Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Мотоцикл



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

1
    Быжылдаған шыбын бөлмені әрі-бері кезіп ұшып жүр. Ұшқаны былай, оның мазасыздығын айтсаңшы. Біресе бетке, біресе мұрынға отыра қалады, болмаса шашқа шатысып ызылдайды келіп. Қысқасы, Шоқанға ұйқы бермеген соң, ол лажсыз төсектен тұрды. Ұйықтағаны дұрыс еді, өйткені алдағы күн қызық болмайын деп түр. Кеше ғана апасы:

    - Сазайыңды беремін, үйден күні бойы шықпайсың. Сендей қаңғыбасты әр түкпірден іздеп, әбден жалықтым. Сандалып жүргенше, үйде отырып шешең беріп жіберген кітапты оқығаның артық, - деген.

    Шоқан төсектен тұрып, есікті ақырын сықыр еткізіп, далаға қарады. Апасы жуылған қойдың жүнін мамық қылып түтіп, тапшандағы аппақ жаймаға реттеп жинап жатыр екен.

    - Апа, не істеп жатырсың?
    - Мынадан саған қыстыгүні кисін деп жылы ұйық тоқимын. Сен жүгермек қалада да кешке дейін қаңғып жүретін шығарсың. Ең болмаса аяғың жылы болсын.
    - Апа, мен сонда күні бойы үйде отырамын ба?
    - Отырасың, кітап оқисың.
    - Қалада мектепке барамын, онда ойнауға уақытым болмайды. Кітапты да сонда оқырмын. Қазір демалыс қой?

2
    - Әй, иттің баласы, мені әбден қалжыраттың-ау! Мейлің, тамағыңды ішіп ал да, алыстап кетпей үйдің қасына ойнай ғой, - деп апасы тапшаннан шиыршықтанып салбыраған ұзын, көріксіз түйір-түйір шүйке жүнді былай қойып, аяғын теңселе басып, самауырынның қасына барды. Құбырын шешіп, сексеуілдің бір-екі жаңқасын салып, шымшуырмен қызыл шоқты жақсылап қопарыстырды. Құрғақ отын тез арада тұтанып, самауырынның оттығынан түлкінің құйрығындай бұлтаңдап лап ете түсті. Құбырды қайта кигізіп, дастарқан жаюға кірісті. Самауырын, қарыны қампиған боржық құсап ентігіп, ызылдады.

    Апасы Шоқанның жақсы көретін ыстық, үлпілдеген бауырсағын пісіріп, үстелдің үстіне тостағанға үйіп қойыпты.

    Кеседегі шәйдің буына үрлеп отырып, бір табақ бауырсақты түк қалдырмай жеп бітірді де, қайда болса да жылжуға дайын екенін сезді. Тек Ержан әзірше еш жерде көрінбеді.

    Кеше екеуі ауылдың шетінде, тақыр даладағы төбеде өсіп тұрған үш биік терекке барамыз деп уәделескен. Алыстан қарасаң, олар аспанды үш жерден түйреп өткен жебе сияқты. Сол теректердің біреуінің жоғары ұшында олар бұрыннан сұңқардың ұясын байқап қалған. Жақында онда бірнеше балапан пайда болыпты. Егерде ағаштың басына өрмелеп шықса, ұядан кішкентай, үлпілдеген аппақ түйіршіктей балапанды алып, үйге әкеліп, оны зақпымен атып тапқан торғаймен асырауға болар еді. Бірақ, бүгінгі күн сәтсіз болып шықты. Апасы оған он шақты қадамнан астам жерге баруға тыйым салған.

3
    Шоқан тапшаннан ұшып тұрып, соқпақ жолға қарай аттамын санап қарғып секіргеннің өзінде бар біткені жолдың дәл ортасы екен. Іші пысып, айнала қызықсыз болып көрінді.

    - Апа-а-а, - деп Шоқан айғай салды, - ең болмаса жиырма аттамға рұқсат берші!
    - Мейлің, тек одан асушы болма.

    Тағы он қадамды өлшеп, Талмагүл апаның шарбағына дейін секіріп тірелді. Ішке демін бір тартып, біраз ойланып тұрды да, қайтадан айғайлады:

    - Ал, отыз рет ше?
    - Әй, иттің баласы-ай, санауды үйреніпсің ғой. Мақұл, тек мен сені көретін болайын.

    Шоқан шарбаққа таянып, келесі он аттамды қайда жасасам екен деп ойлап тұрған кезде алыста Ержан да көрінді. Жалаңаяқ табанымен ертеңгі жылы топырақты илеп, жүгіріп келе жатыр екен.

    - Кеттік терекке!
    - Тек отыз аттам. Одан асуға рұқсат жоқ. Апам үйден алыстама деді, - деп Шоқан әбден жайсыздыққа душар болғандай күрсінді де, шалқайып құлап, арқасын шарбаққа сүйеді. Ержан қасына келіп отырды.
    - Енді не істейміз?
    - Білмеймін.

4
    Жоғарыда, бүгін қапырық ататынын сыңай білдіріп, күн бірде бір бұлтсыз аспанға асықпай домаланып шықты. Екі бала құмның үстін шыбықпен шимайлап, шарбақтың жанында отыр.

    - Қарашы кімнің келе жатқанын.

    Алыстан осыларға қарай екі балдаққа сүйеніп, тәлтіректеп, шүберектен жасалған қуыршақ құсап жансыз екі аяғын әрең сүйреген Сабыржан көрінді. Мүгедек болып туып, жиырма жыл бойы оның азабын шегіп жүрген жігіт еді. Мықты, тарамыс қолының ірі алақаны балдақпен астасып кеткендей. Арбиған етсіз кең иығы балдаққа сүйенгенде, кішкене, жып-жылмағай сирек шашты басы тіп-тіке иығынан өсіп тұрған сияқты. Бірақ ол қуана күліп жіберсе болды, өткір қыр мұрынын көлденең тілген әжім қаптап, екі көзі күлім қағып, дүрдек ернін кеңінен жазған кезде аузындағы аппақ ірі тісі балташы жақсылап жонып тегістеген қоршаудағы сапқа тұра қалған тақтайға ұқсайтын.

    - Сәлем! – деді Сабыржан қуана ыржиып. Шапшаң екі балдақты бір жағына апарып, денесін ортасынан бүгіп, балалардың қасына отыра кетті, - сендер неге сонша көңілсізсіңдер?

5
    Екі бала бірдей демін басты. Бұлар Сабыржаннан еш нәрсені жасырмайтын да. Оның басқа үлкендерден айырмашылығы, балалардың тілін таба білетіні. Мысалы, басқалар құсап «мазаламай кетіңдер, барып ойнаңдар» әлде одан бетер «қайдағы жоқты айтпаңдар» деп ешқашан жекіріп сөйлемейтін бұларға. Әрине, ол ағашқа өрмелеуді білмейді, каналдың суына да еркінше шомыла алмас еді, есек-арбамен сексеуіл теріп әлде зақымен атып та көрмеген. Бірақ есесіне балалардың қай әзіліне де болса, ішек-сілесі қатқанша күлуші еді. Әуелі әзілдері онша қызық болмаса да. Сабыржанмен олар уақытын өте көңілді өткізетін.

    - Отыз аттам дейсің бе? Оның аз емес қой! Бұны еркіндік деп білуің керек, бауырым! – деп Сабыржан Шамсия апайдың қоршауының қасында қалың жапырағы күмістей жарқырап, жазғы самал желмен тербеліп тұрған жидеге қарай қолын бір сілтеді. – Дәл сонау жерде сенің отыз аттамың болар. Оған дейін өз аяғыммен барсам, бұ дүниеде менен бақытты адам болмас еді!

    - Ал көрмеппін, ол ағашта тұрған не бар! –деп Шоқан бұрқ ете қалды.

    - Е-е, достым, олай деп айтпа. Бұл аса бір ғажап ағаш! Көктемде, сен әлі өзіңнің қалаңда жүрген кезде біздің жиденің хош иісінің аңқығанын естісең! Керіп қойған жіп-жіңішке қылдай сыңғырлап басыңды айландырып жібереді. Ал күзде ше? Сен баяғы өзіңнің қалаңа кетіп қалған кезде бұтақты игізіп төгілген жидегін біз тамсанып тұрып жейміз.

6
    Шоқан бұндай ғажап ағашқа басқаша, жаңадан көргендей көзін қадады да, бір кезде:

    - Ал дәл қазір маған одан не пайда? – деді.
    - Жігіттер, осы жиденің астына кәдімгі әскердегідей штаб ұйымдастыруға болады.
    - Мәссаған керек болса! – деп Ержан қайран қалды.
    - Сонау көлеңкеде қадағалау пункты болсын.
    - Онда біз кімді бақылаймыз?
    - Кімді дегенің не? Егер ауылдың кемпірлерімен араласқандарыңда, осындағы талай қызықты естір едіңдер. Бірақ біздің стратегиялық мақсатымыз аздап өзге болып тұр. Сондықтан, қане, жиденің астына кеттік! – деп Сабыржан екі балдаққа денесін орнатып, тез ағаштың көлеңкесіне жетіп барды. Екі бала да өкшелеп артынан қалмай келді.
    - Бұл сендердің орналасатын жерлерің, - деді де Сабыржан балдаққа сүйеніп, жиденің астындағы солған шөпке отыра кетті, - осы арадан келген-кеткендерді аңду өте ыңғайлы. Еш нәрсеге алаңдамасаңдар, жақында біздің қасымыздан нағыз матрос өтеді.
    - Қайдағы матрос біздің ауылда? – деп таңданды Шоқан.
    - Естіген жоқсың ба? Мектепте менімен бірге оқыған Төлеген деген жігіт әскерден, үш жыл бойы флотта қызмет етіп, үйге қайтып келді.
    - Біз осында кешке дейін отырсақ та, ол бұл жолмен өтпеуі мүмкін - деді Шоқан.
    - Анау үйде біздің сыныпта ең сұлу қыз атанған Бақытқүл тұрады. Ол алдымен соған мақтанып, әскери киімін көрсетіп баруға тиісті.

7
    Қастарынан, салбыраған аяғындағы кебісімен жерді сырып, Иманбай деген шал есегін айдап өтті. Соңынан көк ала шаңды көтеріп тарсылдаған трактор өте шықты. Әрі-бері ұсақ-түйек шаруасымен бала жетектеп әлде өзімен өзі келе жатқан ауылдың әйелдері. Тек матрос жігіт көрінбеді.

    - Әнеки, әне, келе жатыр! - деп Шоқан орнынан ұшып тұрды.

    Расында, алыста асықпай, нағыз теңізшіге лайықты жүріспен аяғын теңселе басқан Төлеген көрінді. Кең балақты шалбар, үстіндегі көк көйлектің қайырма жағасында тура теңіздің зеңгір толқынының көбігі сияқты үш қатар аппақ жолағы бар, оның астынан матростар киетін ала жейде көрінеді. Басында күнқағарсыз фуражка, желкесінде желбіреген екі таспада «Солтүстік флот» деген жазуы бар.

    - Кеңес теңізшілеріне жалынды сәлем! – деп, Сабыржан қолын самайына тіреп, салют берді.

    Төлеген де жымия сәлемін қайтарып, тізелеп отырды да, досын құшақтай алды:

    - Сәлем, бауырым! Қалайсың?
    - Көріп тұрған шығарсың, еш өзгеріс жоқ, мына екі балдақ менің мәңгілік серігім. Өзің қалайсың?
    - Міне, әскери қызметтен біржолата босадым деуге болады. Осындай жағдайда: өз елімнің алтын бесігіне оралдым деуші еді ғой.

8
    Шоқан мен Ержан аузын ашып, Төлегенге тесіліп қарап қалыпты. Ғайыптан пайда болған біреудің өзі мына әскери киім киген жігіттен асып соншама таңданыс тудырмас еді бұларда.

    - Бақыткүлге бара жатырсың ба?

    Төлеген басын бір изеп:

    - Сабыр, айтшы маған, ол мені кәдімгідей күтті ме? - деп сұрады.
    - Күткен сияқты, - Сабыржан бір түрлі болып қысылып қалды да, сәл қозғалып, - әрине, күтті, дәл айттым саған, күтті, - деді.
    - Менің де үмітім сол, - деді Төлеген, тағы да аузының шетін сәл қисайтып. Осы бетінің еркекше ұстамды және өзіне тартатын қимылы Шоқанға ұнағаны сонша, кешке таман айнаның алдында мен де сөйтіп көрейін деп ойлап қалды.
    - Бас киіміңді маған өлшеуге бересің бе? – деді Шоқан, өзінің қысылғанын жеңуге тырысып.
    - Мә, балақай, өлшеп көр, - деп фуражкасын басынан шешкен кезде қысқа шашы үрпиіп шет шетке мыңдаған иненің ұшындай жайылып кетті.
    - Мәссаған, нағыз матрос бола қалдың ғой! – деп жымиған Төлеген Шоқанды көріп ысқырып жіберді.
    - Үйге барып, айнаға қарап келейінші?
    - Мейлің, тек бол дереу!

9
    Шоқан жан дәрменімен жүгіріп берді. Үйге ұшып кіріп, қол жуғыштың үстіндегі кішкене бұлдыр айнаға қарай ұмтылды. Басынан төмен сырғанаған фуражканы түзеді де екі таспасын жазып, өзіне үңіле қарады. Сосын Төлегенге ұқсауға тырысып, бетін сәл тыжырайтты. Тек жымиғаны өзіне ұнамады. Бір түрлі ұшқалақ, балаға тән аңқау сияқты болып көрінді. Тағы да бір-екі рет бетінің қимылын байқап еді, бірақ ойдағыдай болып шықпады. Уақыт жоқ, қайта бару керек. Жатар алдында тағы осы әрекетті істеп көрейін деген оймен далаға жүгіріп шықты. Ішінен: «Кешке бәрі де сөзсіз ойдағыдай болады» - деп, аласұрып жолды кесіп өтті.

    - Мә, - деп бас киімді ықылассыз қайтарып берді.
    - Ұнады ма? –Төлеген тағы да сәл ыржиды, - ала ғой дер едім, інішек, бірақ оным болмай тұр. Әскери кезеңім туралы естелік қой бұл, түсінсең. Өскенде флотқа қызмет етуге барсаң, тура осындайын аласың.

    «Қайдағы жаяу әскерге емес, дәл флотқа қалай тап болсам екен», - деп сұрайын деп еді, бірақ ұялғанынан сөз таппады да, үндемей Сабыржанның қасына отыра қалды.

    - Сабыр, тыңдашы мені. Бүгін кешкі сеанстан соң клубта жиналамыз. Онда біздің барлық жігіттер, күйеуге шығып үлгермеген қыздар болады. Сен де кел.

    Әдеттегідей шат күліп жүретін Сабыржан өзімен-өзі тұйықталып, реңі кетіп, жылтылдаған көзі сөнді де қалды:

    - Бауырым, кешір, бара алмайтын шығармын. Қыздар, анау-мынау... оған мен жарамаймын...
    - Жігітім, бос сөзді қой. Сені мен шақырып отырмын, естисің бе? Кел. Күтемін, - деп Төлеген қадалып, тік қарағанда, Сабыржан көзін төмен түсіріп, жәй ғана:
    - Білмеймін,.. көрерміз... – деді.

10
    Қасында тым-тырыс, қыбыр етпей екі кішкене бала отыр. Сол сәттегі сезімін Шоқан ешқандай да сөзбен жеткізе алмас еді, бірақ жарымжан адамның дәрменсіздігі мен жасқаншақтығына қарағанда мықты, өмірге деген ашкөз, тойымсыз сап-сау жастықтың артықшылығын анық байқады.

    - Келістік пе? Күтемін, кел. Ал, енді мен кетейін, - деп тікірейген шашын бас киімімен жауып, Бақыткүлдің үйіне қарай бет алды.

    Жиденің астындағылар жым-жырт болды. Сабыржан басын төмен салбыратып, жерге тесіліп қарап қалыпты. Тырс етпей екі бала ыңғайсызданып, оған қараудан қашқақтап, басын олай да, былай да бұрады. Екеуі де досының қатты қиналғанын, оған ешқандай көмегінің тимейтінін сезіп отыр.

    - Сабыржан, мен қазір апамнан сұрансам, бізбен бірге ұядан сұңқардың балапанын аулауға барасың ба? – деп Шоқан сарт еткізді.
    - Иә, иә, дұрыс айттың! - деп Ержан да қуанып кетті.
    - Қойыңдар, керегі жоқ. Шоқан, сен апаңды ренжітпе. Айттыма отыз аттам деп, демек солай-ақ болсын. Бақылау орталықтарың осы жерде екенін ұмытып қалдың ба? Жолға қара, әлі де талай қызықты көресің.

11
    Расында, қасынан тарсылдатып жап-жаңа мотоциклмен Шамсия апаның Әлен деген үлкен немересі зу етіп өтті де, бұрылып өзінің ауласына кірді.

    - Уә, мынауың мықты ғой! Жүр, сұрайық, бізді аздап қыдырта ма екен, - деді Шоқан.
    - Біз сұрағанбыз, көнбей қойды, - деп Ержан демін тартты да, - Шох, сен барсаң, рұқсатын береді.
    - Оны қайдан білесің?
    - Білемін. Ол сенің әпкеңе бұрыннан ғашық болып жүр.
    - Зереге ме?
    - Иә.
    - Оны қайдан алдың?
    - Сенен басқаның бәрі де біледі. Онысын аңғару қиын деп ойлайсың ба? Ылғи артынан көпке дейін тесіліп қарап тұрады. Барып сұра, саған сөзсіз береді.
    - Онда тәуекел етіп бар, - деп Сабыржан Шоқанның арқасынан қақты, - мен болсам үйге кетейін.
    - Тоқтай тұр, кетпеші. Кім біледі, беретін де шығар. Олай болса, мен сені үйіңе дейін мотоциклмен апарып тастаймын. Қалай қарайсың?
    - Мақұл. Сені осы жерде күтейін. Тек жалынып жалбарынба, абыройыңды жоғары ұстап, өзіңді өзің сыйлап сұраушы бол, түсіндің бе?
    - Түсіндім! Ал, онда кеттім, –шарбақты айналып, қақпаның қасына барды да аулаға көз тастады. Жуықта он сегізге толған Әлен мотоциклді қораның көлеңкесіне қойып шүберекпен шаңын сүртіп жатыр екен. Мынадай мотоциклді талай жыл армандап, ақыры осыдан бір апта бұрын оған әкесі көптен бері күткен үш дөңгелекті аспа бесігі бар «Уралды» сатып алып берген. Енді нәрестені баққандай, онымен әбден әуре болып жатқаны.

12
    - Сәлем, Әлен!
    - О, Шоқан, сәлем! Қалайсың? Ауыл, демалыс көңілдегідей ме?
    - Ия, бәрі де жақсы. Сенің мотоциклің керемет екен, мықты!
    - Ұнайды ма?
    - Иә.
    - Өзіме де қатты ұнайды. Әлі күнге дейін көңілім тоймай қойды. Қазір ғана әкемді басқармаға апарып тастадым, онда бірсыпыра жұмысы бар екен.

    Сондағы Шоқанның Әленге үңіле қарағаны: «Зерені ұнатқаны өтірік болса не істейін? Онда мотоциклді бермес». – деген ой. Сосын біраз үндемей тұрып, тексерейін деп тік қарады да:

    - Зере екеумізге ауыл өте ұнайды, - дей салып, ары қарай өзі күтпеген жерден сарт еткізді, - естідің бе, Төлеген әскерден оралыпты. Оның матростар киетін нағыз жолақ жейдесі мен күнқағарсыз фуражкасы бар, - деп.

13
    Әлен мотоциклін сүртуді қоя салып, Төлеген туралы жаңалықты тіпті естімегендей, тілін әрең бұрап, ақырын ғана:

    - Зереге біздің ауыл шынымен ұнайды ма? - деп сұрады.
    - Иә, өзі маған солай айтқан, - деген кезде Әленнің демде сорайған жағын байқап, Шоқанның жүрегі аспанға дейін ұшып кете жаздады.

    «Береді, нақ береді» - деп қуанып кетті де, дегенмен тәуекел етіп:

    - Әлен, айдап көрейін, рұқсат етесің бе? - деп сұрады.
    - Кішкентайсың ғой, Шоқан, шамаң келмейді.
    - Жүргізе білемін, рас айтамын! Атаммен бірге тура осындай мотоциклді айдағанмын. Ол мені алдына отырғызып, рөлді басқартқызған.
    - Онда кел, алдыма отыр, мен сені атаң құсап қыдыртайын.
    - Әлен, мені түсінсең қарашы, сонау ағаштың астында Сабыржан отыр. Оған балдақпен үйіне жету қиынға түседі. Ал мен болсам оны аспа бесікке отырғызып, тіке жолмен көшенің шетіне дейін апарып тастап, қайтып келемін.

    Әлен сәл қымсынып, не істерін білмей, біраз ойланды да:

    - Онда былай істейік, аяғыңның ұшы басқышқа дейін жетсе, Сабыржанды айдап апарасың, болмаса үшеуіміз бірге барамыз. Жарай ма?
    - Келістік! - деп айқай сала жаздап Шоқан мотоциклге бейімденейін деп жүгіріп барды.

14
    Алдыңғы орынға отырып алып, тұла бойымен мотоциклге жабыса жығылып, әйтеуір, басқаратын тұтқасына қолын жеткізді. Сосын табанын созып, ақырында аяғының башпайларымен әрең дегенде басқышқа дейін жетті-ау!

    - Әлен, қара, аяғым басқышқа тірелді! Енді айдауға бересің бе?

    Әлен иығын бір көтеріп, күрсінді:

    - Айтпа, айтсаң, уәдеңнен қайтпа. Мақұл, тек жолға шығарайын, сен алдымен бір айналып көр. Әлен мотоциклді жолға шығарып, рөлді туралап берді де, Шоқанды отырғызып:
    - Абайлап айда, газды қатты қыспа, тежегішті жәй ғана, бірқалыпты, жұлқыламай бас. Эй, Шох, естисің бе, мені бір қырсыққа тап қыла көрме. Әйтпесе әкем мені өлтіреді, түсіндің бе?
    - Түсіндім. Қорықпа, мен байқап айдаймын.
    - Ал, енді жәй ғана айналып шық.

    Шоқан бұрылып, артына қарады. Сабыржан сол қалпында ағаштың көлеңкесінде отыр екен. Қасында, Шоқаннан көзін алмай Ержан тұр. Екеуі де мынадай зілмауыр темірді қалай жүгендеп алады екен деп қобалжып тұрғаны. Тепкіні аяғымен бір-екі рет басып қалып еді, мотоцикл сол арада аюдай бақырып жіберді. Қозғалыс тетігін жылжытып, ақырын айналып келіп, Сабыржанның қасына тоқтай қалды:

    - Кел, отыр. Үйіңе дейін желмен таласып апарып тастайын. Ержан, сен осында бол, ешқайда кетпе. Апам мені іздесе, сылтау ойлап табарсың.

15
    Сабыржан жайлы орнынан уһлеп тұрды да, өзін өзі аспа бесіктен ап деп асырып, балдақтарын қасына жайғастырып отырды:

    - Ал, інішегім, кеттік! Тек байқа, өзіңді де, мені де мұрттай ұшырма.
    - Қорықпа, мен жай жүремін.
    - Сабыр, көзіңді салып отыр, - деді Әлен, - газды қатты басқызба.

    Шоқан тағы да жәй ғана айналды да, екінші рет тезірек айдап өтіп, тұтқышты түзеп, соқпақ жолмен Сабыржанның үйіне қарай зулап ала жөнелді. Сол сәтте құлақтары сызғырып, жел бар күшімен танауын делдеңдетіп, беттеріне сарт ете қалды. Шоқанның көз жасы ытқып, жүрегі кеудесін жарып жіберетіндей тарсылдап кетті. Соңынан неге екені белгісіз, мотоцикл құмның үстімен бұлталақтап, тұтқыш қолға көнбей, оң аяғы салбырап, мотоциклдің тепкісін іздеумен ауаны сипалап қалды. Шоқанның көзі қарауытып кеткені сонша, тек алдынан Иманбай шалдың аласа ағаш шарбағын көргенде ғана есін жиғаны. Сосын мотоцикл ағаштың түбіріне ме әлде басқа төмпешікке ме тіреліп, әйтеуір, қарғып түсті. Сабыржан екеуі қалай ұшып, құмның үстіне жалп етіп құлағанын түсінбей де қалды. Басқарудан айрылған мотоцикл, ескі шарбақты опырып, аздап жүрді де, ауланың ортасында өсіп тұрған ағашқа соқтығып тоқтады. Тек Шоқан оны көрген де жоқ. Құмның үстінде жатып, біртіндеп есін жиған кезде жағдайдың соншама сұмдық екені зәресін кетірді.

16
    Апасы Шоқанды тапшанға жатқызып, үндемей, дірілдеген қолымен басын, денесін сипалап:

    - О, әруақтар, баламды пәледен сақтай көріңдер! – деді.

    Оны ұрсу деген ойында да жоқ, тек уһлеп, өзіне өзі бірдемені сыбырлап қояды. Атасы келіп, басынан сипады да:

    - Құдайға шүкір, екеуі де аман-есен, тек мотоцикл быт-шыт болыпты. Әленнің әкесімен барып, сөйлесіп келейін. Ыңғайсызданып тұрмын, - деді.

    Шоқан екі көзін жұмып, болған жағдайға іші удай ашып жатты. Әленнен тіпті ұят болды-ау, абайлаймын деп уәде беріп еді оған. Енді ол әкесінен әбден таяқ жейтін болды. Осының бәріне де Шоқанның бір өзі ғана кінәлі. Әсіресе өкінгені, Сабыржанды үйіне жеткіземін деген сөзінде тұрмағаны. Сүйген жарына ырғақты және батыл қадаммен бара жатқан матрос жігіттің артынан Сабыржанның қаяулы жүзбен қарағаны есіне түскенде, жүрегі қысылып, бір уыс болып сыздап кетті. Астан-кестен жайттан кейін оның жағдайы не болды екен?

    Мотоцикл ағашқа соғылып, үні өшкен кезде ғана Сабыржан есін жиды. Соққыдан ұшып түсіп, жолдың ортасына келіп құлапты. Сол бір сәтте бар өмірі көз алдынан өтті. Сонша аз мерзімде өзіне сансыз ойдың келгеніне таңданды да, шынтағына сүйеніп жан-жаққа көз салды. Ержан екі балдағын ұстап, қасына келді:

    - Амансың ба? Елеңдеме, Шоқан да аман-есен, оны апасы үйіне алып кетті. Тек мотоцикл мыж-мыж болды. Онда қазір біраз адам жиналып тұр, - деп.

17
    Сабыржан үндемей балдағын икемдеп тұрды да, жан-жағына қарамай, соқпақ жолмен тікелей үйіне қарай бет алды. Біраздан соң, тоқтай қалып, болған жан түршігерлік оқиғаны, Шоқан екеуінің бұ дүниемен бір сәтте қоштасып кетерінің мүмкіндігін көз алдына елестетіп, селк ете қалды. Өзіндей ересек жігіт неғып екі кішкене баланы осындай ақмақтыққа айдап салды екен? Сосын, ойына бір нәрсе келгендей, ішін еріксіз қысып бара жатқан күлкіні сезді. Біразға дейін бар дауысын салып сылқылдады келіп, тіпті қарқ етіп күліп жіберген кезде денесі дәл ортасынан бүгіліп кетті. Тоқтайын десе, зор, ұшы- қиыры жоқ күлкі шығу жолын іздегендей, итермелеп, денесің солқылдатып, біресе теңселтіп, біресе алды- артына қайқайтып, бой бермегені. Бұл күлкіні бүкіл денені рақаттандырып, тасып-төгілген бақытты күлкі деп атауға болмас еді. Бұл күлкі әуе шары құсап қампайып, керілгеннен міне, қазір, ауыртып, жәбір көрсетіп ішін жарып шығатын сияқты болып көрінді. Шыдай алмай Сабыржан жылап жіберді. Екі иығын солқылдатып, денесін босатып, көз жасы судай ағып түскенде, бұл шексіз күлкінің ыстық ағынның бойымен шыға бастағанын сезді. Бетін көйлегінің жеңімен сүртіп, Сабыржан алға ұмтылды. Біріншіден ол көк аспанға көз тастады. Сонан соң сол жағындағы үйлердің арасында көкжиектің сызығына жақындап, жансыраған шуағымен алыстағы төбелерді құшақтаған қызғылт түсті, алаулаған күнді байқап қалды. Айналадағы осындай асқан әсем дүниені өмірінде бірінші рет көргендей, Сабыржан жып-жылы кешкі ауаны бар демімен жұтып, бір кезде өзінің тірі екенін, бұл керемет әлемнің оған тиесілі болғанын қапыда ұққаны. Жүрегі дір ете қалып, соңынан, өмірінің болашақта сансыз, көптен-көп болатын сәттерін санағандай, бір қалыппен соға бастады. Сол кезде Сабыржан ыржиды да, өткір қыр мұрынын көлденең тілген әжім қаптап, екі көзі күлім қағып, дүрдек ернін кеңінен жазған кезде аузындағы аппақ ірі тісі балташы жақсылап жонып тегістеген қоршаудағы сапқа тұра қалған тақтайға ұқсап кетті. Неге екенін өзі де түсінбей, күтпеген жерден:

    - Рақмет саған, Шоқан, рақмет, балақай! – деді де, балдақтарын асыға тыпыр-тыпыр еткізіп, үйіне қарай бет алды. Клубтағы кешкі сеансқа дейін бар болғаны толымсыз екі-ақ сағат қалыпты.



© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Кешкі шайдан кейін... Вернуться к началу Ұмсынай апа  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга