Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Модальность
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
   Учим всей семьёй
 Видео
  Разговорник
Пословицы
  Книга для чтения
С казахским не шутят?
Сказки
Песни
Статьи
Словарь
Ссылки и др.
Автор сайта
Ы. Алтынсарин
Қарға мен құрт
Сақып
Аурудан - аяған...
Малды пайдаға...
Жаман жолдас
Полкан деген ит
Бақша ағаштары
Өрмекші...
Бір уыс мақта
Тәкаппарлық
Сәтемір хан
Өтіріктің залалы
Алтын шеттеуік
Тышқанның өсиеті
Білгеннің пайдасы
Мұжық пен...
Айуанның естісі...
Әке мен бала
Сараңдық пен...
Мұңсыз адам
Салақтық
Ақымақ дос
Жомарт
Үнді
Байұлы
Лұқпан әкім
Таза бұлақ
Талаптың пайдасы
Әділдік
Үш ұры
Жан-жануар...
Баланың айласы
Киіз үй мен...
Дүние қалай...
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп...
Жылама, жаным...

Вернуться к
начальному
уровню

Жылама, жаным, жылама



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

Читать рассказ на русском языке

01
    - Арыстан, әй, Арыстан, иттің баласы-ай! Қайда жоғалып кеттің? Керекті кезде осы жүгермекті ешқашан таба алмайсың!

    Он жастың шамасындағы ірі ұл бала жол-жөнекей зақпысын қалтасына сұғып, асығыста шаң-шаң қолын көйлегінің кеудесіне сүртіп, аулада кірпіштен орнатқан ошақтың төңірегінде әрекет жасап жүрген менің анамның қасына жүгіріп келді. Үлкен қазанда бұрқылдап ет пісіп жатыр.

    - Қайда жүрсің сандалып? Қамыр жайып болғанымша ана балаға қарай тұр. Міне дегенше түскі тамаққа ата да келіп қалуы керек, ал мен еш нәрсені үлгермей жатырмын.

    Сөзіне бірден бағынып, Арыстан тапшанның қасына барды. Онда, жан жақтан жастықпен қымтап қойған сегіз айлық мен жорғалап жүрмін. Қолына алып, ләңгі ойнап жатқан бір топ балаларға қарай зымырап қайта ұмтылды. Ләңгі дегенің бар болғаны қорғасынның домалақ түйіріне жапсырған бір жапырақ тері. Одан былай ләңгі деп күні бойы тамақты да, ұйқыны да ұмыттыратын балалардың құмар ойынын атайды. Айналасында топырлап тұрған жолдастарының шыдамсыз айғайына еш мән бермей, Жайлаубай кезек-кезек екі аяғымен ләңгіні теуіп, ақылға симайтын айла шарғысын жасап, оны біресе жоғары, біресе төмен лақтырып қайта қағып алады. Ал ләңгі, жіппен байлап қойғандай, ұшып барып, аяғының ұшына қонады да қайтадан ауаны сызып өтеді. Менің анам айтқандай «өңкей бұзақылар» өзінің кезегін күтіп, қыбыр етпей ләңгінің ұшуын аңдып тұр. Ақырында Жайлаубай жаңылып, қорғасынның түйірі шаң жерге бұрқ етіп түсті. Сабыры таусылған балалар мәз болып ду ете қалды.

    - Келесі кім? Болсаңдар тез! Қане!

    - Арыстанның, Арыстанның кезегі! Ей, Арыстан, созба!

    - Ала тұршы, - деп мені Арыстан Жайлаубайға ұстатты. Қыңқылдағанымды ести салып, шиқылым айқайға көшпей тұрып, қайта қолына алды.

    - Мақұл, мен соңыра... Сапа, сен шық, - деді.

02
    Сапа ортаға қарғып шықты да, аяғымен ләңгіні аударып түсіріп, іске қызумен кірісті. Арыстан мені қайтадан Жайлаубайдың қолына ұстатты, мен тағы да қыңқылдай бастадым. Әдеттегідей қолдан қолға көшіріп, біртіндеп бөтен балаға үйреткен сияқты. Жайлаубай Сападан көзін алмай, мені бір икемсіз түрде селкілдетіп, тынышталатын шығар деген үмітпен ысылдап қояды. Арыстанның қолы босап, баяғы әдетімен алақанын өз көйлегіне сүртіп, ләңгіге ұмтылды.

    Балалардың ортасына шыққанын байқап, мен айғайды салдым, бірақ оған ешкім де мән берген жоқ, себебі құрдастары үшін Арыстан ең үздік ойыншы болатын. Ләңгі менің шыдамымды әбден бітіріп, ұзақ уақыт біресе жоғары, біресе төмен ұшады да, жерге түспей, дәлме-дәл Арыстанның аяғына келіп қонады. Балалар, ойынның ережесін бұзбасын деп, уақытында ләңгіге аяғын тосқан Арыстанның әр қимылын өткір көзбен аңдып тұр.

    Бір кезде анамның:

    - Арыстан, бала неғып жылап жатыр? – деген наразы дауысы істі бұзып, ләңгі аяқтан қиыс өтіп жерге сылқ етіп түсті. Арыстан лажсыздан мені апыл-ғұпыл Жайлаубайдың қолынан алып, бауырына қысты.

    - Ей, ақымағым-ай, көрдің бе, саған бола жеңіліп қалдым, - деп жасқа толы көзімді байқап,

    - жылама, жаным, жылама, - деп екі бетімнен сүйді.

    Соқпақ жолдың сонау шетінде атқа мінген менің атам көрінді. Шаңды көтеріп үйге қарай асықпай келе жатқан жануарды сәл қамшылап қояды. Балалар шегініп жол берді:

    - Ассалам алейкум, ата! – деп.

    - Аликум ассалам, балалар. Арыстан, алдағы кішкентайды қалай ұстап тұрғаның? Құлатып аларсың? - деп маған тұнжырап қарады да аттан түсіп, оны қисық шарбақтың діңгегіне байлап қойды. Атам мені онша еркелетпейтін, себебі әкем оның жалғыз ұлы болған соң түсінігінше бірінші немересі ұл болуы керек еді, бірақ өкінетіндей мен қыз болып тудым. Атам қайтқан жылы мен бес жаста, ал оның аңсап күткен ұл немересі, менің інім, бір жаста еді. Бірақ бүгінгі күнге дейін анық білетінім, атамның маған деген жүрегінің түбінде бір ерекше тынымды сезімінің бар болғаны. Балалық шағымнан қалған бұлдыр елесімде ол кісінің сәл күлімдеп алыстан менің қылықтарыма қарап отырғаны, қарайып күнге күйіп кеткен бетіндегі ерекше нұрланған көздері. Оны мен ешқашанда ұмыта алмайтын сияқтымын.

03
    Анам қолындағы ожауын былай қойып, алдынан шықты да қымсынып, жай ғана:

    - Ата, қолыңызды жуыңыз, тамақ дайын, - деді.

    Көзін жерден көтермей, жап-жас, әзірше ұл немере тауып бермеген келініне басын бір изеді де қасынан жүзін еш жібітпей өтіп кетті. Екі қолын жан-жаққа жайып, буындары қабынған аяғын теңселе басып, көзі жарқыраған күн астында сығырайып, үйден апам далаға шықты.

    - Әй, шал, кел отыр. Көріп тұрған шығарсың, келініңнің тамағы даяр болды, - деп уһлеумен тапшанға мініп құрақ көрпенің үстінде шашылып жатқан жастықтардың арасына барып отырды. Ортада аласа үстелдің үстінде жайпақ табақта қазаннан енді түсірген ыстық қамыр мен ет. Апам әрқашан ыңғайы келсе болды, шалының алдында өзінің шапшаң және пысық келінін мақтап қоюды ұмытпайтын. Оның бірінші қыз тапқанына уайым тұрмақ, мән де бермейтін.

    - Жас қой, бұлардың бүкіл өмірі әлі алда. Ұл баланың талайын тауып берер бізге, - деп күйеуін жұбатушы еді. Атам үңірейген көкпеңбек көзімен кемпіріне тесіле қарап, сөзін онша жақтырмай басын шайқайтын еді. Апам күліп, қолын сермейтін:

    - Тарт әрмен қарай тұздай көзіңді, тесіп жіберерсің. Тек немерелеріме тимесе екен осындай көз, іші шалпылдаған су ма? – деп.

04
    Атамның көзі көк, қаныққан қою күлгін түсті болып құлпырған, қазақтар онша жақтырмайтын көз еді. Апамның түсінігі бойынша әдемі деп тек қарақат әлде қой көзді айтуға болатын. Ол кісінің тілегіне сәйкес мен де, інілерім мен сіңлілерім де қой көз болып туыппыз. Менің ойымша, апам намазын оқығанда оны құдайдан сұраған, ал құдай өтінішін естіген болар. Кейде осы маған, тым болмаса балаларыма атамның көзінің тимегеніне өкінетінім де бар. Дегенмен неге сонша қиналатынымды өзім де түсінбеймін. Мысалы ұлымның көзі сұр мен көк түс араласқан, ол да өте келісті болып көрінеді екен. Бірақ, атама ұқсаған, теңіздің тереңіндей көк көзді осы күнге дейін қазақ тұрмақ, орыстар мен немістерде де көрген емеспін.

    Атамның күйінуін түсіну қиын емес еді. Көп баланың арасында жалғыз аман қалған ұлы менің әкем болатын. Енді, жетпіске аттағанда үндемей бар жігерлігін жұдырығына түйіп, үзіліп кете жаздаған тұқымын қалай да болса жалғаймын деп ұл бала немересін күтіп жүрген адам еді. Өзінің руы – тарақты жалайырлар атамды ізгі ниетпен қадірлейтін. Кейін, мектепте оқып жүріп, бар болғаны ауылдың сиыршысы, атамның алдында неге елдің шегініп жол беретінін ұқпай таңғалушы едім. Бұл мәселенің мән-жайына мен біраз жылдардан кейін, атам дүниеден озғанда ғана түсініп жеткен сияқтымын. Кей күндері тым кешігіп, үйге түнге қарай үндемей, әбден шаршап келуші еді. Апам сонда сәл кекетіп сұрайтын:

    - Иә, таптың ба байлығыңды? Кең даланың бәрін қазып тастамассың. Қоймайсың ба бұл ісіңді? – деп.

    - Сөйлеме, кемпір. Онда не шаруаң бар еді? – деп атам қолын бір сілтейтін.

05
    ***

    Ежелгі қазақтың даласына сырттан келген ислам діні, орыстың отаршылдығы, кеңес өкіметі біздің шетте қалған жаққа біраз кешігіп жеткен. Бетпақдала мен Мойынқұмның шөл аумағы бұл жердің тұрмыс салтын қорғаштап, көпке дейін бөтен әсерді жуытпаған сияқты. Ауылдың шалы мен кемпірі намазын оқып, арасында жергілікті молданың әрекетіне сырттай зілсіз әзілдеп, қиын жағдайда Алла мен осы елді шынайы Жаратқан Тәңірге бірдей табынатын. Дегенмен өзгерістер біртіндеп бұнда да өз орнын тапты.

    Менің Алдаберген атам Тоқтамыс деген атақты байдың ұрпағы еді. Жалған ат қоюға шебер, тұспалдап сөйлейтін ауылдың жұрты аласа бойы үшін «Әлди-әлди» деген бесік жырының сөзін сәл өзгертіп, атамды Әлдей деп атап кеткен екен. Осы атыменен ғұмырын басынан аяғына дейін кешіп, елдің және бала-шағасының есінде Әлдей боп қала берген. Кеңес өкіметі келгенде экспроприацияның себеп-салдарымен атам басты жеке меншігінен айрылып, бала-шағасын, үш пе әлде төрт әйелін жиып, сақтап қалған мүлігін бірнеше ат пен арбаға артып, Түрікменстанға қашып құтылған. Түнімен жапан түзді кезіп, күндіз ары-бері даланы жортып жүрген атты қызыл әскерлердің күзетінен тоғайлардың ішіне, өзендер мен көлшіктердің жағасындағы қалың қамыстың арасына жасырынып сақтанған. Қашқындарды, нәресте әлде шал-кемпір болсын, аямастан түгелдей қырып тастайтын. Дүниені емес, тірі жанын құтқару керек деген түсінікке жеткенде, өзімен бірге қашқан бірнеше қызметкерлеріне мидай далада алты қанат үй сиятын орды қаздырады. Қалған мүлігін сол киіз үйге тығып, үстінен топырақпен толтырып жауып тастатады. Осы оқиғадан он бес - жиырма шақты жыл кейін дүниеге келген менің әкемнің айтуынша, болашақта бәрі орнына түсер деген үмітпен қазған орда әйелдерінің санымен сол заманда аса қымбат үш-төрт «Зингер» тігін машинасын, жібек, мақпал, баршын, қамқа, атлас, қыжым, мақта маталардың бумаларын, қолдан жасалған парсы және басқа да сапалы кілемдерді, түрлі-түсті текеметті, күрделі өрнекті жеңіл сырмақтарды, кенепке оралған бұлғын мен түлкінің терісін, аң терісімен қапталған ішіктерді, тымақтарды, неше түрлі қымбат затқа толы, асқан шебердің қолымен жасалған сандықтарды, күміс тостағандарды, күміспен қапталған ер-тоқымдарды, тағы да талай басқа заттарды қалдырған дейді. Өздерімен бірге қол орамалға тығыздап буып алғандары тек әйелдерінің көйлегінің бүкпесіне жасыруға жарайтын алтын және күміс замартас, меруерт, лағыл тасты сырға, алқа, шомбал білезіктер және басқа түрлі зергерлік бұйымдар. Кездейсоқ адам көңілін аудармасын деп, қыздарының құлағынан сырғаларын, шашынан шолпысын шешіп алған. Шамасы жол-жөнекей талай қиыншылықты бастан кешірген болу керек.

    Бөтен жерден аман-есен өтеміз деп, жолда тамағы мен қауіпсіздігінің ақысына сырға, сақина мен алқаны төлем ретінде беріп, дегенмен Түрікменстанға да жетеді. Осы сапарында атамның неше баласымен әйелінен айрылғаны белгісіз, бірақ білетінім, ол кісінің Түрікменстанда төңіректегі елге белгілі етікші болғаны. Өстіп айтарлықтай сиреген жанұясын керек-жарақпен қамтамасыз еткен екен. Бұрынғы молшылықта шалқақтап өмір сүрген атамның тіккен етігі көпке дейін желінбейтін, өте мықты болған дейді. Аяқ киімнің табаны мен былғарыдан пішілген үстін арнайы ерітіндіге жібіткен шидің сабағымен қусырып тіккен екен. Елдің айтуынша, етіктің табаны әбден тозып тесілсе де, бірде бір тігісі үзіліп, әлде орнынан тайып кетпеген екен.

06
    Әйтеуір, кейбір дереккөздер бойынша қазақтың үштен екісін баудай түсірген ызғарлы ашаршылық басылайын дегенде, елдің жағдайы түзеліп, жөнге түсе бастағанда атам да елге қайтып келеді. Қаптаған бала-шаға да жоқ, әйелінің біреуі де жоқ, у-шу болып аттанған көп жанды отбасынан қасында қалған тек жалғыз ересек қызы Зүлпия. Келгендегі тапқаны әбден жүдеп тозған ауыл. Баяғы байтақ жұрт байқарлықтай сиреп кеткен. Күтіп алған азғантай туысының арасында аман қалған үш атадан келе жатқан бауырлары, ағайынды Балмағамбет пен Қалмақан еді. Ашаршылықтың салдарынан бос қалған көршілес тұрғын үйлердің біреуіне қоныстанып, атам ауылдың сиыршысы болып орналасады. Бастауыш мектепке қызын берген жоқ, себебі жаңа билікке деген сенімі әбден үзілген болатын. Ал Зүлпия апам болса, сол бетінде сауатсыз болып қалған. Ол кісінің айтуы бойынша, Түрікменстанда бір молда ислам дінінің ежелерін үйреткен екен, білімінің бар болғаны сол. Үйге қонақ болып түскен ағайын жігіт болмағанда, атам мектепке әкемді де бермес еді. Есіктің алдында жалығып жүрген жеті жасар баланы көріп, ол кісі атамнан:

    - Балаңыз не ғып сандалып жүр бұнда? Мектепке неге бармайды? – деп сұрапты. Оған атам қолын сермеп:

    - Көз алдымда болсын. Бұдан басқа мені бұ дүниеде ұстап тұрған еш нәрсе қалған жоқ. Қасымда жүріп өссін, бір күні өзім құсап сиыр бақса да, аштан өлмес, - депті.

    Қонақ жігіт өте тапқыр екен. Жағдайды бірден түсініп, жуықта кеңес өкіметі заң шығарды деп атамды қорқытыпты. Мектепке бермеген балаларды жетімдер үйіне өткізіп, ата-аналарын түрмеге отырғызады деген сөзді естіп, бастан ауыр қайғы мен азапты кешкен атам оған шын жүрекпен сенген екен.

    - Бұл өкіметтің қолынан келмейтін кесапат жоқ. Ескерткеніңе рақмет, балам. Пәледен аулақ жүрейік, одан гөрі мектепке барғаны дұрыс болар, - деп, оған аудан орталығынан баласына мектепке киетін форма мен портфель алуға ақша беріпті. Бірақ ұлын көрші ауылдағы интернатқа өткізуден біржолата бас тартқан екен. Сол қонақ жігіттің күнделікті шаруасымен үйдің қасынан атқа мініп өтетіні абырой болыпты. Таң ертең әкемді мектепке алып кетіп, кешке қайтып әкеліп тұрыпты. Кейіннен атам күн сайын арбаға жуас мәстек биені жегіп, мектепке өзі апаратын болды. Кешке, соңғы сабақ аяқталғаннан біраз уақыт бұрын келіп, ауласында асықпай өмірінің басты маңызының далаға жүгіріп шыққанын күтіп отырады екен.

07
    Туған жерге оралып, атам ұзын бойлы, сымбатты, ақтәнді, өзі бұрыннан сүйген Үрбаланы кездестіреді. Бір заманда маған тоқал бол деп, атам Үрбалаға сөз айтқан екен, бірақ ол тұздай көк көзді, ұрпақтан ұрпаққа аттан түспеген ата-бабасы сияқты қисық аяқ байдың тұқымы, бекзада жігіттен бас тартқанын жасырмай, бетіне қарап тек күлетін екен. Оның үстіне атамның бойы Үрбаладан әлдеқайда аласарақ еді. Әбден өкінтіп, Үрбала ұзын бойлы болыстың хатшысы ма, әлде көмекшісі ме, әйтеуір бір белсенді жігітке тұрмысқа шығыпты. Оған неше бала туып бергені сол бетінше белгісіз түрде қалды. Әр жанұяның өз ақ табы болады екен. Отызыншы жылдардағы аштықта тек екі қызы аман қалады.

    Атам талай жылдан кейін кездестірген әйел бұрынғы Үрбалаға еш ұқсамайтын. Желпініп, күлім қаққан көздері сөніп, ару қызға лайықты менмендігі мүлде жоқ болып кетіпті. Жарқыраған екі қатар ақ маржандай тісі де, жеп-жеңіл жүріс-тұрысы да қайда қалғаны белгісіз. Жақындарын жерлеп, екі қызын Қарағандының төңірегіне ұзатып, Үрбала ауылда жалғыз қалыпты. Қасіретке толы жылдары тіпті ұмытылған, осы ғажап, бұрын шәлкез мінезді, енді 40- жастан жаңадан асқан саналы әйелге деген ынтықтығы атамның жүрегінде жаңадан оянған дейді. Бұл жолы Үрбала оның ұсынысын бірден қабыл алады. Мүмкін себебі - көз алдынан кетпейтін аштық пен азаптың кесірінен өмірден өшкен туыстары болар. Аялы өткір қой көздерінде үрей мен қорқыныш қана орын тапқан еді. Атам да бұрынғы оны өкшелеп аңдыған асқақ мінезді байдың ерке баласына еш ұқсамай, өткенде және мүмкін болашақта кездесетін сұмдықтан қорғауға шамасы келетін, ауыр өмірдің шығынымен әбден шындалған ер адамға айналған еді. Бір жылдан кейін олардың жалғыз ортақ баласы – менің әкем дүниеге келді. Ал жеті жылдан соң, желтоқсан айына жуық, үйге қонаққа келген жігіттің тапқырлығының арқасында әкем мектептің босағасын аттады.

08
    Әлдей атамның даланы шарлап, көмген қазынасын іздегеніне талай жыл болып еді. Бір заманда қалдырған белгілерінің біреуін де таппады. Байтақ Ұлы Дала атам заманғы дәстүрінен айнымай, құрсағына түскенді адамның тұрақсыздыққа толы көзінен нық сақтаған. Елдің ғасырдан ғасырға жылай-жылай төккен көз жасын, аққан қанын, қаза тапқандардың сүйегін, сансыз қасірет пен апатты жаңадан дүниеге келген ұрпақтардан қамқорлықпен мәңгілік бойы жасырып келеді. Себебі, еш адамның жүрегі жердің бастан кешірген сынауының азғана түйірін де көтере алмас еді. Байсалды, жым-жырт дала желі, жаңбыры, боранымен өткен-кеткеннің белгісін аямастан жойып, өзінің жып-жылы самал жел, көктемгі гүлдеу кезең, кәрлі қыс, сұрапыл аяз, боран, жазда қаулап өскен шөп, емін-еркін жайылған сансыз жылқы мен қой, жайқалған бидай, жоғарыда шырылдаған бозторғай, көкте қалықтап жүрген бүркіттер, алыстағы, көзді әбден қандыратын тау жотасының қар басып, күннің астында жарқырап тұрған шыңдары сияқты байлығымен жаңа ұрпақтарымен кеңінен бөлісіп, оларға пана берген.

    Сөйтіп тағы бір зарды шегіп, амалсыздан тағдырға көніп, туған жерінде өз жұртына қадірлі болған атам, құдайдан күн сайын аман қалған екі баласына саулық пен бақыт сұрап, күнін әрі қарай кешкен екен. Ал соғыс сап еткен кезде атамның жасы елуге жақындапты. Нашар денсаулығына бола аскерге алынбады. Шынын айтқанда, майданға ұмтылуы да шамалы еді.

    - Осы соғыста немді тауып, немді жоғалтып едім? Қарғыс атқан өмір мені мына кішкене баламнан басқаның барлығынан айырды. Бұны тағдырдың еркіне тастап бөтен жерде қанымды не үшін төгемін, айтыңдаршы? Далама келіп, айыпсыз елімнің астаң-кестеңін шығарып, оны ағыл-тегіл жойып, жинап-тапқан дүниемді быт-шыт қылып, енді өздерінің жерлерін қорға дегені ме? Сонда кімнен қорғауым керек? Танымайтын, ешқашан көрмеген немістен ба? Жоқ, қарақтарым, бұл жағдаймен мен келісе алмаймын. Үлкен ұлдарым тірі болса онда бір жөн. Бәлкім соғысқа да барар еді. Тек бізді шайқасқа айдап отырғандар балаларымды қырып соққандардың өзі емес пе? Сол жау менің жеріме келсе ғой, жағдайды түсінуге болар еді. Өмірімді аямас едім, ал олардың айдаладағы Мәскеуін қорғамаймын! - деуші еді атам.

09
    Зүлпия әпкем атамның тоқалы туып берген кенжесі еді. Бала кезін ойына алғанда, өзінде үлкен аға, әпкелері, ал әкесінде үш әлде төрт әйелі болған сияқты деуші еді бізге. Сол уайымсыз, бақытты шағынан есте қалғаны жап-жас, үстіне қымбат шапан, басына бұлғынның терісімен әдіптеген бөрік киген әкесі атын айдап үйге келе жатқаны. Кішкентай Зүлпия құшағын ашып алдынан жүгіріп шыққанда, ер тоқымнан еңкейіп, қызын екі қолымен қапсырып көтеріп алдына отырғызады да біраз қыдыртып, сұрайтын:

    - Ал, қызым, айта ғой, бүгін мына қатар тұрған үйлердің қайсысына қонатынымды? – деп.

    Сонда Зүлпия саусағымен кез келген үйді нұқып, жататын жерін анықтап береді екен. Тағы бір есінде қалған көрініс: бір сызықтың бойында орналасқан сансыз қос қақпалы есіктер. Бірі арқылы біріне жалғасқан қатар тұрған үлкен ақ киіз үйлерді сол есіктер арқылы зыр жүгіріп аралап шығады екен. Керегелері түгел парсы және түрікмен кілемдерімен жабылған. Тізіліп тұрған батпандай күміспен қапталған сандықтар, өрнек салған кереуеттер. Олардың үстіне кілем, сырмақ, атлас және жібек көрпе, жастық үйіп қойған. Үйден үйге секеңдеп жүгіргенде бұрымындағы шолпыларының бір ғажап, тек балалық шаққа тең шылдыры әпкемнің есінде біржолата қалған.

    Атамның әйел-бала-шағасының қалай қырылғаны, оның егжей-тегжейі біз үшін сол бетімен мәлімсіз болып кетті. Өзі өмірінің аяғына шейін ол туралы үн қатқан емес. Менің байқағаным, ауылдағы шал-кемпірлер қатарынан бастан кешкенін еске алуды жақтырмаушы еді. Қазақтың алдын ала ескертетін сөзі бар «тіл тигізбе» деген. Біреу үнін шығарып алдағы мүмкін болатын қауіпті жағдайды әлде өткен-кеткен бірталай қайғы мен қиыншылықты есіне түсірсе, оны тіліңді тигізбе деп қағып тастаушы еді. Көрген азабы шыдатпайтын, жанға батарлық болған соң, ондай жайға тіл тигізуден көпшілік бас тартатын. Себебі: «аман қалған балаларымыздың басына пәлені өзіміз тілеп алмайық» - деген ой. Бұл ырымның қорқынышты болғаны соншама, тіпті алды-артын ойламай сөйлегеннің сөзінен көпшілік сілейіп те қалатын. Ал біреудің кішкене баласын көргенде қарт кісілердің көзінің жайнағанын айтсаңызшы! Бетінен әлде маңдайынан сүюге бата алмай, балапанның қолын алып: «Айналайын, бақытты бол!» - деп, алақанының сыртына сәл ғана ернін тигізуші еді. Бұл кісілердің ғұмыры балалық шағынан бастап, ғасырдың кезек-кезек көрсеткен апатымен қабаттасып өткен. Көбі қазан төңкерісінде, азамат әлде отан соғысында, кейбірі ашаршылықта әке-шешесінен, бауырларынан, бала-шағасынан айрылған болатын. Ұлы мен қызы бар Әлдей атамды ел бағы бар адам деп санаған. Біздің ауылда бір-екі, бес-алты, ары кетсе он, одан да астам баласынан айрылып жұрдай жетім қалған шал-кемпір аз емес еді. Қатарынан, бірінің артынан бірі сахара даланы таптаған күйзеліс пен апат шөпті шапқан шалғыдай халықты жайратып жіберді.

10
    Соғыс аяқталған соң төрт жылдан кейін біздің үш атадан келе жатқан туысымыз Қалмақанның көптен күткен Арыстан деген жалғыз ұлы дүниеге келеді.

    - Арыстандай мықты, жүрек жұтқан батыр болып өссін! – деген екен әкесі, баласына қазақтың нанымы бойынша осыншама мәнді ат қойып. Сол сөзін ақтап, Арыстан, ауылдың көптеген қыздары қиялдаған, ірі, кең иықты батыр болып өсті. Мектепті бітіріп, Жамбыл қаласындағы педагогика институтына оқуға аттанды. Ол кезде біз қалаға көшіп кеткенбіз. Ал менің әкем дәл сол институтта бір кафедраның меңгерушісі болып қызмет істейтін. Қалмақан атамыз келіп, баласын әкеме өз қолымен тапсырды:

    - Міне, Сламбек, жалғыз ұлымды сенің қамқорлығыңа бердім. Өзің білесің, бұдан басқа менде ешкімнің жоқ екенін. Көзіңді алмай оқытып, ұлыма жақсы әйел тап. Бес жылдан соң аман-есен қайтарып берерсің, – деп.

    Жатақхана туралы бірде бір сөз айтылған жоқ. Ол менің нағыз ағам болған соң, біздің үйде жүре берді. Бір жолы Арыстан Алматыға барып, қызық оқиғаның қақ ортасына түседі. 1968 жыл еді. Шакен Аймановтың «Тақиялы періште» атты өзінің әйгілі комедиясын түсіріп жатқан кезі еді. Арыстан фильмнің көпшілік көрінісіне тап болған екен. Күлімдеген жүзі экрандағы кадрда бір сәтте ғана жылт етіп өте шықса да, клубтағы бірінші көрсетіліміне ауылдың барлығы жиналды.

    - Әне, әнеки біздің Арыстан, тобырдың қақ ортасында! – деп, орнынан ұшып тұрып, ел айқайды салды.

11
    ***

    Арыстан өзімен курстас ару қыз Гүлсараны жоғары білім туралы дипломымен бірге алып келіп, үйге келін ғып түсірді. Қалмақан атамыз шаруақор қожайын еді. Үлкен үйінің ауласында өсіп тұрған бірнеше қарағаштың астына ағашты қаққылап ұзын-ұзын үстел мен сәкілерді орнатып, той жасады. Қалмақан ата мен Үркен апаның қуанышқа бөленіп жүрген кезі шілде айының аяғы еді. Ауылға жазғы демалысқа біздің келгенімізге екі айдай уақыт болған. Арыстанның тойы біз үшін ең басты, қызықты оқиға еді. Мен болсам күні бойы Үркен апаның үйінде тыпырлап, ұршықтай үйіріліп жүріп, Арыстанның қалыңдығымен достасып та үлгеріп алдым. Беташардан бұрын келіннің жүзін көрсек деп айналада қаптап жүрген әуесқойлардан жасырынып, Гүлсара далаға шықпайтын. Көбінесе Үркен апаға көмектесіп, үй ішіндегі шаруамен айналысып жүрді. Қонақ кіріп келсе, түкпір бөлмеге барып, басын ақ жаулықпен бүркеп отыратын. Гүлсараның үйді жинап, әлде дастарқанның жағасында Қалмақан ата мен ол кісінің ағасы Балмағамбет атаға төмен қарап отырып шәй құйып бергенін көрмегендей, оңашада жанына жайғасып алып, орамалдың астына қылтиып бала құмарлығыммен көз тастаушы едім.

    - Сен өте сұлусың! – деп қуана сыбырлайтынмын.

    Гүлсара болса сылдырлап күліп, құшақтап, төбемнен сүйетін:

    - Жаным, енді мен сенің жеңгең боламын, - деп.

    - Мәңгі-бақи ма? – деген сұрағыма одан бетер күліп:

    - Әй, ақымағым-ай, әрине! - деуші еді.

    Көшеде құрбыларым кездесіп қалса, қасынан асқақтап өткенде, олар жеңімнен тап беріп ұстай алып:

    - Болды енді, қақаңдамай. Өйткенше келіндерің туралы айтып бер. Бізге де қызық қой. Өзі әдемі ме? – дейтін, мен Арыстанның қалыңдығын сөзбен толық суреттеп бере алатындай.

    - Өте сұлу! Неменеге асығасыңдар? Тойда көресіңдер ғой, - деп еңсемді биік ұстап, асыққан болып безіп бара жатсам, артымнан:

    - Өзін кереметпін деп санауын қарашы! – деген кекетшіл дауыстарын естуші едім. Ішімнен жеңгеме деген бір мақтаныш сезім пайда болып, Гүлсараны Арыстаннан басқаның барлығынан қызғанатынымды байқадым.

12
    Менің әке-шешем жұмысынан демалыс алып, ауылға тойдан бір апта бұрын келіп қалды. Мамам үлкен келін ретінде той дайындауын өз қолына алды. Ең алдымен туысқан жігіттерді УАЗбен аудан орталығына алжұмыр, қияр және қырыққабат әкеліңдер деп жұмсады.

    - Соншама көкті не қылайын деп едің? - деп таңданған Үркен апаға:

    - Қазан-қазан ғып ет асу жетер, дастарқанды түрлендіретін уақыт келді. Қонақтардың алдына салат қоямыз, дәмді және көзге тартымды болады, - деп мамам жауап берген еді.

    Тойдан бір күн бұрын кешке таман көкөніске лық толы УАЗ да келіп қалды. Ертемен ауылдың барлық келіндерін жинап, оларға пияз бен алжұмырды, қиярды, қырыққабат пен сәбізді жуып, тазалап ұсақтап турауды міндет қылып, қатарынан тұрғызып қойды.

    - Естідіңдер ме, біздің Меруерт қонақтарды шөппен тойдыратын болыпты? - деп ауыл-аймақ біраз шулап қалды.

    - Апыр-ай! Тіпті орыс пен неміс құсап. Қалада тұрып, неше түрліні көрген шығар.

    - Мейлі, әйтеуір тойда ауыз тиерміз.

    Үркен апамның бүкіл ауылға белгілі сепараторы сүттің қаймағын айырып аулада күні бойы істеп тұрды. Сосын оны үлкен шара табақтардағы қырыққабат, сәбіз және пияздан жасалған салатқа қатты. Бұрын естімеген таңғаларлық істі қызық көрген көрші кемпірлер қайта-қайта келіп көз тастап жүрді.

    - Е-е, бұрын тойды ет, қазы-қарта, жаяның мөлшерімен бағаласақ, енді қонақтың жеген шөбімен сынайтын болыппыз, - деп сенің кіремей бастарын шайқап қоятын.

    - Ой, апа, неменеге алдын ала уайымдайсыз? Кешке жақын дәмін татып көресіз. Ұнамаса басымды кесіп алыңыз, - деп менің мамам күлетін.

    - Ойпырмай, айналайын, басымды кес дегенің не? Өзің білерсің, қалада тұрасың ғой. Біз бар болғаны ауылдың қараңғы кемпіріміз. Бізге қарамай ісіңді істей бер, жаным. Жастар бақытты болсын! – деп кемпір басын бір изеп, екі қолын артына салып, өз шаруасымен кететін. Алдын ала айтып қояйын, той аяқталғанда дастарқандағы салат салған ыдыс түбіне дейін босап, үйіп қойған еттің жартысы таңғаларлықтай, жайпақ табақтарда сол бетінде қалды.

13
    ***

    Сырттан деген бақандай нашар тұқымды сабалақ төбет онда-мында зыр жүгіріп жүрген елге арсылдаудан шаршап, мойнындағы шынжырын сүйретіп, иткүркенің жанында ыстықтан әлсіреп жатыр еді. Тілін салбыратып, айналадағы опыр-топырға көзін салып, оған тіпті көңіл бөлмей, сәл ғана құйрығын бұлғаңдатып қояды. Тойға деген дайындық бірнеше күнге созылды. Аулада асығыста кірпіштен орнатқан бірнеше ошақта ертеден түнге дейін сақырлаған қазандар, қызған майда шытырлаған шелпек. Үйдің артында қой сойып, отын жарып жатыр. Біреу жентке толы үлкен кастрөлді алып келіпті. Жуып, сүлгіге жайып, күнге кептірген өрік, мейіз, жаңғақ, құрманы Үркен апамның жиен қыздары таза шыныдан істелген ыдысқа реттеп салып жатыр.

    Ақырында көптен күткен салтанат кеші де басталды. Қонақтарға аппақ дастарқан жабылған ұзын қатар үстелдерді даярлап қойған. Тізіп қойған табақтар ет, қазы, жая, бауырсақ пен шелпекке толы. Арасына әлдеқалай табылған көлемді шыны тостағандар. Оларды түрлі салатпен толтырып қойыпты. Қонақтар аң-таң болып бір-біріне қарап қояды да үстелдің жағасына келіп, құрақ көрпе төселген сәкілерге отырысып жатыр. Ыстық күнге қарамай еркектердің бәрі де қара кәстөм-шалбармен ақ көйлек киген. Әйелдердің түрлі түсті, жалтыраған сәнді көйлектері кримплен, жібек, баршын мен панбарқыттан тігілген. Ал қараңғы түскен кезде ағаштардың бұтағының арасына ұзын сымның бойына тізіп қойған электршамдардың жарығында сырға, сақина, білезік, алқалар... онымен бірге елдің алтын тістері жалтылдап шыға келді. Ауылдағы клубтан микрофон мен кассеталық магнитофон әкеліпті. Жазғы жылы ауаны теңселтіп Дос-Мұқасан тобының әйгілі үйлену той әні құйқылжыта сайрап тұр. Әңгімелеп отырғаным дәл 1972 жылы болған жағдай еді. Менің ауылыма өркениет соншама кешігіп жеткен екен деген ой әлдекімге келіп қалса, қоса басқа, тағы бір орайлас оқиғаны айтып берейін.

    90-шы жылдары күйеуім екеуміз Италияға барып қайтып едік. Саяхат бағдарымыз Рим қаласынан басталды. Кейіннен жолымыз Капри деген әйгілі миллионерлер аралынан да өтті. Дүниежүзілік революцияның тағдырын алаңдаумен мүлдем қысқа мерзімге деп айтуға болмайтын демалыста Ленин атамызбен пролетарлық жазушы Максим Горький бұл жерді мекендеген болатын. Мейрамханада қалыптасқан салты бойынша бізге Владимир Ильичтің ұнамды шарабын ұсынды. Сол кезде жаңағы шараптың бокалы 18 доллар тұрушы еді. Сонан соң жолымыз Наполи, Сорренто, тағы басқа шағын және көркем қалалар арқылы өтіп еді. Соңғы тоқтаған жеріміз Италияның ең оңтүстігі – Калабрия болды. Күндердің бірінде біздің кешкі асымызды ішетін үстелдерді сырттан мейрамхананың ішіне кіргізіп, түкпірге орналастырып қойыпты. Басқарушы кісі кешірім сұрап, бүгін мұнда үйлену тойы болатынын түсіндірді. Кешкі асқа жуық мерекелік шараға қонақтар жинала бастады. Жерорта теңізінің күніне әбден қақталған италиялық диқандар және бірге еріп келген әйелдері мен бала-шағасы екен. Ыстық күнге қарамай, еркектердің бәрі де галстуксыз ақ көйлек пен қара кәстөм-шалбар, ал әйелдері үстіне кербезденіп, барқыт, жібек және атлас маталарынан тігілген түрлі-түсті көйлек киіп алыпты. Кешкі шамдардың жарығында зергерлік алтын әшекейлері жылтылдап, ауыздарын ашса болды, алтын тістері жарқ ете қалып еді. Бір сәтте өзімді жетпісінші жылдарғы Мойынқұмда жүргендей сезіндім.

14
    ***

    Сөйтіп, елден ерекше жақсы көретін жеңгемнің ақ көйлегін, желегін кигенін, бұрыштағы айнаға қарап көзі мен аузын бояғанын аңдып, қасында күні бойы шыр айналып жүрдім. Бір кезде салтанатты сәттің де уақыты келді. Келінді көреміз деп күткен кілең қонақ. Елдің барлығы толқып тұр, дегенмен маған басқаларға қарағанда аса қобалжыған өзім сияқты болып көрінді. Гүлсара екеуміз отырған бөлмеге анаммен бірге бір туысқан әйел кіріп келді де қонақтарға келінді алып шығардың алдында, басына үлкен аппақ үлдір, шашақты шәліні жапты. Мені, қарсылығыма қарамай, мамам далаға айдап салды. Аласа шарбақты жағалап тұрған құрбыларымның қасына жүгіріп бардым.

    - Келінді қашан шығарады?

    - М-м-м...

    - Не ғып үндемейсің? – деп олар мені жұлқылап, қоймай қойды. Мен болсам, ернімді қыбырлатпай тұрып қалыппын. Сондағы: «енді мен Гүлсараны Арыстанмен бірдей жақсы көремін» - деген ой. Тек ол туралы ешкімге тіс жарып айтқым жоқ. Демімді басып:

    - Қазір, қазір, шыдасаңдаршы, - деп бұрқ ете қалдым.

    Сол сәтте ұзын ақ көйлек киген, шәлімен жабылған бетін төмен қаратып қонақтардың алдына келін де шықты. Екі жағынан менің анам мен туысқан әйел екеуі жетектеп келе жатыр. Бердібек деген жергілікті ақынымыз қолына домбыраны алып, беташар әнін бастады. Басын иіп сәлем берсін деп, келінге жаңа туыстарының есімдерін әндетіп атап өтті. Гүлсара екі қолын кеудесіне қысып тағзым еткен сайын, қонақтар жабыла гу ете қалады. Соңғы шумақтан соң менің мамам басындағы шәліні сыпырып алған кезде, жиналған ел жап-жас ойшаң, аялы көзді аруды жүзбе-жүз тамашалады. Бетін көмкерген шілтерлі желек жайнақы жүзін одан сайын жайнатып тұр. Жиналған ел аһылап қалды. Арыстан жолдастарымен анадайда тұрып, абыржығанын көрсетпеймін деп, бетін сәл тыжырайтып, күлімдеп қояды.

    - Не деген сұлу! – деді құрбыларымның біреуі. Ал жақын арада ағасы үйленген екіншісі:

    - Расында керемет деп ойлап едім. Сұлу дегендерің осы ма? Біздің Маржан сендердің Гүлсараларыңнан еш жері кем емес, әуелі одан да әдемірек болар, - деп мырс ете қалды.

    - Бармайсың ба Маржаныңа, аузың аңқиып бұл жерде не ғып тұрсың? – деп ашуланып, басымды жоғары көтеріп, Арыстан мен Гүлсара тұрған жерге жүгіріп бардым да, жеңгемді қолынан тас қылып ұстап алдым. Бала жүрегім ренішке толып, ішімнен: «Гүлсара бәрінен де жақсы, Гүлсара бұ дүниеде бәрінен де сұлу, оған қоса ол енді менің ең сүйікті жеңгем!» - деп қайталай бердім. Гүлсара сәл күлімдеп, маған сасқалақтап көз тастады да, бір кезде еңкейіп, бетімнен сүйген болып, ернін сырғытып қана жүргізді. Маған назар аударуға мұршасы болған жоқ, себебі қонақтардың жүздеген көздері оған тесіліп қарап тұр еді. Оның өзі бір күрделі сын екен.

15
    ***

    Бірнеше жыл өтті. Он төрт жастан кейін ауылға барғанды қойдым. Сол жылы бір жағдайдың арқасында Артекке барып едім. Келесі жылы бір топ мектеп оқушыларымен бірге Мәскеу мен Ленинградты да көріп қайттым. Үйдегі бар кітапты – арасында Фирдоуси, Пушкин, Толстой, Лондон, Стендаль, Бальзак, Дюма, Абай, Ауезов, Майн Рид, Гюго, Тагор, Айтматов... - қатарынан оқи бастадым. Белгілі кеңес әртістерінің суреттерін жинап, Чайковский, Глинка, Дунаевский, Бетховен, Шопен, Моцарттың ... классикалық музыкасын тыңдайтын болдым, үйдегі ескі күйтабақ ойнатқышта Муслим Магомаев, Лолита Торрес, Марио Ланца, Робертино Лоретти және танымал эстрадалық топтардың әндерін күні бойы ойнатып, «Советский экран» және «Советское кино» атаулы журналдарды тесіп тұрып оқитын болдым, себебі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына кинотанушы мамандығына түсуді армандаушы едім. Өмірімнің сол кезінде ауыл тіпті шетте қалды. Көңілімді басқа қиыр мен шыңдар аулайтын болды. Бірақ, оған қарамастан, ауыл жүрегімнен ешқайда кетпеген екен. Оны мен бір оқиғадан кейін анық түсіндім. Жамбыл облысының бір топ мектеп оқушыларымен бірге Артекке пойызбен бара жатқанда, купелі вагонның терезесінен жабырқаған, күннің ыстығынан күйіп кеткен жапан түзге сағаттап қарап, «осы дала қашан аяқталады екен, тезірек Мәскеу түбіндегі айтулы ну орман басталса екен» - деп шыдамсызданып тұрушы едім. Ақырында арманым орындалды. Пойыздың екі жағынан қатар-қатар атам заманғы ағаштар шыға келді, дымқыл ауада шөпшек пен тағы бір беймәлім ғажап иіс аңқып тұр. Айналадағы осыншама орасан зор және әсем табиғатты көріп, жүрегім дүрсілдеп, демім жиіленіп кетті. Келесі күні Мәскеудің ішін де аралап шықтық. Мавзолейге кіре алмадық, себебі онда қайта құру жұмыстары жүріп жатыр екен, ал Қызыл алаңды біраз көріп қайттық. Алаң біз ойлағандай кең емес екен. Қаланың өзі аса ірі болып шықты. Оның сәулетті ғимараттары мен кең даңғылдары бізге өте таңғаларлық болып көрінді. Өмірде алғашқы рет өзімді ұшы-қиыры жоқ әлемде жоғалып кеткен құмның қиыршығындай сезіндім. Сосын Ялтадағы эвакопункт, кейіннен Артекте өткізген ұмытылмас ай. Қайтар бағытымыз тағы да Мәскеу мен әуелгі ормандар арқылы өтті. Бірақ бұл жолы жүрегім бұрынғыдай тарсылдап соққан жоқ. Туыстарымды сағынып, үйге асығып едім. Ну орман аяқталып, кілең көгалдар мен оқшау тоғайлар басталды. Жол зарықтырып ұзаққа созылып кетті. Бір күні ертемен тұрып, әдеттегідей купенің қарама-қарсындағы терезеге жүгіріп барсам, кеңінен жайылып Ұлы Дала жатыр екен. Енді ол маған бірқалыпты, жабыңқы болып көрінген жоқ. Шексіз жазыққа көзім шырадай жанып қарап қалыппын. Сол сәтте жүрегім қысылып, екі көзімнен еріксіз жас көлдей болып ағып түсті. Алдымда өзіме сүйікті және өте қымбат адамдарымды әлпештеп өсірген жер, менің Отаным жатыр еді.

16
    Сол арада оқу, тұрмысқа шығу, жұмыс, балаларымның дүниеге келуі, олардың есеюі, шексіз тіршілік, бітпейтін қиыншылықтар, тағы басқа түрлі оқиғаға толы бір қатар жылдар өтті. Баяғы кезден бері ауылға бірде-бір рет бара алмаппын. Алайда аяқ астынан маған ауылдың өзі келіп қалды. Қапыда анам қайтыс болды. Аналарымыз ұзақ уақыт қиналып ауырса да, біз ешқашан күтпеген сәтте кетіп қалады екен. Көзің дәрменсіздігімен азабын көріп тұрса да, жүрегің уақыт кері қайтып, бәрі де бұрынғы қалпына келеді дегенге сенуді қоймайды. Хал-жайын білейін деп Таразға келіп, бір аптадай қасында болдым. Өткенді, біздің балалық шағымызды, әкем екеуінің жас кезін, менің балаларымды еске алып, әңгімеміз бітпеп еді. Маған ақылын айтып, әкем екеуі тұрған ұлының, менің інімнің үйіне жиі келіп тұрыңдар деп қайталай берді. Дауысында қоштасу сарынын байқадым, бірақ кез келген жағымсыз ойды қағып тастап, жолатпай қойдым.

    Алматыға бір тығыз шаруамен жиналып, түнгі пойызға билет алып едім:

    - Мама, мен бар болғаны бір аптаға кетіп бара жатырмын, тез арада айналып келемін, - дедім. Анам төсекке жатты. Абайлап құшақтап әжім басқан бетін азапты күмәнмен сүйгенде, «бүйтіп анамды ешқашан сүймеп едім» - деп, арасында «болашақта көріспей қалуымыз да мүмкін» деген қорқынышты ойды қайтадан жолатпадым.

    - Бара ғой. Не керек ұзақ қоштасып? Қайтып келгеніңде сөйлесерміз, - деп шаршап, жастыққа шалқая құлады.

    Үш күннен кейін анам дүние салды. Ауылдағы туыстарымыз Тараздағы інімнің үйіне түгел жиналды. Осыншама зор қайғыны бастан кешкен мен өлімнен қорққанды қойдым. Анам о дүниеде болса, одан неменеге қорқамын? Бір күні мен де кетермін, сонда о жақта кездесерміз деген ой келді.

    Ел үйге шексіз ағындай болып кіріп-шығып жатты. Қала тұрғындары басын иіп, көз жасын сүртіп, үндемей кірсе, ауылдықтарды алыстан естіп, дауыстап жоқтағандарынан тануға болатын. Ғасырдан ғасырға келе жатқан ата-бабаларымыз енгізген салт бойынша олар боздап жылап, зарлы жоқтауын айтып, өзінің қайғымызға ортақ екенін білдіріп, көңіл айтып жатты. Дауыстарын естігенде, қақпаның қасына жүгіріп барып, келген ағайындарымды құшақтаған сайын, өксіп жылай бердім. Ауылдың тұрмысы әбден қажып, қартайтып жіберген жақындарым балалық шағымдағыдай басымнан сипап:

    - Айналайын, кездескен жеріміз осы болыпты. Жылама, бұл құдайдың бұйрығы. Бәріміз де уақытында сонда боламыз, - деп мені жұбатып жатты.

17
    Арыстан мен Гүлсараны біз күтпеп едік. Осыдан жарты жылдай бұрын Арыстанның миына қан құйылып, инсульт алып, бір аяғы жансызданып, екіншісін әрең сүйретіп жүр деп естідім. Екеуі талай қайғы-қасіретті бастан кешірген еді. Жергілікті бастықтардың балаларының қатысы бар қылмыс үшін үлкен ұлын айыптап, бар кінәні бір басына тағып, түрмеге отырғызып қояды. Сол жылдары Арыстанның шашы тіпті ағарып кетті. Күндердің бірінде әбден қайғыға батқан Арыстан аулада отын жарып жатқанда, өткір жаңқа ұшып барып, бір көзінен айрылып қалды. Қайта құрылыс жылдары ауыл быт-шыт болған кездің бейнетін қалай тартқандарын тек құдай ғана білер. Ел бас салып қалаға қарай ұмтылды. Арыстан ауылдағы мектепте директордың қызметін атқарып жүріп, қыздарын ұзатты, екі ұлын да үйлендірді. Балаларын жан-жаққа жіберіп, Гүлсара екеуі әкелерінің кең үйінде, кіші ұлының қолында, келін, бала-шағамен тұра берді.

    Менің әке-шешем ауылға жиі барып тұрушы еді. Көбінесе біреулердің тойына әлде қайғылы жағдайына ортақ болып. Қарт кісілер бірінің артынан бірі дүниеден озып жатты. Ағайынды Қалмақан ата мен Балмағамбет ата, соңынан момын және іскер Үркен апамыз да қайтыс болды. Сол кезде біз, күйеуім екеуміз тағдырдың айдауымен Германияға кетіп едік. Сондықтан бар болған қайғылы хабар бізге тек телефон арқылы келіп тұрды.

    Таныс дауысты ести салып, қақпаның сыртына жүгіріп шықтым. Арыстан бір қолымен таяққа сүйеніп, екіншісімен әйелінің иығына асылып, жансыз аяғын сүйреп, айғайлап менің анамды жоқтап келе жатыр екен. Шашы аппақ, өзі әбден қартайған. Бір заманда жайнап тұрған көздері сөніп, кең иықтары жантайып, төмен түсіп кеткен. Сол көзінің қарашығын ақ шел қаптаған. Қасында бұрынғыдай сұңғақ бойлы, аялы көздері шерленген Гүлсара. Орамалының астынан ағарған шашы көрінеді. Қолымды жайып екеуін бірдей құшақтаған кезде, көз жасым ытқып ағып түсті. Екеуін бауырыма қысып, қайғыма ерік бердім.

    - Айналайын, жаным, жыламашы. Өмірдің заңы болған соң не істейсің, - деп кезек-кезек құлағыма сыбырлады. Бір кезде бұрылып, Арыстанды мойнынан тас қылып құшақтап алдым да:

    - Аға, ағатай, не істеймін? Айтшы, не істеймін? Енді бұ дүниеде анам жоқ! – деп айғайды салып боздап жылап жібердім. Бәсең, булыққан жылау жүрегін ауыр азапқа салып, бір заманда кең, алып иықтарының солқылдағанын өмірімде бірінші рет сонда көріппін. Бар пәрменіммен тас қылып құшақтаған кезде менің балалық, жастық шағымнан мәңгілікке айрылғанымды сездім. Сол сәтте біржолата бала кездегі ауылыммен, өзіме қымбатты, мәңгілікке кеткен туыстарыммен, қайтып оралмайтын кезеңмен қош айтысқан едім. Ал ағам бір жағынан балдаққа таянып, екінші қолымен басымды сипап, көз жасын еш жасырмай:

    - Жылама, жаным, жылама, - дей берді.



©  Татьяна Валяева   2007–2020
http://kaz-tili.kz/
 <<  Вернуться к началу  >> 


Присоединиться в Фейсбуке   ВКонтакте                  Цвета текста на сайте - значение                  E-mail: kaz-tili@yandex.ru                  Гостевая книга