Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Шын жүрекпен кешір



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

01
    Бір нәрсе аяқты жалап өтті. Шоқан селк етіп оянып кетті. Жергілікті каналда қаптап жүрген зиянсыз су жыланы екен. Иығы босап, қайтадан бетін құмға сүйкеп құлады да көзін жұмды. Тұтқыр ұйқы жібергісі келмеді. Оянамын деген Шоқанның ойы да жоқ еді, ол ұйқыны жақсы көретін. Бірақ, жан-жақтан түрлі қызық шу жабылып бас салғанда ұйқы тіпті жолда қалды. Күн тас төбеде аяусыз күйдіріп тұр, сыңғырлаған ауа жым-жырт. Жоғарыда бозторғайдың шырылы, алыста судың шалпылы, балалардың таныс айқайы мен күлкісі естіледі. Тұрғысы келмеді. Қап-қара болып күнге күйген қолын созып, оны, екінші қолымен ақырын құмды жинап, көміп тастады. Сосын ықылассыз отыра қалды да, еңкейіп екі аяғын көмді. Қолымен тырмалап, өзін беліне дейін бітеп тастады. Құм әжептеуір ыстық екен. Қасынан өрнекті ізін қалдырып шапшаң кесіртке өтіп шықты да ініне тығылып қалды. Құйрығын жұлып алса, қашып кетеді де жаңа құйрық өсіріп алады. Басқа уақытта оны Шоқан ұстаймын деп қуана ұмтылар еді, бірақ әзірше аяқ-қолы ұйқыдан әлсіз болған соң, біраз отырып демін басты да, орнынан тұрып, асықпай каналға қарай тартты.

    Амантай мен Әлібек суда адасып жүрген бақаны ұстауға тырысып жатыр екен. Майканың мойыны мен жеңін түйіндеп байлап тор құрып алыпты. Желқабық құсап қампайып кеткен майканы екі жағынан ұстап, балалар оны суға малып, тосқындарына бақа түсіп қалар деген үмітпен әрі-бері жүгіртіп жатыр екен. Лай суда еш нәрсе көрінбегеннен соң, майканы қайта-қайта жоғары көтеріп, ішіне қарап қояды. Одан су ағып түскенде, түбінде тек құм, шөп, сексеуілдің шөпшегі, басқа майда қоқыс қалады.

02
    Шоқан суға енді қарғып түсейін деген кезде жағада жасырынып тұрған бақаны байқады. Оған тұла денесімен құлап, сырғып қашып кетпесін деп, екі жағынан қолымен қысып алды. Бақаны алақанына салып суға секірді де, тура Амантайдың күнге оңып, шатасып кеткен шашына лақтырып жіберді. Амантай қуанышты айғаймен екі қолын көтеріп тұтастырып еді, бірақ бақа із-түзсіз жоқ болды да кетті.

    - Есің дұрыс па? Қолыма неге бермедің? Бір сағат болды ұстай алмағанымызға, - деп Амантай ренжіп қалды.
    - Үйге қайтайықшы, қарным ашты, апам ұрсады. Далада жүре берсек, күн өтіп кетер, - Шоқан демін басты
    - Біздің ағаштың астына кеттік, көлеңкеде торғай атайық. Осы сендер, қалалықтар бір түрлі нәзіксіңдер, күннен қорқасыңдар, - деп Әлібек қосып қойды.
    - Мен еш нәрседен де қорықпаймын, әншейін қарным ашты, - Шоқан бұрқ ете қалды да, зақпысын алып, - мақұл, ағаштың астына барайық, - деді.

03
    Күнге қап-қара болып әбден күйіп кеткен үш жалаңаяқ бала шалбарларын киіп, ыстық құмды аяғының ұшымен басып егін алқабына қарай бет алды. Оған таяу далаң жердің дәл ортасында атам заманғы аса ірі қарағаш өсіп тұр еді. Былтыр ғана сол қарағаш алға білдей қолын созған алып батырға ұқсайтын. Ол шектен тыс сорайып өсіп кеткен бұтағы еді. Сол, созған қолға ұқсайтын бұтағына мініп алып, балалар зақпымен торғай атып, кейде әңгімелесіп отыратын, кейде басын төмен қаратып асылғанды да жақсы көруші еді. Бірақ осы күзде ауылда өте қатты дауыл көтеріліп, біраз ағашты қиратқан, үйлердің шатырын быт-шыт қылып қопарып, шөптің маяларын ұшырып әкеткен. Жел басылған кезде елдің көргені, қарағаштың «алға созған қолы» өз салмағын көтере алмай сынып, енді ағаш артқа шалқайған балуанға ұқсап қалыпты. Сорайған бұтағы орнында тұрған кезде ағаштың діңінің оған қарсы салмақ болып басқа жаққа бүгілгенін ешкім байқамапты да. Сол шалқайған жағында ағаштың көлеңкесі аса қалың еді.

    Балалар бірден солған шөпке құлай кетті. Арқаларын ағаштың жуан және қисық діңіне сүйегенде бұдыр-бұдыр қабығының сызаты арқаларына батып кетті. Бұл қарағаш атасының Шоқаннан да кіші кезінде, тіпті бөпе болып, жорғалап жүргенінде аспанға ұмтылып тұрған болатын. Қысқасы, мың жыл бұрын деуге де болады. Өте көріксіз, ескі ағаш еді. Ыстық шөл даланың самал желі биіктегі, шуылдаған торғайлар тобына толы қалың жапырақтарды судырлатып тұр. Шоқан осы ширатылған бұтақтардың арасында уһлеп өрмелеп жүрген атасын көз алдына елестетіп, күлкісі келіп кетті.

    - Неменеге күлесің? – деп оған екі досы бірдей бұрылды.
    - Жайша, бір нәрсе есіме түсіп кетті.
    - Мыналарды атайық, - Әлібек зақпымен торғайларды көздеді.
    - Қойшы, жай әншейін жатайықшы, - деп есінеді Амантай.
    - Мақұл, - Шоқан тікенекті шөпке созыла кетті.

04
    Алыста трактордың гүрілі, көрші егістікте сауысқанның шықылығы, ал жоғарыда, тура төбелерінде арпаласқан торғайлар тобының ашулы сайрауы естіледі. Ауа салқындап, рақатқа батуы соншама, үш бала қимылдағысы келмей тырп етпейді. Қолдарын жастанып, жоғарыдағы қалың жапырақтардың арасындағы торғайлардың шайқасынан көзін алмай аңдып жатыр. Шоқан оны анда-санда шөптің сабағын шайнап қояды. Тамақ ішкісі келді.

    Үшінші сыныпты бітіріп апасы мен атасының ауылына жазғы демалысқа келгеніне екі ай болды. Шоқан ауылды, осындағы достарын елжіреп тұрып жақсы көретін. Бұл әлемде не болса да, оның бәрінен артық көруші еді. Мысалы, біреу үлкен кемемен нағыз теңізбен, ол тұрмақ мұхитпен жүзесің десе де, Шоқан ауылы мен достарын оған айырбастамас еді. Апасын, атасын, ауылды қатты сағынып, жазғы демалысты екі көзі төрт болып күтуші еді. Бұнда өзін өте бақытты сезінетін. Бір кезде осы жақтың рақатына еш ұқсамайтын қаладағы өмірін, әкесін, анасын, мектептегі және үйдің ауласындағы достарын көз алдына елестетті. Осындай естеліктер не істеп жүрсе де, күтпеген жерден ойына келе қалушы еді. Егерде басында ол әншейін тек естелік болса, кейіннен ойласа болды, тамағында тас тұрып қалғандай, жылағысы келетін.

    - Не болып қалды? – деп Амантай басын бұрды.
    - Құр әшейін.
    - Үйіңді сағындың ба? – Әлібек сәл жымиды.
    - Ешқандай да сағынған жоқпын, - Шоқан, опасыз көз жасын білдірмеуге тырысып, бұрқ ете қалды.
    - Жылауық маматайын сағынды, - Әлібек зәрлі мысқылмен өтірік қыңқылдады.
    - Өзің жылауықсың! – Шоқан орнынан ұшып тұрды.
    - Ей, екеуің де қойыңдар, - деп Амантай зірк ете қалды, - туыстарын сағынуға ешкімге тыйым салуға болмайтынын мен анық түсіндім... Әсіресе Сауранбай кеткелі бері. Мен оны аңсаудан зарықтым...

05
    Екеуі де бірден үнін шығармай отырып қалды. Осы көктемде бітіру емтихандардан біраз уақыт бұрын мектепте жан түршігерлік оқиғаның болғанын бәрі де білуші еді. Амантайдың ағасы, оныншы сыныптың оқушысы Сауранбай Шубаев қаза тапты. Сол кезден төрт айдай уақыт өтті. Амантай, ағасы бүгін де жоқ, ертең де болмайды деген ойға енді ғана көндігіп келе жатыр еді. Ол туралы ешкіммен, ешқашан сөйлескен де емес, тек түнде көз алдына елестетіп ойша ағасымен әңгімелесетін. Енді не істерін сұрап, ақылдасып жылап алатын. Өзінің он жыл өмірінің ішінде ағасын аз да болса өкпелеткенін ойына түсіріп, кешірім сұрайтын.

    - Қалай болғанын айтып берші? – деді Шоқан ақырын ғана.

    Амантай көпке дейін үндемей жоғарыдағы жапырақтар арқылы алысқа қарап отырып қалды. Қапырық күн кеми бастады, самал жел балалардың құм мен су және күннен сабалақтанған шашын ұйпа-тұйпа қылып желбіретіп тұр.

6
    - Оныншы сыныпта оларда алғашқы әскери дайындық пәні болған. Онда мылтықты дұрыс қолдануды үйреткен. ТОЗ-8 деген. Біздің үйде тура сондайы болған, тек нағыз патронды. Оны Сауранбай сабақтан кейін әкемізден сұрап алып, бізге қалай бөлшектеуін, жинауын, қалай шаппасын қайыру керек екенін, қалай дұрыс оқ атуды көрсеткен болатын. Енді әкеммен бірге аң аулауға барамын деп мақтанатын. Бірақ әкеміз қауіпті деп, патрондарды тығып қойды. Сол патрондарды Сауранбай ылғи жалынып сұрайтын, оны пайдалануды жақсы білемін деп дәлелдеп, бірақ одан ешнәрсе шықпады. Бір күні аңдып жүріп, тыққан жерін тауып алды да, әкеміз үйде жоқта жолдастарымен келіп мылтықты патронымен бірге жымқырып кетті. Сосын алысқа барып, далада өсіп тұрған сексеуілдің ұшына ескі құлақшынды кигізіп, кезекпен атқан. Өздері үшеу болған: Сауранбай, Болатбек және Әділ, ал патрон төрт дана еді. Сондықтан бірінші және төртінші оқ Сауранбайға, ал Болатбек пен Әділге бір-бір ату тиеді деп келіскен.

    Бірінші Сауранбай атты. Оқ шетін жалап, салпаңқұлақ бас киім қисайып, бұтақтың ұшында салбырап қалды.

    - О, сәл ғана болса да, дегенмен тиді! - Сауранбай қуанып кетті.

    Сосын Болатбектің кезегі келді. Ол мылтықты алып, құлақшынды көздеген кезде, Сауранбай иығын түртіп:

    - Тоқтай тұр, мен құлақшынды жөндейін, әйтпесе құлап қалар, - деп сексеуілге қарай жүгіріп кетті.

07
    Кейіннен үрейден тас болып қатып қалған Болатбек, неге атқанын ешкімге түсіндіре алмады.

    - Мен білмеймін, білмеймін... ол өзімен өзі атқандай...мен...мен атқан жоқпын, мен атқым келген жоқ... мен... мен... – деп әке-шешесіне де, аудандық милиция бөлімшесінде өткен тергеуде де қайталай бергеннен басқа жауабы болған жоқ. Сосын екі қолымен бетін жауып, теңселіп жылай берді.

    Әділді үй қамаққа қалдырып, Болатбекті сотқа дейін аудан орталығына әкетті.

    Ауылдағылардың барлығы бұл қайғы немен аяқталады екен деп, үндемей қалшиып қалды. Балалардың үшеуі де елдің көз алдында өскен, әрбір ауылдас жақсы білетін және де ешкім олар туралы бірде бір жаман пікір айтпас еді. Ал енді не болды? Біреуі бұ дүниеден кетті, екіншісі дем арасында кісі өлтіруші, үшіншісі оның сыбайласы бола қалды.

    - Мен әке-шешемнің сондағы жылағанын бұрын ешқашан көрмеппін, - деп Амантай әңгімесін жалғастырды, - өте қорқынышты!

08
    Сонау ағасы қайтыс болған күннен ол туралы сөз бастағаны бүгін бірінші рет еді. Бір кезде, шешесінің күйіктен естен танғаны туралы ол ешкімге тіс жарып айта алмайтынын түсінді. Әкесі баласын жерлеп келіп үстелдің жағасына отырып, басын төмен салбыратып, екі қолына жатты да, күні бойы қимылсыз отыра берді. Бір кезде басын көтеріп Амантайға қарағанда, ол шошып жылап жіберді. Өйткені, әкесінің көзі өте қорқынышты, адамға тән емес боп көрінді. Мұнда жоқ, басқа алыс жерде сияқты. Міне, қасында, үстелдің жағасында отырғандай, сонымен бірге осында тіпті жоқ сықылды. Сол сәтте апасының әр адамның бойында үлпілдеген жаны бар деген әңгімесі Амантайдың есіне түсіп кетті. Адам қуанғанда, жылағанда, күлгенде әлде мұңайғанда, оны жанының қуанғаны, жылағаны, күлгені әлде мұңайғаны деп білу керек екен. Әкесінің көзқарасы неге сонша мағынасыз, қараңғы және қорқынышты екенін енді түсінгені: оның көзінен жаны тайып, алысқа, үлкен ұлының жанымен бірге ұшып кеткен болар.

    - Сосын біздің үйге Болатбектің әкесі келді. Кіреберістен ол әкемнің алдына тізелеп құлады да жылап жіберді. Мен ол кісіні өте аяп кеттім. Жұмағұл аға үнемі қуатты, қатаң мінезді адам еді, енді кішкентай бала құсап еңірегені қиын екен. Ол бірден әлсіз, дәрменсіз бола қалды. Мұндай күйде ол кісіні ешқашан да көрмеппін. Сосын шығар, қатты аяғаным. Бірақ, менің әкем оның қолын өзінен алып тастап, үндемей үйден шығып кетті. Сөйлескісі келмеді. Соңынан Жұмағұл аға жәй ғана:

    - Дұрыс, Аралбай, сенікі дұрыс, енді бізге ешқандай кешірім жоқ, - деді де, басын төмен түсіріп, үндемей шығып кетті.

09
    Мамыр айының аяғында балалар жазғы демалысқа шықты. Мектеп бітірушілерге мемлекеттік емтихандардан кейін орта білім туралы аттестаттарын ұстатып, алдын ала дайындалған салтанат кеші болмайтынын хабарлап, азалы жиын жариялады. Мектепте бір айдан астам Сауранбайдың қара таспамен оралған портреті ілулі тұрды.

    Шал мен кемпірлер демін ауыр басып:

    - О, Алла, аузынан уызы арылмаған титтей балаларды осындай сыннан өткізетін қандай күнәсі бар еді? – дейтін.

    Басқалары басын шайқап, кәмелетке толмаған қылмыскерлердің колониясына қандай мерзімге отырғызады екен деп жоритын.

    Әйелдер болса, қайғырып:

    - Құдайым-ау, ол жерден мүлде өзгеріп, басқа адам болып келеді ғой! Өз өмірін өзі быт-шыт қылды дей бер. Оңай ма, адам өлтіргені? – деп күйінетін.

10
    Екі айдан соң сот та болды. Ауылдағылардың біразы аудан орталығына, байғұс балалардың тағдыры не болады екен деп, сотқа қатысуға келді.

    - Сосын ше? Болатбек пен Әділді отырғызған жоқ қой, - деді Шоқан.
    - Жоқ, отырғызған жоқ. Соттың төрешісі енді үкім шығарайын деген кезде, есік сарт етіп ашылып, менің әкем кіріп келді. Болатбек пен Әділдің қасына барып, екеуін кезекпен құшақтаған кезде олар жылап жіберді. Сосын залда отырғандардың барлығы да жылады. Олар тұрмақ сот төрешісінің өзі көз жасын ұстай алмады. Сонда әкем:

    «Сауранбайдың ажалына кінәлі тек мен боламын. Жазықсыз балақайлардың тағдырын быт-шыт қылуға менің ешқандай хақым жоқ. Сол қарғыс атқан патронды үйде ұстамағанымда, ұлым да тірі болар еді», - деп дәл осылай айтты. Содан кейін сот төрешісі істі жауып, ел, Болатбек пен Әділді қоса, үй-үйіне тарады.

11
    Кешке Аралбай Амантайды қолына алып, тас қылып құшақтады да, тізесіне отырғызып:

    - Кейде адамдар бір-бірінің жүрегін еркімен бе, еріксіз бе жаралатып, қайғыға батырады. Бұндай азапты тарту оңай емес. Бірақ өзіңе өкпемен қайғыны тудырған адамды кешіре аламын деген сезім пайда болса, онда тек шын жүрекпен кешір! – деді.

    Баласының шашын ұйпалақтап, көптен бері бірінші рет бетіне күлімдеп қарады. Амантай әкесінің мейірімді және мұңды көзқарасын байқап, оның жанының қайтып орнына қонғанын анық түсінді.

    - «Өкпемен қайғыны тудырған адамды кешіре аламын деген сезім пайда болса, онда тек шын жүрекпен кешір!» - деген әкемнің сөзі есімнен кетпейді. Сондықтан, Шох, білесің бе, сенің анада мені ұрып соққаныңды шын жүрекпен кешіремін. Есіңде ме?
    - Уә, қараңғы болып кетіпті ғой! Кеттік үйге. Бізді іздеп әлек болып жатқан шығар, - деп Әлібек орнынан ұшып тұрды.
    - Жүр, Амантай! Расында кеш болыпты, апам ауылды неше айналып шыққан болар, - деп Шоқанның да мазасы кетті.

12
    Сөйтіп үш жалаңаяқ бала әбден суыған топырақты басып ауылға қарай зымырады. Үйге жақындаған сайын Шоқанды қауып-қорқыныш басып, күшейе берді. Оны іздеп, ауылды ол шетінен бұл шетіне дейін аралап шығып апасының аяғынан аяқ қалмаған шығар. Қазір ол өте ашулы, сондықтан міндетті түрде Шоқан таяқ жейді. Дәл солай болып шықты. Қолына ұзын шыбығын ұстап, апасы келе жатыр екен.

    - Қазір мен сазайыңды тартамын, сандалбай, қаңғыбас неме! – алыстан апасы, шыбығын сілтеп, - ұйқы жоқ, демалу жоқ, қайда қаңғырып, күні бойы аштан аш жүрсің, ә?– деп айғайлады.

    Шоқан кетік тісін ырситып алдынан шықты.

    «Апа, білемін, қазір сен шыбығыңмен осып жібересің. Оныңды шын жүрекпен кешіремін. Рас айтамын, күні бойы жоғалып кетемін деп ойлаған жоқпын. Апатай, ұрыспашы, сен де мені тек шын жүрекпен кешірші, мақұл ма?» – деп ішінен жалынды.



© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Ұмсынай апа Вернуться к началу Атын Алпамыс деп қоямын  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга