Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Атын Алпамыс деп қоямын



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

1
    Зере осыдан үш күн бұрын ұл тапты. Бірақ тек бүгін ғана баласын өзімен бірге палатаға алуға рұқсат берді. Бесігіне еңкейіп, көпке дейін тыныш қана пысылдаған сәбиге қарап тұрып қалды...
    Баяғы заманда Байбөрі деген бай болыпты. Аналық деген әйелі екеуі күні-түні құдайдан жалынып-жалбарынып бала сұрапты. Ақыры бір жолы өтініштері құдайдың да құлағына жеткен екен.

    Орындалды Байбөрінің арманы,
    Шымыр бала тауып берді Аналық!
    Бақытына сенер, сенбес, айтқаны:
    «Айдай ұлды Алпамыс деп атадық!»

    Байдың іске қуанғаны соншама,
    Сойғызды аямастан сансыз малды.
    Кеңінен тоғыз жүзін қойдың ғана,
    Бастамам ол менің деп, құрбан шалды.

    - Ата, аташым, немеремді көрмей кетпеймін деп уәде беріп едің. Өзіңді де, мені де алдағаның ғой. Тым көп уақыт күтетін едің, - деп Зере демін басып, баласының көрпесін қымтап жапты.

2
    ***

    - Алтын қызым үйде ме? Неге ол менің алдымнан шықпайды? Әй, кемпір, қарғамды қайда жасырып қойдың? – деп, шаң-шаң брезент плащ, галифе шалбар, былғары етік киген Бөстек үйге кіріп келді. Шаршап, босағаның қасында тұрған аласа орындыққа сылбыр отыра кетті. Басынан оңып, тозығы жеткен қалпағын шешіп, күстенген қолымен қасқа басын бір сипады да, күлімдеп, мойнын созып, түкпірдегі қаңылтырмен қапталған сандық тұрған бұрышқа көз тастады. Сандықтың артынан екі тығыздап өрілген бұрымшасы бар кішкене қыздың қылтиған басы көрінді. Аппақ капрон бантиктері екі жаққа ербиіп тұр. Қыз бала мырс етіп, қайтадан сандықтың артына тығылып қалды.
    - Қайда жоғалды екен? – деп, Бөстек әдейі дауыстап сұрады да, оған қосып, - қонаққа кеткен болар. Мейлің, кемпір, үйде жоқ болса, сауқатты сен ала ғой! – деді.

    Жерге тастаған бірдемеге толы жол сандығын әдейі қопарған болып еді, титтей қыздың шиқылы мен аяғының топыры естілді:

    - Жоқ, ол менің сыйлығым! Берме оны, ата! – деп айғай салып, ішінде уәделі сыйы бар, еденде жайылып жатқан сөмкеге қарай тап берді. Бөстек тізесін бүгіп, жерге отыра қалды да, қызының бетін, маңдайын, желкесін сүйді келіп, сосын екі қолымен қағып алып, жоғарыға лақтыра бастады.

    - Сыйлық, ата! Сыйлық! – деп бажылдап, әкесінің қолынан жұлынып, төмендегі сөмкеге қарай асылды. Бөстек оны абайлап жерге түсірді. Қызы отыра қалып, сөмкенің ішіне үңіліп қарады. Түйіншектегі іш киімді және тығыздап оралған бір шүйке жіңішке арқанды былай қойып, түбінен түсті картонды қораптағы қуыршақты суырып алды. Қаптамасын ашып, кішкентай асығыс саусақтарымен баданадай көкпеңбек көзін ұзын қара кірпік көмкерген қуыршақтың үстіндегі мыж-мыж болған көйлегін тегістеді. Аппақ синтетикалық шашы бір бұрым қылып өрілген, ұшы қызыл лентамен байланған екен. Кішкентай қыз демін ішіне тартып, «осындайын армандағанымды атам қайдан біліп қойды екен?» - деген аң-таң оймен ойыншығын бауырына басты. Сол сәтте бәрін де ұмытып, қуыршағымен бірге айналып билей жөнелді.

3
    Пештің үстіндегі қазанда бұрқылдаған ет үйді бір жұғымды иіске толтырды. Анасы асығыс дастарқан жайып жатыр. Бөстек қолжуғышқа мазут және тағы да басқа нәрсе жұққан саусақтарын жақсылап жуды. Бұлдыр айнаға қарап, бетін бір-екі шайып сипады да, қолсүлгіні шегеден іліп алып, разы болып үһ деді.

    - Қалай барып келдің? Аманшылық па? – деп сұрады Зүлпия, пештің қасында ыдысты салдырлатып.

    - Жолда бірнеше рет машиналардың сынғаны болмаса, бәрі де, құдайға шүкір, орнымен өткен сияқты, - деп шаршаған шалы ауыр күрсініп, аласа үстелдің жағасына барып отырды. Екі бірдей үлкен жастықты шынтақтап, алыс жолдан ұйыған аяғын құрақ көрпенің үстіне созды. Бөстек ауданның отарлы мал шаруашылығы басқармасының жабдықтау бөлімінің жетекшісі еді. Көктем сайын Мойынқұмнан, талай заманнан бері осы жердің еліне үйренішті тұрмыс қалпымен, табын-табын жылқыны, отар-отар қойды Сарыарқаның байтақ жазғы жайылымына айдап әкететін. Шөпті ізінше қуып дегендей. Тек күздің соңында ғана, табиғи жем-шөп алқаптарында әбден семірген малды қайтып қыстауға алып келетін. Бөстек басқарған бригаданың міндеті - Сарыарқадағы мидай далада мал бағып отырған қойшыларды қажетті тұрмыс заттарымен қамтамасыз етіп, медициналық, мал дәрігерлік қызметін реттеу. Бүгін Бөстек қойшыларға кигіз үй, азық-түлік, дизель, тізімдегі ең соңғы тұзбен сіріңкесіне дейін апарып беріп, өзінің қызметтік УАЗымен сонау Арқадан ауылға оралды. Мамыр айының аяғы еді.

    Зүлпия шәйді демдеп, дастарқанға жаңа пісірген бауырсақты жайып салды. Зере секіре-секіре жүгіріп келіп, атасының алдына сылқ етіп отыра қалды да, бүкіл денесімен артқа қарай шалқайып, әкесін арқасына құлата жаздады.

    - Әй, мына тентектің маған істеп отырған ісіне қарашы! Не қылсам екен, а? – деп күліп, Бөстек түзуленіп, қызын қайтадан алдына отырғызды. Ыстық бауырсақтың бір жапырағын үзіп алып, суытып үрледі де, екі қолын алдына созып, қуыршақты ұстап отырған Зеренің шалқақтап, кеңінен ашқан аузына сала салды.

4
    - Қызды еркелеткенді қойсаң, тіпті елдің алдында ыңғайсыз. Біреудің бұзақы баласының қылығы бөтен адамның бауырын жібітпес. Биыл мектепке барғанда, кім бұнымен әуреленеді деп ойлайсың? - деді Зүлпия.
    - Біреуде менің не шаруам бар? Олардың өз баласы, өз еркі. Ал менің қызым – ол тек менің қызым, ешкімнің ісі болмасын. Түсіндің бе? – деп еңкейіп, баланың нәзік бетін қылшық мұртымен жыбырлатып сүйді. Зере бетін тыржитып:
    - Ата, мұртыңмен шаншымашы, - деп созылды.
    - Қойдым, қойдым, енді олай істемеймін, уәде бердім. Ал, бара ғой, ойна. Біз шәй ішіп, біраз әңгімелесейік. Көріп тұрсың ғой, әкеңнің жолдан шаршағанын, - деді Бөстек.

    Зере бірден тілін алып, үстелдің басқа жағына барып отыра қалды. Қуыршағының көйлегін шешіп, оны шешесінің қолөнерінен қалған мата қиындыларына орай бастады.
    Бөстек қызын мектепке әбден дайындады. Сондағы әдейі облыс орталығы Жамбыл қаласына барып, сатып алғаны: үш қалталы қоңыр, жылтыр ілгешегі бар портфель, жап-жаңа әліппе, бірнеше бума дәптер, түрлі-түсті қарындаштар, үш-төрт түрлі сызғыш, өшіргіш, біраз сурет салатын альбомдар, қаламұш қаламсап, дорбадағы кішкентай сиясауыт. Мектепке киетін киімнің ең қымбат, ең сапалысын таңдап алды. Жүн матадан қоңыр, кең бүрмелі белдемшесі бар көйлек, аспабауы шілтерлі екі ақ, екі қара алжапқыш, бұрымына түрлі-түсті бантиктер. Кестеленген аппақ таспаның бір тапшы бумасын әйелінің алдына тастай салды:

    - Бұны жағасымен жеңіне тігерсің, қызым өз мектебінің ең әдемісі болсын, - деп.

5
    Бірінші қырқүйек күні Зерені мектепке өзі ертіп барды. Ауылдың сегізжылдық мектебінің ауласында адамдардан бос орын қалмапты. Жан-жақтан ел жинала бастады. Жоғары сыныптардың оқушылары мойнына қызыл галстук тағып, қолдарындағы гүлшоқтарын айдақ-сайдақ бұлғап келе жатыр. Дыбыс зорайтқыштан көңілді музыка естіледі. Зере құсап шаштарына ақ бантик таққан, ақ алжапқышты қыздар, ақ көйлекпен үтіктелген көк шалбар киген ұл балалар салтанатты түрде ата-анасының қолынан ұстап, мектеп ауласына келіп, тізіп, сапқа тұрғызып жатқан мұғалімдердің нұсқауы бойынша, осындағы мінбенің қасына ұзын қатарға тұра қалып жатыр. Бұл бірінші сыныптың оқушылары еді. Бөстек қызын жетектеп апарып, оларға қосып жіберді де, өзі былай, алаңның шетіне барып, басталуын күтіп тұрды. Гүлін екі қолымен тас қылып, жоғалтып, әлде түсіріп алмасам екен деген оймен ұстап алған Зереге қарап, әкесі ішінен сәл күліп қойды. Бірінші мұғалімі Бәкира апай қасына барып шат жүзімен қолын гүлге созып еді, қыз болса гүлді оданда қатты қысып алып, сасқанынан әкесіне қарады. «Бер, бер алдағы гүлді апайға», - деп Бөстек ернін қозғағаннан кейін ғана саусақтарын әрең дегенде жазды.
    Неге екенін өзі де түсінбей, Бөстек сол сәтті біржола есінде сақтап қалған, кейіннен оны мұңға батып, талай көзіне елестетуші еді. Әсіресе Зере ауылдың сегіз жылдық мектебін бітіріп, өзінің туған әке-шешесіне, қаладағы орта мектепке кеткенде. Есіне түскенде, қолайсыз, болмашы ғана көз жасын кемпірінен еш жасырмай, кейде жылап та алатын. Ол да күйеуінің қызарған көзіне әлдеқашан үйреніп кеткен болатын.
    Ұзын бойлы, арық келген Бөстек, өмірдің қысымына бүгілмей, қайта-қайта түзеліп және жігерленіп, тепкі мен бейнетіне бағынбайтын қуатты, берік ер-азамат еді. Оның жалғыз ғана талмау жері Зере болатын. Жасы келген Бөкең үшін бұл, тамырында бірде бір тамшы туған қаны жоқ кішкене қыз, жүрегін біресе әлпештеп, біресе сыздатып, тағдырдың күтпеген жерде басына қондырып бере салған бағы еді.

6
    Бөстектің қайын атасы ел аса сыйлайтын ақсақал еді. Аласа бойылы шалды ауылдың кемпірлері «әлди-әлди» деген бесік жырын сәл өзгертіп, Әлдей деп атап кеткен. Зүлпия оның ашаршылықта аман қалған жалғыз қызы еді. Отбасынан, бала-шағадан айрылып, соңынан қайта үйленіп, қырық жастың шамасында жалғыз ұлға ие болған. Ол ұлы кейіннен үш қыз, екі ұл-немере тауып берген болатын. Бөстек болса, өзінің діншіл, құдайға үнемі құштарлықпен сыйынған әйеліне қарамастан, бала көрмеген адам еді. Бөкеңнің өзі құдайға аса жанын салып сенбейтін де. Тек әйелінің жайнамазға еңкейгендегі ынтықпен сыбырлағанына құлақ салып, Жаратушы естіп те қалар осы сөзін деп, еріксіз үмітпен қыбыр етпей тұрушы еді.
    Әлдей қызының пешенесін ойлап, өте уайымдайтын. О дүниеге сапарлауын сезгенде, ұлы мен келінін шақырып алып:

    - Балаларым, кетіп бара жатырмын. Зүлпияны тағдырдың еркіне қалдырмаңдар. Қартайғанда бөтен босағада табанын тоздырып жүрмесін. Құдай сендерді таратып жібермесін. Зерені, екінші қыздарыңды беріңдер оған. Туған балаларыңнан ешқайда кетпейсіңдер, демек Зүлпия да қастарыңда болар. Бөтен емес, бірге туғансыңдар, баланы сендерден кем жақсы көрмес. Келінім, айналайын, соңғы өтінішімді қағып тастама, қарағым, - деп өсиетін қалдырған.

    Меруерт амалсыздан аққан көз жасын тоқтамай, жерге қарап, күйеуінің қасында тұрды. Екі қолымен етегін қысып алғанда, саусақтарының буыны аппақ болып кеткен. Қайын атасына бірде-бір сөз қайтаруға дәті бармай, жүрегін жырып бара жатқан, оған дейін беймәлім сыздауды сезді.

7
    Төрт жастағы Зеренің ұсақ-түйек бұйымын бір үлкен сөмкеге салып, аудан орталығында тұратын әке-шешесінен осыдан жиырма шақырым жердегі ауылға, Бөстек пен Зүлпияның үйіне көшіріп әкетті. Қасындағы үлкен қызымен екі жасар ұлына қарамастан, Меруерт үшін Зеренің орны үңірейіп, үйдің іші жансыз, бос көрінетін болды. Түн сайын, ары-бері аунап, ауыр демін басып беймаза болған күйеуінің қасында, бетін жастыққа тығып, біресе еңіреп, біресе өксіп жылайтын.

    Зүлпия, ойламаған жерден пайда болған қызын өзіне де түсініксіз, ұстамды түрде жақсы көретін. Бөстек ақша тапқыш адам еді, сондықтан Зүлпияға сыртта жұмыс істетпейтін. Бірақ үйдің жұмысы да жеткілікті еді. Қорадағы сиыр, бірнеше қой. Оған қоса жылқысы бар, күйеуінің анда-санда ауылдың басқармасына, әлде көрші совхозға мініп баратын. Зүлпия өте жинақы, үсті-басын да, үйін де таза ұстайтын әйел еді. Үндемей, таңертеңнен түнге дейін тынбай айналып жүріп, алды-аяғы жоқ үй шаруасынан қолы тимейтін. Пешке салған наны басқаның нанынан асқан дәмді болып пісетін. Елдің айтуы бойынша, Зүлпия шайқаған майға осы ауылда тең май жоқ болатын. Ал қысқы мерзімге әзірлеген тәп-тәтті, дәмі де ерекше құртын айтсаңызшы! Шамалап тұздалған, қолға алсаң, үгіліп кететін құрт еді. Ауылдың кемпірлері немерелеріне оның тым болмаса бір уысын Зүлпиядан сұрап алуға тырысушы еді. Қолының өнері де ерекше болатын. Тоқымасы да, ауылдың той-мерекесінен, асынан жиналған түрлі маталардың кесіндісі мен жыртысынан тігілген бірде бір кемдігі жоқ, тігісі түп-түзу, әп-әдемі құрақ көрпесі де аса керемет болып шығушы еді.

8
    Өстіп күнделікті, сағаттың механизмы құсап жөнге салынған Зүлпияның тұрмысына қапыда, үйренбеген қамқорлықты талап етіп кішкентай қыздың басып кіргені. Біртіндеп, баланы шомылдырып, тамағын беріп, ауырып қалса, емдеп те үйреніп алды. Осының бәрін үндемей, сабырлықпен, беті бір күлімдемей істейтін. Қызын тазалықта ұстап, жақсылап күтетін, оған титтей де болса, тағамның ең дәмдісін сақтап қойып. Кейде Зереге үңіле қарап, келбетінің кей жері өзіне тартқанын байқап қалып, ішінен:

    - Не болды осы маған? Күйеуіме қарағанда, бұл бала мен үшін қаны бір жақыным емес пе? – деп ойлайтын. Бірақ, көп жылдан бері шарасыз жалғыздықтың кесірінен жүрегін толтырған мұздай қара кесек ерімей қойды. Әйтсе де, бір заманда қатқан мұз қозғалған сияқты. Кей күні, екеуі оңаша қалғанда, өзі күтпеген жерде жүрегінің бар болған ынтығымен қызын бауырына қысып, екі бетінен, нәп-нәзік желкесінен аймалап сүйіп, құлағына:
    - Жаным, жаным, күнім менің, қуанышым менің, - деп сыбырлап, көзін сәл жіпсіткен бір-екі тамшы опасыз жасын көрсеткісі келмей, теріс бұрылып, қызды жібере салатын.

9
    - Бала туып көрмеген, оны бар ниетімен мәпелеуді қайдан білсін, – деп көрші әйелдер өзара сыбырласатын. Бөстек бір көргеннен түйіршіктей қара көз балапанға үйір болып кетті. Жақсы көргені соншалықта, жаңадан біткен сезіміне қарағанда, оған бүкіл әлемнің түсі оңып кеткендей болды. Елу жылдан астам өмірінің толық сақталған ата мейірін жан-тәнімен беріліп, осы қызына арнады. Арқасына отырғызып, ат болып шапқылап, тығылыспақ ойнап, тоңқалаң асып, қызымен жастық лақтырысып ойнаудан шаршамайтын. Кейде, көрпеге жатып, өтірік ұйықтаған болып, қызы кеудесіне отырып алып, жабық көзін саусақтарымен тартып ашқанда да, құлағын, мұртын жұлқылап, тірестірген ернін ары бері созғанда да, бәріне шыдап, үндемей жата беретін. Соңында ұшып тұрып, қызын жоғарыға лақтырып, қағып алып, қуанып бажылдаған ойға жүйрік қызалақты тас қылып құшақтайтын. Өсе келе, ол басқа балалармен тілдесіп ойнағысы келетін болды. Жақын жердегі көрші үйлердің біреуінде Бөстектің он балалы туған ағасы тұратын. Туыс балалардың кейбірі аулаға Зеремен ойнайын деп келсе болды, сұр көзін бадырайтып жалт қарап, қолын сілтеп, аулақ қуып жіберуші еді. Неден екені белгісіз, бірақ өзінің туған қанына жүрегі қатаң болып жылымай, жабылып қалатын.

    Кешке жұмыстан келгенде қызы аласа үстелдің жағасында дәптерлерін жайып, сабақ істеп отыратын. Титтей саусақтарымен қаламұшты сияға малып, тілінің ұшын шығарып, әріптерді кезегімен таза параққа әдемілеп салуға тырысатын. Оған Бөстек елжіреп, көңілі босап қарап тұрушы еді. Зүлпия да, Бөстек те хат танымайтын. Себебі, екеуі балалық және жастық шағында оқуға еш шама бермеген дау-шар, өте ауыр кезге ұшыраған.
    Дәптерге көзін тастап:

    - Менің балапаным бүгін қандай баға алды екен? - деп сұрағанда, әдеттегідей:
    - Бес алдым! – деуші еді. Оған Бөстек:
    - Әй, маладес, қызым! Өзіме тартқан, ұқыпты! – деп мақтап қоятын.

    Есейе келе Зере алдауды да үйреніп алды. Кеш сайын әкесінің баға туралы сұрағына ол тек бесті атайтын болды, күнделігінде адырайып тұрған төрті, үші, кейде тіпті екісі болса да. Бөстек әдейі оны аңғармағандай, қызын жер-көкке сыйғызбай мақтап, күнделігіндегі апталық сабақ кестесінің астына қол қоюдың орнына кіресті сызып, риза болып, кешкі асына отыратын.

10
    Бүкіл ауданда Бөкеңдей төңіректі жетік білетін ешкім жоқ еді. Тіс қаққан аңшы, бала кезінен мидай далада жылқы баққан, бұл мекендегі әр төбені, сай мен шатқылды жақсы танитын. Кім біледі, егерде сол заманда Мойынқұмда Конан Дойлды оқығандар болғанда, адамға жалған ат қоюға шебер қазақтар Бөкеңді баяғыда Шерлок Холмс деп атап кетер ме еді? Бірақ ол кезде әйгілі тыңшы туралы ешкім естімеген де. Дегенмен, осы маңайда атағы одан кем емес батыл мінезді, тынымсыз, кенет қызу қозғалысты Мүсаханы неліктен тайдың әлде қойдың терісінен иленген төсеніш құсап Бөстек деп атап кеткенін тек құдайдың өзі ғана білер. Мүмкін оның себебі, Бөкеңнің сырттай өткір, ащы тілді болғанымен, шынын айтсақ, өзі мейірімді, бауырмал, жұмсақ адам еді. Тек жалқау мен сандалбайларды көрсе болды, сазайын тарттырмай жібермейтін. Сондықтан шығар олардың Бөкеңе жалтақтап жүретіні. Бірақ, қиын жағдайға ұшыраған кезде, әрбір адам Бөкеңнің беделіне сүйенуге болатынын іштей білетін.

    Тақыр далада қаңғып, жоғалып кеткен малын іздеп, Бөкеңмен ақылдасайын деп оған талай адам келуші еді. Сондағы иесіне қоятын жалғыз сұрағы – малыңды соңғы рет қашан және қай жерде көріп едің деген сұрақ. Сосын үндемей, өз ойына өзі анда-санда басын изеп қойып көпке дейін отыратын. Ал өтініп келген адам болса, Бөкең айналадағы жердің бедерін, жылдың мезгілін ойымен шолып шыққанша, шыдамды түрде күтіп отыратын. Мал қыстыгүні адасып кетсе, қаһарлы даланың аязын өршітіп гулейтін сұрапыл желден тасаланатын кішкене жыралар көп еді. Қалың боранда желмен қосылып айқыш-ұйқыш ирелеңдеп, құтырған, есалаң биін билеп тұрған сексеуілден басқа еш нәрсе көрінбейді де. Көсілген кең даланың мұз боп қатып, боран жалап тастаған күзетшісінің жалаңаш бұтақтарын сақырлаған аязда сенімді баспана деп атау қиын болар, алайда ол да, нашар да болса, үміт беретін. Бөстек атқа мініп, тілсіз жануардың ізімен, тек өзіне ғана белгілі жолға бір топ адамды артынан ертіп, ізденісті басқаратын.

11
    Жазда ыстық күн үйіткен құба тікенек, селеу және бетеге қаптаған дала көз алдында талай шақырым жерге дейін ашық жатады. Әйткенмен, бұнда да өзінің жыра-сай, шұңқыр, шөбін шөл даланың ыстық күні түбіне дейін кептіріп үлгермеген жерлері бар. Кейбір тайызданған, қамыс қаптаған көлшіктермен тартыңқы, шексіз жазықта жоқ болып кететін өзендердің жағасында табиғи суат та кездесуші еді. Бетегенің балауыз өңезді, көкшіл сұр, қылдай ирек жапырақты шашағы жылқы мен майда малды өзіне ерекше тартатын. Жаздың екінші жартысында жоғалған мал иелерінде ерекше қауіп тудыратын. Дәл сол кезде селеу бір шоқ, қатты түтікше болып бүктелген, сымға ұқсайтын жапырағын жарық дүниеге шығаратын. Сонда жайылған мал селеу ауыруына душар болушы еді. Селеудің қылшығы қадалып, малдың терісі ісініп кететін. Тағы бір малдың құмары - ақшыл тұзды сордың қабығын әлде тақырдағы кепкен балшықтың қалың қабатын жарып шығатын бұйырғын. Жаңбыр жауатын мезгіл келгенде тақыр арқылы жүру мүмкін емес. Жаңбырдың суы мол болып төгілсе болды, кәдімгі саз батпаққа айналып шыға келеді. Шұңқырда су жиналған кезде, оның тұтқыр, лайлы түбінен батып кеткен қой мен ешкіні талай құтқарған жағдай болған. Есесіне көктемнің ертесінде, көк майса құлпырып жер жасарғанда, даланың бәрі берекелі жайлауға айналып, жоғалған малдың табылуы мүлде қиын емес еді. Қыстыгүні аздап жауған қар көктемде еріп, дәлме-дәл екі аптаға жерді суға әбден қандырған кезде шөл дала қысқа мерзімде қызғалдақ, жыланқияқ, қызылтандай, нәркестен тоқылған кілемге айналып, соңынан дем арасында құрғап, кеуіп те үлгеретін. Самал желдің жеп-жеңіл ғана екпіні тербеліп тұрған гүлді жерге жатқыза салатын. Сол қысқа сәтте жайнаған шөл дала сары, қызғылт, көк, түрлі-түсті болып құлпырып кететін.

12
    - Мал дегенің кей адамнан әлдеқайда ақылды болады, ел жоқ жерде суын да, жемін де өзі тауып алады, - деуші еді Бөстек.

    Біраз ойланып, соңында малдың қайда қаңғырып кеткенін көрсететін. Ақыры, бір-екі күннен соң Бөкең айтқан жерде адасқан малын тапқан иесі, бас киімін мыжып, шексіз алғысын айтып келіп тұрушы еді. Әрине, сол күнге дейін аман-сау болып, оны жемтік іздеп, даланы жортып жүрген үнемі аш қасқырлар сүйегіне дейін кеміріп тастамаса.

    Бөстек ұзақ уақыт үйде болмаушы еді. Іссапары кейде талай аптаға, тіпті бірқатар айға да созылып кететін. Зере ықыласымен мектепке баратын, арасында апасына үйде жәрдем беріп. Кешке жуық терезенің алдына отырып, әкесін күтетін. Шу естіген сайын, Әлен деген жас және сауықшыл шопыр жігіт айдаған, шаң басып кеткен, қырылдаған УАЗ көріне ме екен деп соқпақ жолға қарайтын.

    Бір күні кезекті сапарынан қайтып келіп, әкесі Әленмен бірге үйге үлкен картон қорабын кіргізді. Оның ішінде ұзын жіңішке аяқты, үстінгі қақпағының астында күйтабақ ойнатқышы бар радиола екен. Қабырғаға тіреп қойып, резеткіге штепсельдің айырын тықты да, жол сандығынан байқап, картон конвертке қапталған «Батырлар жыры. Алпамыс. Моно» деген жазуы бар күйтабақты суырып алды.

13
    - Мына ертегіні, қызым, енді бірге тыңдаймыз, - деп, Бөстек ойнатқышты іске қосты. Шамасы күйтабақ онша жаңа емес болуы керек, өйткені иненің астынан дауыстап оқыған адамның жұмсақ, мәнерлі дауысы сатыр-сұтыр дыбыс арқылы:

    Тыңда, досым, ерекше бұл аңызды,
    Көнеліктен ұмтылған болашаққа!
    Іздеп көрсең, түйіні бар маңызды,
    Ашарсың құпияны әр тармақта!

    Көз салайық ғасырлар түкпіріне,
    Айтайын мен бір ғажап әңгімені.
    Ата-баба, қоңырат ерлігіне
    Жан салып, рухтандырсын сөзім сені! – деп естілді.

14
    Бөстек, шынтағын үстелдің үстіне қойып, жағын таяды. Зере де, қасына жайғасып, аңызға құлақ салды. Күйтабақтағы адам қайдағы бір Байбөрі деген бай туралы әңгімеледі. Ол кісінің байлығы соншама көп болғаны, жер бетіне симай кетіп барады екен. Адамдар сарқылмайтын қазынасын, сансыз малын өсек етумен ол байғұс байдың өте бақытсыз екенін байқамапты.

    Жаратқан, айтшы, неғып жазаладың,
    Қайғылы үлесіңді маған бөліп?
    Жүрегімді солдырдың, қажаладың.
    Өтем бе бұ дүниеден көз жас төгіп?

    Қаптаған малды кімге қалдырайын?
    Ұрпақты аядың ба, тек бермедің.
    Қалайша қазынамды талатайын
    Бөтенге, таңдауың ба бұл да сенің?

    – деп күні-түні Байбөрінің құдайдан бала сұрағанын түсіндіріп, дамылсыз сатыр-сұтыр арқылы күйтабақтағы еркектің дауысы жалғастырды:

    Үмітім, ұлым да жоқ, Жаратушым!
    Қарғысың қатал еді сонша неге?
    Қайғыға мені салған сенің күшің.
    Қарай ма жора-жолдас тік бетіме?

    Дос пен жауым талабын жасырады,
    Артымнан бір-бірімен сыбырласып.
    Сөз байласып, шаңырақ* орнатады
    Бір күні мендей қартқа мола қазып.

15
    Басын төмен түсіріп, Бөстек күстенген қолымен желкесін сипады.

    - Ата, жылама, ер адамдарға жылауға болмайды, - деп ұрысты Зере, істің жөнсіз екенін сезіп.
    - Кім оны саған айтты? Мен жылаған жоқпын, көзіме қоқым түсіп кеткен болар, - деді Бөстек қызының сөзіне алаңдап. Далада қысқы боран тынбай уілдеп тұр. Қиыршық қарды үйіріп айдап, оны ұзын, ақшыл бұрым қылып өріп, мұз басқан сұрғылт жердің бетімен алысқа сүйреп әкетеді. Жел терезе перделерін сәл ғана желпілдетіп тұр, үйді жұмсақ жылуға толтырған пештегі оттың шыртылдауы естіледі.
    - Әрі қарай не болғанын тыңдайық...

    Өстіп, қолы бос кештері екеуі біразға дейін Байбөрі және оған көптеген жалыныштан соң құдайдың ақыры берген ұлы Алпамыс туралы хикаяны ойнатқыштың қасында тыңдап отыратын. Алпамыс алып күшті жігіт болып өсті. Тоғыз жасқа толғанда үлкен түйені көтеріп, оңай алып кете береді екен. Бір жолы, көрші байдың Гүлбаршын деген ару қызын бесікте жатқан сәби кезінде әкесінің айттырып қойғанын күтпеген жерден естіп қояды. Сонда ол алмас семсерін ұстап, белін буып Байшұбар деген тұлпарына отырады да әкесі уәдеден тайып алыс жерге алып кеткен өзінің қалыңдығын іздеуге бел буады.

16
    - Ата, Гүлбаршын сұлу ма еді?- деп сұрайтын Зере.
    - Әрине, нағыз батырға тек ару қыз лайықты болады.
    - Мынадай ма? - деп, екінші сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығын ашып, саусағымен ұлттық киім киген қыздың суретін көрсетеді.
    - Дұрыс, қызым, Гүлбаршын дәл осындай болған, - деп әкесі артқы ойсыз жауабын беретін. Оған Зере:
    - Туу, онда ол ешқандай да сұлу емес! - деп аузын қисайтады, себебі оған суреттегі қыздың көйлегі ұнап, жүзі ұнамайтын.
    - Енді, қызым, тыңдай ғой. Гүлбаршынның көйлегі тура осындай, ал жүзі саған ұқсас болған екен, - деп күліп қояды Бөстек, соңынан Зүлпияға бұрылып:
    - Қыз дегенің осы. Ұл болса ғой, тұлпарды қызық көрер еді, Алпамыстың қай семсермен шайқасқанын, қандай жауды жеңгенің сұрар еді. Ал қыздың ықыласы бөлек болады екен – батырдың қалыңдығының көйлегі қандай, анау-мынау. Осының бәрі әйел адамның айласы.

17
    Зүлпия еш жауапсыз демін басып, аласа, жарма есік, көк майлы бояумен сырланған кішкене шкафтағы ыдысты реттейді. Ол бұлардың әңгімесіне сирек қатысатын. Тек кейде үй шаруасын бітіріп, ұршығына ораған шүйке жүнді абайлап созып, қасына отыра қалушы еді. Ұршық үйіріліп, онымен бірге күйтабақ айналып, бетіндегі ине оның көмірдей қап-қара өзегінен Зере мен әкесін ешқашан жалықтырмайтын ғажап хикаяны сүзіп алып, бұларға жеткізетін. Бүгін Зүлпия жіпті иіріп, домбыраның күбірін, дастанды оқыған адамның дауысын құлағының шетімен тыңдап, мүлдем басқа жағдайды ойлап отыр. Осы күзде тоқсандағы Иманбай деген туыстарының асын берген. Оған інісі Сламбек әйелімен бірге келген. Жасы үлкен келін ретінде Меруерт асқа деген дайындықты басқарған. Зүлпия мен Бөстек те, қызын екі жақтан қолынан ұстап келді. Аулаға кіргеннен, Зере ойнап жатқан балалардың қасына жүгіріп кетті. Тырысқан Зүлпия, орамалының шашағын жұлмалап, қызғанышпен қызын қадағалап тұрды. Еш қарсылық көрсетпей, тағдырына көніп баласын бере салған Меруертке алғыс білдірудің орнына, бір кезде Зүлпияға өзі де онша түсінбейтін жақтырмаушылық пайда болды. Зере анасының жанына барса болды, орын таба алмай, ашуланып кететін. Ошақтың қасында шаруашылықпен айналысып жүрген Меруерт жүгіріп бара жатқан қызын көре салып, артынан көзін қадап, үндемей тұрып қалды. Сосын Зүлпиямен көзбе көз ұшырасып, бұрылып теріс қарады. Сол сәтте екеуі де қатты күйзеліп, жүректері, біреу пәрмен еткендей, сылқ етіп төменге тұңғиық қараңғыға құлап түсті. Біреуі төзе алмастай жағдайда ең қымбат өмірінің маңызынан үмітін үзгенін сезіп, екіншісі амалсыздықтан торыққан жан, қуанышқа сараң тағдырдың аз да болса берген титтей тұрақсыз бақытынан өзін айрылып қалудан қалай да қоршап алудың қамымен.

    Ұршықтың жібін ширатып отырып, Зеренің туған шешесін көріп, қасына жүгіріп барып, жасқанып тұра қалғаны есіне келді. Зүлпия қыздың арқасын көзімен тесіп, ашуын баса алмай, бір кезде баланың сезімтал жүрегі үлкендердің арасындағы түсініксіз араздықты сезіп, жалтақтап, бір нәрседен қорқып тұрғанын түсінді. Меруерт істің бәрін тастап, тізелеп отыра қалды да, қызын тас қылып құшақтап, екі бетінен жанталаса сүйді. Зере шешесінің алдында төмен қарап, үндемей тұрды. Оның анасының құшағында қимылдамай қалғанын көріп, Зүлпияның денесі бой бермей тітіркеніп кетті де, іштей: «Сезеді, бәрін де сезеді. Кімнің кім екенін де біледі» - деп ойлады. Зүлпия, Меруертке қызымен қоштасуға шама бермей, Зерені жетектеп, астан елден бұрын кетіп қалды. Түнде төсекте бетін қабырғаға бұрып, жанын қояр жер таппай, сыздаған жүрегін одан сайын сыздатып, өткен күнді талдап жатты, тек бадырайған көзінен бірде бір жас шыққан жоқ. Жылай-жылай көзі баяғыда құрғап кеткен.

18
    Хикаяның дәл ортасында әңгімелеген адамның дауысын бір шертпек үзіп жіберді де ойнатқыштың инесі бұрылып, арнайы құралына барып тұра қалды. Зере бәрінен озып жүгіріп барды да күйтабақты аударып, әкесін құшақтап, әрі қарай әңгіменің аяғын тыңдап отыра берді.

    Бір күні Зере икемсіз қимылымен күйтабақты инемен жырып жібергенде, ол жарамсыз күйге келді. Олай болса деп, Бөстек кезекті сапарынан түрлі-түсті жылтыр мұқабалы, ішінде көптеген суреті бар үлкен кітап алып келді. Тысында қолында семсері бар, сауыт киген батырдың суреті. Тұлпарына мініп, шауып келеді. Дулығасындағы үкіні жел тербеп тұр. Суреттің үстінен ірі қызыл әріппен «Алпамыс» деп жазылған.

    - Міне, қызым, күйтабақтың орнына кітап әкелдім. Енді сен барлық әріпті танисың, бұны бірге оқимыз, - деп кітаптың ортасын ашып, ішіндегі суреттерге үңіле қарады.

    - Кішкентай бала ғұрлым ақылың жоқ, қайдағы ертекпен әлек болып. Жалыққан жоқсың ба? - деп бұрқылдады Зүлпия. Суреттен көзін алмай, Бөстек әйелінің сөзіне мән бермеді. Жүзі ерекше нұрланып, күлімдеп, кітапты қызының қолына ұстатты. Зере оны ашып, оқи бастады:

    Орындалды Байбөрінің арманы, Шымыр бала тауып берді Аналық! Бақытына сенер, сенбес, айтқаны: «Айдай ұлды Алпамыс деп атадық!» Байдың іске қуанғаны соншама, Сойғызды аямастан сансыз малды. Кеңінен тоғыз жүзін қойдың ғана, Бастамам ол менің деп, құрбан шалды.

19
    - Ата, мен туғанда сен де дәл осылай қуандың ба? – деп Зере ернін бұртитып сұрады.
    - Әрине, қызым! Қанша жыл қуанып келемін, қуанышым еш таусылмайды.
    - Маған да тоғыз жүз қойды сойдың ба?
    - Жоқ, қарғам, - деп Бөстек күліп жіберді, - ол кезде менде қой да жоқ болатын, қазір де сонша малым жоқ. Бірақ, есейгенде маған немере тауып берсең, дәл солай істеймін деп уәде беремін!
    - Мұнша қойды қайдан алайын деп едің? Сол немереге дейін жетеміз бе екен? – деп ұршықтың жібін ширатып, Зүлпия жымиып күлді.
    - Табамын. Қызым үшін жер астынан табамын. Әдейі сол кезге дейін тірі жүремін, өзің көрерсің.
    - Баланың басын ертегімен айналдырғанша, жөнді, пайдалы нәрсе үйретпейсің бе?
    - Үйретемін, бәрін де үйретемін, тек аздап өссінші.
    - Болды ғой, енді әрі қарай тыңдайықшы, - деді Зере, әке-шешесінің тайталасуынан жалығып. Сосын кітаптің бетін абайлап аударды. Дастанның тармақтары бұлақтың мөлдір суындай төгілді. Бөстек пен Зүлпия үндемей тыңдап отыр. Алпамыстың әке-шешесіне киелі Ұмай-ана садақ пен жебе және ұршық пен шүйке жүнді сыйға тартты. Демек ол тек ұл ғана емес, артынан қызды да табады деген белгі. Расында, үш жылдан соң, Алпамыстан кейін Қарлығаш деген ару қарындасы дүниеге келеді.
    - Апа, мына ұршықты саған да Ұмай ана берді ме? - деп кішкентай қыз жалт қарады.

20
    Зүлпия сасып, біресе қызына, біресе күйеуіне көз жүгіртті.

    - Не деген тапқыр менің қызым! – деп Бөстек таңдайын қақты, - бұл қыстыгүні сен жаурамасын деп апаңа ұйық тоқып беру үшін керекті зат. Естисің бе боранның гуілдеуін? Ал сен аяғыңа ұйық киіп, рақаттанып, жылы жүресің.

    Екеуі Зереге қарап жалғасын күтіп отыр. Тіпті апасы да ықыласын аударып, әрі қарай не болатынын білгісі келеді. Әке-шешесінің қызығуын көріп, Зере онан әрі оқуға кірісті. Байбөрі мен Аналықтың Ұлтан деген өгей ұлы болған екен. Ол асырап алған әке-шешесін тіпті жақсы көрмей, өте мейірімсіз және сараң болып өседі. Ал Алпамыс болса, әрбір ертегідегі батырға лайық, күн сайын емес, сағат сайын өсіп, тоғыз жаста, күш-қуаты мол, жеңімпаз ер болып өседі. Гүлбаршынның алыс жерде тұратынын, арасы үш ай жүретін жол екенін біліп, Алпамыс атқа мініп, оны іздеуге шығады. Жол-жөнекей Байшұбардың жай, кәдімгі ат емес, аспанда ұшатын сиқырлы тұлпар екенін түсінеді.

    Екпінді ғой шапқаны бұл тұлпардың,
    Әр қадамы естіледі тұяқтың.
    Бір заматта жайып салды қанатын,
    Сүңгіді арасына қалың бұлттың.

    Ашты аспан алдынан кең қақпасын,
    Тынысын тарылттырып, жүрек соқты.
    Бұлтпенен аттың жалы араласып,
    тұла бойын үнсіз шаттық!

21
    Осы жерде Зеренің жүзі жайнап, аспанда қанат қағып ұшып келе жатқан тұлпарды, қолына семсер ұстаған ғажап батырды, дулығасының желпілдеген үкісін елестетеді. Ерекше қуанып, көзін сығырайтады да әрі қарай оқиды. Үш айлық жолды ол үш-ақ күнде өтіп шығады. Батыр өз қалыңдығын тауып, зорлап алғысы келген жаудың ханы Қараманмен шайқасып, ару жарын қайтарып алады. Гүлбаршынмен бірге туған жеріне оралып келгенде, тағы да бір Тайшық хан деген жау әкесінің бар табындарын айдап кеткенін естиді. Алпамыс қайтадан жолға шығады. Жауыз Мыстан кемпір оны алдап тұзаққа түсіреді. Тайшықтың бұйрығы бойынша батыр қараңғы, жер астындағы зынданда жеті жыл қамауда отырады.

    Сол бір сәтте Алпамыс ес жинады:
    «Ашыпсың, жер, арандай құрсағыңды.
    Мен сынды ақымақты кім алдады?
    Тек ешкім алдай алмас аруағымды!

    Жаратқан, неғып сені ашындырдым?
    Тірідей мені келіп жерге көмді
    Жауымның залым ойы, сатқындығы.
    Қу дұшпаннан кек аламай, үміт сөнді.

    Әкемнің орындамай өсиетін,
    Тайшықты арқандатып әкелмедім.
    Байшұбардың түсінбей қасиетін,
    Жазаға кіріп тар боп, отыр едім.

    Сол тұтқында Алпамыс көпке дейін бейнет көрер еді, бірақ оған Тайшықтың ару қызы Қаракөзайым ғашық болып қалады. Ол батырға Байшұбарды ертіп әкеледі. Олардың көмегімен Алпамыс терең зынданнан аман-есен сыртқа шығады. Сосын Тайшықпен және оның әскерімен шайқасуға бел буады. Жауын Мыстан кемпірмен қоса жеңеді. Бір күні жаман түс көріп, туған жері Жиделібайсынның апатқа ұшырағанын түсінеді. Алпамыс өз мекеніне бет алады. Жиделіге келіп, әбден күйреп жұтаған ауылдарды көреді.

22
    - Алпамыстың әке-шешесімен кездесетін жерін оқып берші, қызым.
    - Сонау жексұрын, сараң Ұлтан әкесінің тағын тартып алып, өзін түйе бағуға айдап, ал Алпамыстың кішкене баласын қозы қаратып қойған жерін бе? – деді асығып-үсігіп дастанды жатқа біліп алған Зере.

    Әкесі үндемей басын бір изеді. Қызының байқамағанда өсіп те қалғанын көріп, жүрегі ерекше қуанышқа толып кетті. Құдай ұл бермесе де, осындай сүйкімді қызының бар болғанына шүкір. Тірі жан, жүректің ғанибеті, үйге шаршап келгенде, жүгіріп келіп мойнына асылатын.
    Зере кітапты аударып, керекті бетін тапты. Алпамыс ата-бабасының жеріне қайтып келеді. Жауларынан жасырынып, дуананың алба-жұлба киімін киіп алады. Шөл далада түйе бағып жүрген, шашы әбден ағарған әкесін кездестіреді:

    - Қара сан, берекесіз өңкей неме...
    Арай, арай, – деп күбірлейді бүкшеңдеп,
    Жан жаққа бытыраған түйелерге
    Қарт бір кісі, қу таяғын жерге тіреп.

    Қайғылы кәрияның өз тағдырына шағынып, жауды қуып кеткен жалғыз ұлын қайтарып бер деп құдайдан сұрағаны:

    - Қанша жыл Алпамысты күткеніме,
    Хабар жоқ баламыздан содан бері.
    Біреудің малын бағып жүргенім не?
    Көз көрмейді, күн астында ағып тері.

    Жұт жеті ағайынды деуші еді,
    Керексіз бұндай өңсіз өмір маған.
    Өлгенім артық шығар тартып жерді,
    Ауыр жүк, масыл болмай, өмір, саған.

23
    Әкесінің осыншама мүшкіл халде болғанын көрген Алпамыстың жаны ашып, қарт кісі үркіп қалмасын деп, жәй ғана сөз бастайды:

    Қорқынышқа душар етсем байқамастан,
    Ақсақал, жолаушыны кешірерсіз.
    Айтсаңыз, тек жаманды ойламастан,
    Ажалға неге оңай берілесіз?

    Бірақ, осыншама күйінішті көрініске шыдай алмай, батыр әкесіне ұмтылады:

    - Әкетайым, неліктен жасырайын?
    Айтарым, Алпамыспын, сіз көп күткен!
    Жалған атты алаяқтан құтқарайын
    Жиделіні берекесі әбден біткен.

    Әкесі кенеттен сасып, әрең есін жиып баласына:

    - «Әкетайым» - дедің бе, ботақаным?
    Ойладым ба, естимін деп бұны сенен?
    Аман-сау қайтып келген асыл жаным», -
    Сыпылдады әкесі елеңдеумен.

    Жабыса құлады шал қойынына
    Ұлының, дір-дір етіп, үн шығармай.
    Салды әнін, беріліп ойынына
    Бұны көрген аспандағы бір бозторғай.

24
    - Ата, жылама дедім саған! – деп Зере әкесіне ұрысты.
    - Жылаған жоқпын, қызым, ол саған елестеген шығар.
    - Жыладың, жыладың, білемін мен, осы жерді оқысам болды, сенің көзің әрдайым қызарып кетеді.
    - Тентегім-ай, көзінің өткір болғанын қарашы! Мақұл, мақұл, қойдым. Ал, енді шешеңе оның Аналықпен кездескен жерін оқып бер.

    Зере кітаптың керекті бетін тауып, қайғыдан шөгіп кеткен Алпамыстың анасы туралы оқи бастады. Сондағы арқасына үлкен қапты артып, жалған Ұлтан хан үшін тезек теріп жүріп жылағанда айтқаны:

    Көздің жасын ағыздым жалтаңдатып,
    Жеті жыл күттім сені, құлыншағым!
    Сағындым-ау күні-түні үміт артып,
    Оралсаң, жанар еді менің бағым.

    Асылым, жан тірегім, қайда жүрсің?
    Қорғанышсың сен ғана бұ дүниеде
    Жұтаған, тым бейшара елің үшін.
    Халіміз сонша ауыр болды неге?

    Шешесін мынадай жағдайда тапқан Алпамыстың жүрегі жарылып кете жаздайды:

    Қарғып аттан түскенін сезбеді де,
    Құшақтады Алпамыс өз анасын.
    - Анашым-ау! – деп, өзге сөз келмеді де,
    Бақыт сазы, жүрекке ол да бір сын.

25
    Зүлпия қолын соғып, орнынан ұшып тұрды:

    - Ойпырмай, сендермен отырып қалыппын ғой. Ол не пәле, сағаттап қайдағы ертекті есалаң құсап тыңдау? Намазымнан кешігіп қала жаздадым, - деді де басқа бөлмеге кіріп кетті. Сондағы жайнамазын төсеп, құдайға ұзақ уақыт айтқан дұғасының сыбырын түсіну оңайға түспес еді. Мүмкін, үмітсіз, тірексіз қартаюдың ауыр және қорқынышты екенін, ұрпақ бермегенін құдайдың есіне салған болар. Балалы болудың адам үшін қаншалықты маңызды екенін. Ана бақытының дәмін татып көрмегенін. Зүлпияны ешқашан ешкімнің Алпамыс құсап құшақтап, «анашым» деп айтпайтынын... Ол тіпті өмір сүрмеумен тең болғаны емес пе? Бұл туралы Зүлпияның құдайдан басқа ешкіммен сөйлесуге дәті де бармайтын. Тек анда-санда ашу үстінде шалына тигізіп айтқаны болмаса, ол байғұстың кінәсі бардай.

    Намазын оқып болып, ыдыс-аяқты жинап, пешке отынды үстеп салып, көпке дейін әуреленіп жүреді. Жым-жырт, тек пештің мойнында боранның гулеуі естіледі. Отынның сатыры, бөлмені билеп алған рақат жылу қалғытып тәтті ұйқыға тартады. Зере есінеп, жуынуға барады. Апасы үшеуіне жерге төсек салады..
    Бөстек уһлеп, әрең тізесін жазып:

    - Расында, отырып қалыппыз, қызым, ұйықтау керек. Ертеңгісін мектепке барасың, - дейді.

    Зере сып етіп, екеуінің арасына төсекке кіріп кетеді де, әкесінің жылы бүйіріне жабысып жата қалады. Айнала тып-тыныш, тек секунд пен минутты санаған сағаттың тықылдауы ғана естіледі... Баланы мөлдір жамылғымен орап, ұйқы келіп қонады. Түсінде қолына семсер ұстаған батырды көреді. Қанатты тұлпарға мініп, ол аспанда ұшып келеді. Дулығасының үкісі желмен бірге желбірейді. Зүлпия да, қабырғаға бетін бұрып, тынышталды, тек анда-санда ауыр күрсінгені естіледі. Бір қолын жастанып, екіншісімен Зеренің ап-арық иығын сәл құшақтап, Бөстек үйдің төбесіне тесіліп қарап жатыр. Сондағы ойы – қызы, әйелі, өзі. Өткен өмірдің басқаша емес, дәл осылай қалыптасқаны үшін оны босқа айыптаудың керегі жоқ екені. Есесіне қасында домаланып бүктеліп жатқан титтей ғана жып-жылы тірі түйіршік. Осы баланың келешегін ойлауы керек, себебі Бөстек үшін бұ дүниеде мына кішкентай қыздан қымбат, артық ешкім жоқ. Еңкейіп, абайлап бетінен сүйді. Қызы түсінде әкесінің тікенектей мұртынан бетін сәл тыржитты. Қызына бұрылып, бар жақтан неше түрлі пәледен сақтағандай, аздап бүктеліп жатты да, байқамай ұйқыға батып кетті...

26
    Зере он жылдық мектепті аяқтаймын деп қалаға кеткенде, Бөстек зейнетке шығып, қызын сағынып, сарғайып бітті. Жиі ауыратынды шығарды. Бір беймаза, тоқтамайтын жөтел пайда болды. Дәрігерлер диагнозын белгілеп, туберкулездің жабық түрін тапты. Жабық дегені, айналадағыларға жұқпайтын, қауіпсіз ауыру болғаны. Мұндай дерт көпке дейін созыла береді дейді, бірақ бұл пәле жүрегін тырнаған уайыммен бірге өзінің түбіне жететінін Бөстек жақсы білді.
    Талай жыл жан-тәнімен қызмет еткен УАЗ енді есігінің алдында тұр.

    - Өзім сияқты ескі, бұның да ешкімге қажеті жоқ болғаны. Сол себептен ғой, оны маған ұжымның сыйға бергені. Қалған өмірін бірге өткізсін деп, екеумізді де шығынға жазып, шығарып тастады, – деуші еді елге Бөстек, көңілсіз ыржиып. Зере Алматыдағы шет тілдер институтына түсуге бара жатыр деген хабарды ести салып, Бөстек жолға жинала бастады. Басқармаға барып, өзінің бұрынғы шопыры Әленді бір-екі күнге сұрап алып, баяғыдай екеуі УАЗға отырды да Жамбылға қарай тартты.

    Кіреберісте әкесін көріп қалған қызы жүгіріп келіп, мойнына асылды да, екеуі осылай көпке дейін құшақтасып тұрды.

    - Ер жетіп, есейіп қалыпсың, балам, тіпті танымай да қалдым, - деді қымсынған әкесі, зорлана күлімсіреп. Балдызы мен келіні Бөкеңді өте жақсы қарсы алды. Меруерт асүйде әрекет жасап жатты, қыздары дастарқан жайып, көмектесіп жүр. Жанына қаяу түскен Бөстек қызына қарап отырып, оның жеңіл және еркін түрде өзінің жақын туыстарымен бас қосып кеткенін байқады. Зеренің туған үйінде өзін бақытты болып сезінгенін, туыстарының да қуанышқа бөленгенін көргенде, жүрегі бір жағынан шаттанып, екінші жағынан сыздап ауырып кетті.

27
    - Ал, Сланбек, үйіңде отыра беруге уақытым жоқ, Әлен де ертең жұмысқа шығуы керек. Саған бір шаруам бар еді, жүр, сөйлесейік, - деді Бөстек.

    Екеуі кабинетке қарай өтті. Әбден тозған баяғы жол сандығын ашып, ішінен бірнеше қабат қағазға оралған буманы шығарды. Орамасын ашып, жиырма бес және елу сомдық ақшаның қалың буындысын көрсетті.

    - Бұл менің өмір бойы жинағаным. Қызыма жұмса, ешнәрсеге мұқтаж болмасын. Бұның жетпейді десең, есігіңнің алдында УАЗ тұр. Сатып жібер де, түскен соманы Зеренің атына жинақ кассасына салып қой. Кім біледі қанша өмірімнің қалғанын. Жүрегім жай тапсын, аздап уайымсыз өмір сүрейін. Өзің білесің, Зереден басқа менде ешкімнің жоғын.
    - Бөке, қойыңыз, үйтіп айтпаңыз. Бәрі де дұрыс болады, уайымдамаңыз. Айтқаныңызды істейміз. Тұра тұрыңыз, әлі Зеренің тойын тамашалармыз.
    - Құдай соны бере қойсын. Мен оны көргім келмейді деп ойлайсың ба? Дегенмен Алматыда, үлкен қалада оқиды, онда көп нәрсе қажет болар.

    Бөкең өзін шығарып салуға рұқсатын бермеді. Кетерінде қалпағын киіп, қызын құшақтап, бетінен сүйді де, бәрімен қоштасып, шығып кетті...

28
    ***
    Зеренің палатасы перзентхананың үшінші қабатында еді. Ал кереуеті дәл терезенің қасында. Түнде шексіз, тұңғиық аспанға көпке дейін қарап жатты. Қараңғыда алыстағы жұлдыздар болар-болмас жымыңдасады, айдың домалақ табағы жерге өзінің бейқұт, інжудей мөлдір нұрын төгіп тұр. Сәбиі де тып-тыныш жатыр, түнде бірде бір жылап, анасын мазалаған жоқ. Тек сәл ернін шылпылдатып қояды. Бәлкім ол өзінің әлдеқандай нәрестелік түстерін көріп жатқан болар. Ел, бөпелерді Ұмай-ананың өзі қорғаштап жүреді дейді. Ұмай-ана олармен сөйлескенде, бөбектер шүлдірлеп жауап береді, ал ұйықтаған кезде, түсінде күлімдейді екен. Оны біздің түсінуіміз мүмкін емес, себебі бала кәдімгі адамдардың тілімен сөйлей бастағанша, ол Ұмай анамен құдайлардың тылсым тілінде ғана сөйлейді. Өмірдің қарбаласқан у-шуында балалық шағымызбен байланыстан айрылып, біз ертегілерге сенуден бас тартқанбыз. Сондықтан, сәбилердің білгенін біз біле алмаймыз. Зере, өскен баласының алып батыр болып, қолына семсерін ұстап, үстіне сауытын киіп, дулығасының үкісі желбіреп, қанатты тұлпармен көк аспанда ұшып келе жатқанын елестетіп, сәл күлімдеді.
    Сонан соң жай ғана:

    - Ата, немереңе Алпамыс деп ат қоямын. Сен мені естисің бе? – деген кезде, Зеренің көзінен моншақтай мөлдір жас төмен ағып түсті.


    Ескерту:

    ... шаңырақ орнатады мендей қартқа мола қазып* - көшпелі ел үшін бұ дүниеде баласыздықтан асқан жаза жоқ. Себебі, жалғыз бас, ағайын-туыссыз, артында тұқым қалдырмаған адам қайтыс болғанда, оны ата-бабасының жеті буынға дейін қайтарымсыз, біржолата із-тұзсыз кеткені деп білу керек. Ондай адамға моласының үстінен үйдің шаңырағын орнатқан. Қазақтың даласында бұдан асқан қайғылы көрініс болмаған дейді.




© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Шын жүрекпен кешір Вернуться к началу Жылама, жаным, жылама  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга