ұйықтаймын. Оны неге сұрадың, балам?
    - Басқалардың айтуынша сіз түнімен ауылды аралап жүреді екенсіз, - деді Зере, тіпті батылданып.
    - Ол не дегенің? - Ұмсынай күліп жіберді, - жетпістегі кемпірдің түнде қаңғығанын қайдан көріп едіңдер? Күндіздің өзінде маған аяқ басып жүру оңай емес, - деп.
    - Сіз балаларды дуалап тастамайсыз ба?
    - Не дейсің, қарағым?
    - Ел сізді балаларды тас мүсінге айналдырады дейді.
    - Тас мүсін? – Ұмсынай таңданды, - әй, балақай, өздерің ертегіні көп оқыған боларсыңдар. Жо- жоқ, мен қараңғыны кезіп те жүрмеймін, балаларды да тас мүсінге айналдырмаймын, тек осындай кіп-кішкентай қыздарды үйіме шақырып, шәй беремін, - деп тіссіз аузын созып күлгені екі қызалақтың алқымына тығылған үрейін жоғары итермелеп, демін алғызбай, баж еткізді. Ұшып тұрып олар есікке қарай ұмтылды.

10
    Түнде денесі әбден қызған Зере есінен айырылып, сандырақтап жатып қалды. Сырқау түсінде Ұмсынай кішкентай терезесінен басын созып:

    - Мен саған қас емеспін, мен ақ ниетті адаммын. Және де кішкентай бала десе, жаным қалмайды, - деп сыбырлады.

    Ертемен қызуы басылды. Үй тым-тырыс, тек терезеге ұрынып быжылдаған шыбынның және сағаттың тақылдаған дыбысы естіледі. Бір уақытта Зере есіктің артқы жағында апасымен атасының сыбырлағанын құлағы шалып қалды.

    - Кемпірдің көзі тиген. Талай ескерткенмін, балаларға үңіліп қарама деп, - апасының дауысы күбірледі, - көзі жаман оның. Әзірше бала жаздай осы үйде болғанда аулақ жүремін деп уәде берген еді.
    - Жаман ниетпен істеді дейсің бе? – деп атасы біреуді ақтауға тырмысты.
    - Оның ниетінен бізге не пайда? Қарасаңшы, балаңды әбден бұрап тастағанын. Көрдің бе өзін, жатағына шақыратын әдетті тауып алғанын!

    Зере кешегіні есіне алып, Ұмсынай туралы сөйлесіп жатқандарын түсіне қалды.

    - Аясаңшы, кейде жалғыздық деген пәле шыдатар емес. Әрдайым өзімен өзі. Балаларға басқаша қарау тәсілін сорлы білмейтін де шығар. Өзге жағдайда оның да осындай немерелері болар еді. Байғұсты құдай бір аямады. Он баласының біреуін тірідей қалдырса ғой, болашақ тағдыры мүлдем басқа болып, біреудің немересіне осынша құмарлана қарамас еді.
    - Мен оны аямайды деп ойлайсың ба? Қаншама балаға көзінің тигенін білесің бе? Міне, енді менің немереме де кезегі жетті. Кеше қисаңдап жылап келіп тұр, кешірім сұрап. «Көзімнің ауыр екенін білемін, амалсыздан болған жағдай ғой. Сенің балапаныңа жаманшылық ойлайды дейсің бе? Не үшін мені құдай жазаға тартты екен? Жалғыздықтан былай, жаман көз бергені», дейді. Үйіңе енді жоламаймын деп уәде берді. Ей, бишара-ай!... – деп Зеренің апасы демін басты.
    - Қараң қалғыр Ашаршылық! Қанша адамның тағдырын быт-шыт қылды!

11
    - Апа, шөлдедім, - деп шақырды Зере.
    - Күнім-ау, ояндың ба? Балапаным, қарашығым менің, кел, қызуыңды өлшейін, - апасы ернін Зеренің маңдайына тигізді де, екі бетінен сүйіп, - Аллаға шүкір, ыстығың басылыпты. Жүр, су ішкізіп, бетіңді жуайын, - деді. Зерені атасының алдына отырғызып, кесемен қайнаған су берді де, құмғандағы суды бетіне бүркіді. Бірдемені жәй ғана міңгірлеп, көйлегінің етегімен бетін сүртіп:
    - Енді бәрі де дұрыс болады, - деді.

    Апасының айтқаны дәл орындалды. Келесі күні Зере тапшанда ойыншықтарын жайып отыр еді. Ертеңмен, құмның бетін сәл жібітіп, шаңды басып, сіркіреген майда жаңбыр жауды. Атасы қалтасындағы кішкене дорбашадан алақанына аздап насыбайды септі де, бетін сәл тыржитып, тілінің астына сала салды.

    - Мол жаңбыр жауса ғой, жүгері мен жоңышқа көктеп шыға келер еді. – Атасы жыл сайын, күзде ұжымның малын Мойынқұмдағы қыстауға сонау Сары Арқадан айдап келуші еді. Сондықтан оның уайымының бірі малдың жемі болатын.
    - Біздің жақта ондай жауынды қайдан көріп едің? Осыған да шүкір, - деп апасы пештен хош иісі аңқып, жаңадан піскен бөлке нанды суырып алды да, біреуін үстелдің үстіне қойды:
    - Шетінен сындырып, май жағып бер балаға, - деп.

12
    Сонан кейін қалғанын кенеп асжаулыққа аудара салып, орайын деп тұрып, біраз ойланды да, бір бөлкені шалына ұстатты:

    - Ұмсынайға апарып бер, - деп.

    Атын ести сала, Зере орнынан ұшып тұрып, үйдің артына, кеше ғана құрбысы қуыршақты лақтырып жіберген жерге жүгіріп барды. Тастаған орнында жатыр екен. Қағып-сілкіп, оны тапшандағы басқа ойыншықтарының қатарына қойды. Өйткені, бұл қуыршақ ешқандай да дуаланған емес. Ұмсынай да бұларға ешбір қастық ойлаған жоқ. Мұны Зере сол кезде-ақ өзінің балалық адал жүрегімен сезген болатын. Көп жылдан соң, оның көзін айырмай қарауын есіне алғандағы Зеренің түсінгені, Ұмсынай өмірінің мерзімі аяқталуында өзінің рақымсыз тағдырын қорытып, ақиқатты танып, құдайдың оны неден айырғанын және қайғысының не деген зор екенін білгісі келгені. Мүмкін оған беймәлім, баяғыда ұмытылған құпияны соңғы рет сәл қозғап, өмірдің жалғасы – кішкене бала деген сыйдың дәл мәнісін әбден түсінгісі келген болар. Бір заманда ол да жаңа туған нәзік, үлпілдеген нәрестені бір емес, талай ұстаған, бірақ аяуды білмейтін уақыт ана сезімін есте қалдырмай, жоқ қылып жайпап тастаған. Әуелі оның, басқа кемпірлер құсап, кішкене баланың алақанының сырт жағын сүюге де дәті бармайтын. Сөйтіп Ұмсынайдың өткен өмірі тағдырдың желімен даладағы қаңбақтай ұшып-қонып, із-түзсіз жоқ болып кеткен. Шыжыған шөл даланың құйын желі істі біржолата аяқтап, жерді де, ауаны да, аспанды да, Ұмсынайдың көз жасын да кептіріп, қаусатып жібергені жалпыға мәлім.



© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Мотоцикл Вернуться к началу Шын жүрекпен кешір  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга