Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Қызғалдақ әпке



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

1
    – Зере, үйдесің бе? – Гүлжанның сыңғырлаған дауысы жым-жырт бөлмені қақ жарғандай болып естілді. Ұзын бойлы, сүйкімді, өзі көрші және де аталас ағайынның қызы еді. Жаудыраған, әрдайым күліп тұратын қарақат көздері бүгін бір ерекше қуанышқа толы, тістері ақ маржандай жарқырайды. - Сен әлі ұйықтап жатырсың ба? Бұл не деген масқара? Далаға қарашы – қандай тамаша күн! Дүниедегі бар қызықтан айрылып қаласың ғой мына түріңмен. Тұр тезірек…

    Зере күрсініп, төсектен лажсыздан көтеріліп, екі жұдырығымен көзін уқалады. Ұйқылы-ойяу бір көңілсіз қарлыққан дауыспен қырылдап:

    - Тамаша күн болса қайтейін? Ұйқым келіп тұр, - деді де қайтадан жастығына құлай кетті.
    - Дереу тұрсаң, мен саған бір кереметті көрсетемін. Жуынып, ертеңгі асыңды іш. Бір жерге барамыз.

    Зере жатқан бетінше керіліп, төсекке бір аунады. Мең-зең түрімен ернін бұлтитып, еркелеп, - тұрғым келмейді, - деп тағы аунап түсті.

    - Солай ма? Сендей жалқау қызға осыншама ғажап күні сұлап жатуды көрсетейін. Тұр дедім, – деп, шыдамы таусылған Гүлжан кішкентай Зеренің қабырғаларын сипап, қытықтап жіберді.

    Зере бажылдап, аяқ-қолын жыбыршытып, тіпті еденге сырғып түсті. Ұйқылы көзі шайдай ашылып кетті. Гүлжан қызалақты қағып алды да жоғары бір-екі рет лақтырып, артынша бауырына қысып:

    - Жаным, аш көзіңді. Бәрібір ұйқы бермеймін, - деп күліп жіберді.

2
    Үлкен бөлмеде Зеренің анасы асыға дастарқан жайып жатыр. Қасында темір жайпақ табақтың үстінде самауырын шулап тұр.

    - Әй, Гүлжан-ай, титтей қызды не қыласың? Әлде құрбы-құрдастарың жок па? Екі-үш жылдан соң сен де осындай баланы тауып алатын жағдайға жетесің. Зеремен не туралы сөйлесесің, айтшы? – деп басын шайқап, қолын сілтеді, - Өзің білерсің. Алдын ала тамақтанып алыңдар.
    - Жо-жоқ, рақмет, тоқпын. Зере ішсін, мен тек бір кесе шай ұрттайын.

    Қуаттанып алып, екеуі соқпақ жолмен ауылдың шетіне қарай тіке тартты. Күннің ойнақы сәулесінің көзді шағылыстыратын жарығының әлі де шыжыған ыстық қызуға толып үлгермеген ерекше жылуында, желдің бір қоздырма лебінде көктемнің демі сезіледі. Жүректі қобалжытып, кеудеде секіруге соншама мәжбүр етуіне қарағанда, міне қазір қарғып сыртына шығып кететін сияқты. Ағаштардың көкті жарған бірінші жабысқақ жапырақтары көрінді. Жолдың екі сұрғылт жағасының әрбір жерінен жас шөптің көк сабағы үймелеп сығалап шығыпты. Биікте бозторғайдың шырылдаған дауысы естіледі. Ауаның иісінің өзі адамның басын айналдырып, терең дем тартқызады.

3
    - Қайда барамыз? – Наразыланып Зере әпкесіне қарады.
    - Жаным-ау, мен саған бір ғажап нәрсені көрсеткім келеді, жүгірейікші!
    - Кеттік!

    Екеуі қол ұстасып алға зымырап жөнелді. Біраздан соң ерке қыз Зеренің қабағы қайтадан түйіле бастады. Гүлжанның артынан алқынып, әрең үлгеріп келе жатыр.

    - Әпке, бір жерге кешігіп барамыз ба? – деп сұрады.
    - Бұрқылдама, мен саған қазір бір сиқырлы нәрсені көрсетемін.
    - Ол кәдімгі ертегідегі сиқырдай ма? – деп қуанышы қойнына сыймай Зере шыр ете қалды.
    - Әрине, әйтпесе біз осылай өкпеміз өшкенше жүгірер ме едік?

4
    Әбден ентіккен Гүлжан мен Зере ауылдың ең шеткі үйлерін артта қалдырып, ашық жерге шыға бергенде, көкжиекке дейін қып-қызыл қызғалдақтан кілем жамылған кең байтақ дала көрінді.

    - Ой, шіркін, қандай тамаша! – деп Зере демін ұстап қалды.
    - Расында, не деген ғажап! Сен болсаң келгің келмеп еді. Көрдің бе? Нағыз табиғаттың құпиясы осы емес пе? Бұндай сиқыр ертегіде де жок. Жүр, жақыннан гүлдерді жақсылап көрейік.

    Абайлап, жіп-жіңішке сабағы желмен теңселіп тұрған қызғалдақтарды басып кетпеуге тырысып, екеуі желбіреген жалындай гүлдің толқынына еніп кетті.

    - Әпке, біраз гүл терейікші, - деп Зере алға ұмтылды, бірақ Гүлжан басын шайқады:
    - Болмайды, жаным.
    - Неге? – Зеренің ауызы бұртия кетті.
    - Сен сияқты кішкене кезімде апамнан бір хикаяны естігенім бар: баяғы заманда осы кең дала үшін біздің батырлар жаумен талай шайқасқан. Батырлардың қаны тамған жерде көктем сайын гүл шығады, әр қызғалдақта қайтыс болған ердің жаны қоныс тапқан. Туған жеріміз оларды есте солай сақтайды, түсіндің бе? Өздері батыл жүрек, қуатты, мейірімді және жарқын жандар болған. Тура осы гүлдей…

5
    - Сонда, олар сенің Батырқаның сияқты болғаны ма?

    - Мүмкін… - Гүлжан ойшаң түрде алысқа қарап қалды. Самал жел албыраған бетін әдемілеп көмкерген, ешқашанда бұрымына қосылмайтын бұйра шашымен ойнақтап тұр. Сүйгенін әскерден күткеніне бір жылдай уақыт өтті. Атап айтқанда, тоғыз ай, он бір күн болды. Қазір Батырқан алыстағы Молдавияда. Гүлжанға жиі-жиі хат жазады. Әңгімесі сол, баяғы әскери кызмет туралы. Оның бәрінен де аса қорқатыны, Гүлжан күтуден шаршап, ауылдағы басқа қыздар құсап, тұрмысқа шығып кетпесе екен деген ой. Болжамсыздық деп осыны айт. Гүлжан күрсініп, басын шайқайды. Оған бұ дүниеде Батырқаннан басқа ешкімнің керегі жоқ екенін неге түсінбейді? Соңғы кезде ол әуелі клубтағы киномен би кештеріне жиналатын құрдастарының арасына баруды да қойды. Жігіттердің әзілдесуі мен қыздардың ұшқалақ көз қарасы жанына қатты бататын болды. Сөздеріне қарағанда, кейбіреулері мектептен кейін қалаға оқуға аттанайын деп жатқан сияқты, басқаларының үйленетін әлде тұрмысқа шығатын ойы бар. Әлдекім туған ауылда жұмыс істемекші. Бірақ Гүлжанға олардың әңгімелері тіпті қызық емес. Ол күн сайын өзінің Батырқанын күтуде. Екеуі облыс орталығына, Жамбыл қаласына бірге оқуға барамыз деп уәделескен. Гүлжан педагогикалық институтты, ал Батырқан гидромелиоративтік және құрылыс оқу орнын таңдаған.

6
    - Гүлжан әпке, қарашы, қандай әдемі! – Біресе көк, біресе қоңыр шынының сынығын көз алдына апарып гүлдерге тесіліп қараған Зеренің сыңғырлаған дауысы ойын қапыда үзіп жіберді. Қалтасынан қолын суырып алды да, кішкене алақанын жайып, түрлі-түсті ұсақ шыныны көрсетті. Қасына тізелеп отыра қалып, Гүлжан күрсіне, сары шыныны көзіне апарып, айналаға қарады.

    - Расында, әдемі екен … Ал, енді көрейік, кім анау жерге дейін озып барады екен. Бірақ абайла, гүлді басушы болма, – деп, жауабын күтпей, Зеренің қолын іліп алып, алға ұмтылды. Екеуі көктемгі балауса шөптің үстімен, қалың қызғалдақтар өскен жерді байқап айналып өтіп, зымырап келе жатыр. Артта қала бастаған Зерені көтеріп алып, алыстағы көкжиектегі қар жамылған тау тізбегіне қарай бар пәрменімен жүгіріп берді. Бетіне соққан жылы самалдың лебін жұтып, Зере Гүлжанды тас қылып құшақтап алған. Дәл осылай Гүлжан да бір кезде, осы жерде желмен жарыса жүгірген Батырқанның қолында отырып, иығынан құшақтап еді.

    - Осы гүлдерді, кең даланы, анау тұрған тауларды саған сыйладым, - деп оның құлағына әндеп сыбырлағаны, ал өзінің бетін күнге тосып, екі қолын екі жаққа жайып:
    - Сыйыңды қабылдады-ы-ым! Енді мына гүлдер, күннің нұры және таулар менікі-і-і! – деп, дауысының дірілдегенін баса алмай, айқай салғаны әлі де есінде.

7
    Бір кезде екеуі сұр тышқанның ұясына сүрінді де, ду күліп, жұпар иісті жас шөптің үстіне құлады. Кенеттен қалыптасқан жым-жырт тыныштықта ауыр демін басып, қыздың көзіне біраз тікелей қарап, ойнақтаған тентек ұшқынмен қатар қапыда пайда болған абыржуды байқап қалды. Қысылғанын жігітінен жасыра алмай, екі көзі еріксіз төмен қарады. Соңыра әлсін ғана ерінге ерін төніп, бірінші рет нәзік махаббаттың толқынына екеуі де бар-баршасымен батып кетті. Гүлжанның тұла бойын сол сәтке дейін беймәлім тітіркену билеп алғаны. Артынша қолы, аяғы, көзі, жүрегі әлсізденгенде, бар болған дүниесін көктемде еріп, өз бетімен жайылып төгілген судай сезінді. Күннің нұрының жұмсақ жылуы, шексіз бақыт… ал көзді ашып қол созса, қасында желмен тербеліп тұрған жалындаған қызғалдақтар…

    - Жібер мені! Өз аяғыммен жүргім келеді, - деп еркелеген Зере құшағынан сытылып, жерге томп етіп секіріп түсті. Гүлжан тізесін бугіп қасына отыра қалды. Төменде, шөптің арасында да қызып жатқан өмір. Ауаны ары-бері кезіп жүрген ара, инеліктер. Шөптің түбінде іскерше шапқылап әбігер болған құмырсқа, түрлі қоңыз, өрмекші. Бәрі де осы көзге көрінбейтін әлемде асығып, уақытпен арпалысуда. Себебі ертеңгі күні-ақ, бір көз жұмғанша, осы шөл далаға тең шолақ гүлдеу кезеңі аяқталады. Жақын арада күн қатал қапырық күшін жинап мына жалт еткен көркем даланы қуартып жібереді де, гүлденіп тұрған бақты сұрғылт топыраққа айналдырады…

8
    Шөптің сабағымен өрмелеп келе жатқан кішкене ғана қан қызы деген қызыл қоңызды ұстап алып, Гулжан Зеренің саусағына жібере салды. Ол деген шапшаң алақаннан білекке, одан шынтаққа дейін өрмелеп шықты да, бір кезде қимылсыз тұра қалды. Оны аңдыған Зере бірден:

    Қан қызы-ау, қан қызы,
    Өттің ауаны сызып.
    Маған берік дос болсаң,
    Таза шындықты айтсаң.
    Ақ ордада жүресің,
    Онда көйлек тігесің.
    Менде бірге барайын,
    Сол көйлекті алайын,

    - деп асығып тақпақты тақылдатып айта салды да саусағының ұшымен қоңызды итеріңкіреп жіберді. Қоңыз болса қанатын жайып ұшты да кетті …

9
    - Міне, көрдің бе қашқанын, - деп Зере өкініп қалды, - оған тағы да тақпақ айтып берейін десем. Мен оның талайын білемін. Ал сен ше, білесің бе?
    - Білмегенде.
    - Айтып берші.

    - Мысалы, қарғалар егінді шұқып тастамасын десең, оларға былай деу керек:

    Әй, қарғалар қаптаған,
    Күнге әбден қақталған.
    Ұрлық жасайын десеңдер,
    Бақшамызға тиіссеңдер,
    Қарауыл бар қорғайтын,
    Тымаққа басын орайтын.
    Ағаш қолын сілтейді,
    -Бұл арадан кет - дейді!

10
    - Енді мен айтайыншы, - деп тыпыршып Зере жалғастырды:

    Ала бояу сауысқан,
    Білем сені, адасқан.
    Өсегіңді сапырма,
    Басымызды қатырма.
    Салдырлауды қой дедім,
    Ауылыңа қайт дедім.
    Онда жерді қазасың,
    Қазынаны табасың.

    - Не деген тамаша! – Деп Гүлжан қайран қалды да, – ал, енді мені тыңдап көр. Күзде, қаздар жылы жаққа ұшқанда, олармен былай қоштасу керек:

    Қаздар, қаздар, ақ қаздар,
    Кетсең, жүрегім сыздар.
    Жылы жақты қайтесің?
    Бізді тастап кетесің.
    Көктем бір күні келер,
    Күтумен күндер өтер.
    Бәріне де бағынып,
    Сендерді өте сағынып,
    Тыным таппай күтемін,
    Кездесерміз, сенемін…

11
    Гүлжан шалқасынан жатып, жіңішке шөптің сабағын шайнаумен, бірде бір бұлтсыз ашық аспаннан көзін алмай, іштен: «Тыным таппай күтемін, кездесерміз, сенемін…» - деп қайтадан Батырқан туралы ойға шомып кетті. Зере Гүлжанның иығына сүйеніп, жайғасып алды да:

    - Сенің кім туралы ойлап жатқаныңды табайын ба?
    - Тауып көр.
    - Өзіңнің Батырқаның туралы ойлап жатырсың. Таптым ба?
    - Дәлме-дәл. Қалай сен оны біліп қойдың, ә?
    - Көзіңнен-ақ көрініп тұр ғой. Қайғыланбай-ақ қойшы. Келеді қайтып бір күні сенің Батырқаның, осыдан көресің. Сосын екеуің үйленесіңдер де «жасайсыңдар үлкен той, бізге мазақ – ой-пой»! – деп Зере шиқылдап күлді. Гүлжан бұрылып:

    - Қазір мен осы бұзық қызды көзінің жасын ағызып қытықтаймын, - деп саусақтарын тарбитты. Қолының ұшы да тимей жатып:
    - А-а-а… арамсың, сенімен ойнамаймын. Жауабын дәл таптым ғой. Не үшін қытықтайсың? – деп Зере шыр ете қалды.
    - Мақұл, мақұл, қойдым, - деп, Гүлжан келіскен болып қолын төмен түсірді де, бір кезде Зерені бір-екі рет қытықтап жіберіп, орнынан ұшып тұрды да алыста бұтағы кеңге жайылған үлкен қарағашқа қарай заулап жөнелді. Артынан қалыспай Зере де жүгіріп ағаштың түбіне жетті. Көлеңкеге орналасып, Гүлжан оны тас қылып құшақтап алды да:

12
    - Батырқанның қайтуына әлі бір жылдан астам уақыт бар. Ол өткенше талай нәрсе өзгеруі мүмкін. Маған қайтып келеді ме екен, әлде мүлдем ұмытады ма? Қалай ойлайсың, айтшы? - деді.
    - Әлбетте саған қайтып келеді. Мен оны анық білемін, - деп, ересек адамдар құсап Зере басын изеді.
    - Әй, аңқауым-ай, сен оны қайдан білуші едің? - деп Гүлжан бір күрсінді.
    - Біріншіден, аңқау емеспін. Неге десең, күзде мен мектепке, бірінші сыныпқа барамын. Ал, екіншіден, біздің ауылдағы ең сұлу қыз сен екеніңді елдің барлығы да біледі. Рас айтамын. Сен тура мына қызғалдақтардай әдемісің. Ой…, мен сені Қызғалдақ әпке деп атайыншы?
    - Қалай? Құдайым-ау, қойшы, - деді Гүлжан, қысып тұрған күлкісін жасырып.
    - Әпкетай, ұлықсат берші? Нең кетіп жатыр? Бәрібір емес пе, Гүлжан ба, Қызғалдақ па? Олай да, булай да гүл болады ғой? - деп жалынып берді Зере.
    - Айтқаның болсын, - Гүлжан байыпты түрде басын бір изеді де, - екеуіміз үйленерде, мен саған жекелей «Батырқан мен Қызғалдақтан» деп белгіленген шақыру билетін жіберемін, - деп, ағаштың бұжыр-бұжыр дінгегіне шалқая құлап, аппақ тісін жарқыратып күліп жіберді. Артынша, біраз уақыт үндемей отырып, былай деді:
    - Мен осы күнге дейін бұл құпиямды ешкімге тіс жарып айтқан емеспін, ал саған айтайын, себебі сен менің ең кішкентай, ең жанқияр досымсың. Солай емес пе? Айтшы, расымен солай ғой?
    - Ия, солай, - деп Зере аса бір салмақты және жауапты түрде келісті.

13
    - Ол мен үшін бұ дүниеде ең асыл, ең тамаша адам. Одан артық ешкім жоқ. Мен оны, керек болса, өмірбақи күтемін. Екеуміз үйленгеннен соң бірге қалаға оқуға кетеміз, - деп, Гүлжан қарғып тұрды да, жол-жөнекей секіріп: «Одан артық ешкім жоқ, одан артық ешкім жоқ!» - деген қайталаумен ауылға қарай бет алды. Зере де кішкене аяғын қыбырлап басып, оның артынан әрең дегенде үлгеріп, сөзбе-сөз: «Одан артық ешкім жоқ, одан артық ешкім жоқ»! – деп бір кезде, табанының ұшымен көтеріліп, тоқтап тұрған Гүлжанға:
    - Қызғалдақ әпке, сенен артық ешкім жоқ! - деп, белінен құшақтай алды.

    Арада бір ай өтті. Анасы Зерені жетелеп, Гүлжанның және оның сыныптастарының бітіру кешін көзіміздің шетімен бір көрейік деп, мектепке барды. Мерекелі күнге арнап асханада ұзын қатарға созылған үстелдерге аппақ дастарқан жайылған. Ал акт залындағы колонкалардан көңілді музыканың әуені естіледі. Гүлжанның бүрмелі белдемшелі сәнді аппақ көйлегімен көз үйренбеген биік өкшесін көргенде кішкентай қыз оны бір ерекше қиялдағы сиқырлы періге ұқсатты. Гүлжан түкпірде өзінің құрбыларымен шаттана күліп тілдесіп тұр екен. Көптеген қыздармен жігіттерден біраз қымсынып, Зере залды кесіп өтті де, Гүлжанның қасына жүгіріп барып, қолын ұстай алды. Әпкесі көйлегінің етегін сәл ғана қолымен түзеп отыра қалды да, Зерені бетінен шолпылдатып сүйді. Мектепті бітіргенімен құттықтай салып, анасы Зерені асыға үйге қарай алып кетті, осындай бір ерекше жағдайда жастарға кедергі болмайық деп.

14
    Зымырап жарты жылдай уақыт та өтті. Гүлжанның санауы бойынша, Батырқаннын әскерден қайтуына жеті ай және екі апта қалған кезде, оны қараторы, денесі де, мінезі де ауырлау, көп сөйлемейтін бір көрші ауылдың жігіті алып қашады. Ол туралы Зереге бір де бір адам айтпақ тұрмақ, тісін де жармапты. Әйтпегенде Зере де басқалардың естігенін білер еді. Мысалы, Гүлжанның кешке, жұмыс аяқталған соң үйге келе жатқан кезінде қолайсыз жағдайдың орын алғанын. Жігітін әскерден күтумен совхоз басқармасына хатшы болып орналасқан. Қапырық енді басылайын деген кез. Күнделікті жолымен келе жатып артында тарсылдаған жүк көлігінің дыбысын естиді. Бірақ Гүлжан оған мән бермейді, негізі осы жолмен ертеден кешке дейін түрлі машиналар, тракторлар, УАЗдар ары-бері тоқтаусыз жүретін. Ойламаған жерде машинаның кабинасынан екі жігіт, тағы екеуі шанағынан қарғып түсті. Қасына жетіп, үндемей қол аяғынан шап беріп ұстап, машинаның қауынан асырып ішіне лақтырып жіберді. Онда тұрған екі жігіт қызды қағып алды. Біреуі, ешкім естімесін деп Гүлжанның аузын қолымен қысып, тырп еткізбей ұстап отырды. Машина тез арада көрші ауылға қарай зулап, кең аулалы үлкен үйдің алдына алып келді. Ауылдың бас зоотехнигінің үйі болып шықты. Ал Гүлжанды алып қашқан жігіт оның баласы екен. Бірнеше ошақта сақырлап қазан қайнап жатыр, көптеген адамдар ары-бері тынымсыз ауланы кезіп жүр. Келіннің түсуін күтіп, дайындалып жатқан болуы керек. Жылап- еңіреп, жігіттердің қолынан жұлқынған қыздың қасына екі қартаң әйел жүгіріп келді де, басына ақ орамал жапты. Оны жұлып алып, Гүлжан бар күшімен айқай салды:

    - Не істеп жатырсыздар? Жіберіңіздер, өтінемін, жіберіңіздерші! Мен кеткім келеді. Жоқ, жоқ, керегі жоқ… Жаңағы әйелдерге тағы бірнеше жас келіншек қосылып, қыздың екі қолын бұрап алды да, орамалды қайта басына іліп, үйге қарай:

15
    - Қой, айналайын, жылама, бәрі де оңына түседі. Енді бізге келін болдың. Қайтар жол жоқ, бұл сенің тағдырың, қарағым. Осыдан әр аттамыңды ақылға салуың керек. Қайтамын дейсің. Қайтсаң, әке-анаңның, елдің бетіне қалай қарайсың? Ұят болады, сабыр ет - деп сүйреді.

    Әбден құты кеткен Гүлжан бар шамасымен жұлқынды, бірақ әйелдердің тұтқыр қолы ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Кері қарай бір де бір аттам жасатпады. Еркіндік, әдетті өмір, міне енді алыстағы қол жетпейтін махаббаты, бәрі де артта қалды. Батырқан көз алдына елестеген сәтте Гүлжан жараланған аңдай ыңырсып жерге құлап, үмітсіздіктенгеннен оны сүйреп келе жатқан әйелдерді аяғымен тепті. Абыржып, олар қызды қоя берді. Гүлжан ұшып тұрып, есікке қарай ұмтылды. Бірақ алдынан иін тіресіп бір топ жігіт мен қыздар шыға келді. Араларында ақ сақалды шал тырмысып, бата бергелі тұр. Жігіттер Гүлжанды екі жағынан ұстап, күшпен төр бөлмеге кіргізіп, күтіп отырған әйелдердің қолына тапсырды.

    Қорытып айтқанда, осыдан ешкім еш нәрсені өзгерте алмас еді. Тағдырына лажсыз көніп, Гүлжан жүрегі қаламаған жігіттің үйінде қалды. Ақылға сыймайтын, ғасырлар түкпірінен сонша мейірімсіз, бұрмалаған түрде жеткен, кеңес өкіметінің уақытына дейін ұмытылмаған салт осындай еді. Сонымен кішкентай Зеренің өмірінен, үңірейген құр бос жер қалдырып, сүйікті Қызғалдақ әпкесі зым-зия жоқ болып кетті. Келесі көктемде әскерден Батырқан да қайтып келді. Бір күні, еш ұрттамайтын Батырқан әбден мастанып, баяғы Гүлжанды алып қашқан жігітті ұстап алып, өлімші етіп сабайды. Соңынан, із-түзі жоғалып, белгісіз жаққа кетіп қалған дейді. Ол туралы Зере кейін, үйге қонаққа келген әйелдердің әңгімесінен естіген. Келесі жарты жылда Зеренің әке-шешесі қалаға көшіп, оны мектепке, бірінші сыныпқа оқуға берді…

16
    ***
    Бүгін Зере, Алматының автомобильдер кептелісі арқылы зорға өтіп, үйіне күнделіктегіден кеш келді. Балалары өз шаруасымен тарап кеткен. Қызы, әдеттегідей, кешкі асты әзірлеп қойыпты. Күйеуі жақын арада жұмыстан келуі керек. Кіре берісте туфлиін шешіп, бөлмедегі диванның үстіне құлай кетті. Біраз уақыт қимылдамай, есін жиып жатты. Жұмыстағы бүгінгі күн өте қиын болып еді. Сондықтан Зеренің ойынша, екеуінің тыныштықта, теледидар алдында кешті өткізуге толық ерігі бар. Пультке қолын созғысы келмей, қарама қарсы қабырғадағы өзінің сүйікті суретіне қарап, қимылсыз жата берді. Кең, байтақ далада, алыстағы қар жамылған таулардың және аспанның көгілдір аясында шауып бара жатқан асқан сұлу бір топ жылқы. Ұзын, жібектей жалын самал жел желбіретеді. Зере бала кезінде олардың өрісте жайылып жүргенін талай көрген, бірақ гүрсілдетіп, жерді сілкіндіріп зымыраған табынды көрген емес. Дегенмен, әрдайым осы суретке қарап, бақытты, қамсыз балалық шағын көз алдына елестететін. Сол күндердің бірінде әкесі оны жетектеп кішкене құлыншақтың қасына ертіп барды. Тұздалған бір түйір нанды алақанына салып, аздап шошынып, құлынға қарай қолын созды. Оны көрген әкетайы жанына отыра қалып, қызын құшақтап, құлағына: «Қорықпа, жаным, ол да сен сияқты кішкентай» - деп сыбырлағаны әлі күнге дейін ойынан кетпейді.

    Құлынның нанға бас созғаны, оны абайлап ернімен іліп алғаны, делдиген танауы, жібектей жұмсақ тілі, бәрі де Зеренің есінде біржола қалған… Қапыда сөмкесінде телефоны шыр ете қалды.
    - Кім болды екен? – деп, Зере ынтасыз сөмкеге қолын созды.

    - Тыңдап тұрмын.

17
    - Аман-есенсің бе, Зере!
    - Ия, есенбісіз. Кешіріңіз, танымадым…
    - Тек таңданба, айналайын, бұл мен, Гүлжан әпкеңмін. Ініңді кездейсоқ жолықтырып, сенің нөміріңді алып едім.
    - Кім дедіңіз?
    - Танымауыңды аңғарып едім. Талай уақыт өтті ғой. Қызғалдақ әпкең ойыңда ма?
    - … Құдайым-ау! Ойпыр-ай, расында да сіз болғаныңыз ба? – Зеренің дауысы дірілдеп, жүрегі кеудесінен қарғып ұшып кететіндей болып сезінді, - Сізді танымауым мүмкін емес. Қызғалдақ әпке, қайдан қоңырау шалып тұрсыз?
    - Мен бул жерге жол-жөнекей ғана соғып едім. Қазір екінші Алматының вокзалындамын. Үш сағаттан кейін басқа пойызға отырамын. Уақыт бар болғаннан соң сенімен кішкене сөйлесейін дегенім ғой. Жаным, қалайсың өзің?
    - Әпке, кейін айтамын, бәрі де кейін. Ешқайда кетіп қалмаңыз. Мені естідіңіз бе? Сол жерде тұра беріңіз, мен тез барамын, - деді де Зере сөмкесін іліп алып, екі аяғын туфлиына сұғып жіберді де, машинасына қарай ұмтылды.

18
    Вокзалдың орталық кіре берісіне жуық жерде, әр жаққа бір жалт қарап, орын таппай тұр екен. Қолында шағын жол сөмкесі бар. Қысқа, тізесіне жетпейтін сарғыш плащтың астынан ұзын ала белдемше киіп алған, басында қызыл гүлді шәлі бар. Ұялы телефонына қоңырау соқпаса, Зере бірден танымас еді. Сөмкесін жерге қоя салып, қолындағы тозған Нокианы асыға құлағына апарды. Жүгіріп барып, Зере әпкесін тас қылып құшақтап алды. Ағарған бұйра шашы сытылып, орамалдын сыртына бетімен шашылып кетіпті. Есі шығып, не істерін білмей тұрып қалды. Тек Зеренің арқасынан сипалап:

    - Айналайын, айналайын, - деп қайталай бергені. Аузындағы алтын тісі жалтылдап, қуаныштан күлімсіреген кезде, бетін жасына лайықсыз терең әжім тілімдегені Зеренің көзіне бірден түсті. Баяғыда өзіне ең кішкентай дос болған, ал қазірде мәпелі, сымбатты қаланың жасаң келіншегіне қарап, қымсынып, не айтарын білмей үндемеді.
    - Қызғалдақ әпке! – деп, бар демін шығарып, Зере қайтадан құшағына қысып алды. Ыңғайсызданғаннан тыржиып:
    - Қарғам-ау, қайдағы қызғалдақ. Кемпір болдық қой, - деп күліп жіберді.

    Зере құшағын ажыратып, Гүлжанның аздап шел қаптаған көзіне жалт қарады:
    - Ешқашанда өзіңді кемпір деп атаушы болма, естисің бе? Сен менің елден ерекше, ең әдемі, ең алтын Қызғалдақ әпкемсің, түсіндің бе?

19
    Екеуі дереу вокзалдың шетінде қатар тұрған сәкілердің біреуіне отыра қалды да, пойызға дейінгі уақытты пайдаланып, әңгімеге батып кетті. Сөзге сараң Гүлжан, Зеренің сұрақтарына қысқаша жауап беріп, қайта өзін жан-жақты сұрақпен жаудырып тастады. Зере нақты түрде өзі, балалары, ері туралы айтып беріп, қарсы сөйлеуге шамасын келтірмей, әңгімені Гүлжанға аударып жіберді:

    - Ал, енді өзің туралы айтып бер. Өмірден нені кештің, нені көрдің? Құдайым-ау, қаншама жыл болды көріспегенімізге! Ақтөбедегі кіші қызының үйіне немере бағуға бара жатқанын айтты. Баяғы жаны қаламаған күйеуімен бірге ұзақ өмір сүріп, бес бала тапқан екен. Жарының қайтыс болғанына бір жыл болыпты.
    - Кенже қызым жақын арада маған немере, ұл бала туып берді. Атын кім деп қойғанымды айтайын ба? – деп беті гүлдей жайнап, бұлдыр көзінде бұрынғыдай тентек ұшқын ойнақтаған сияқты болып көрінді.
    - Иә, кім деп қойдың?

    Назды көзқарасы жылтылдап:
    - Батырқан деп, - жай ғана жауап берді, - бұрын бата алмап едім. Енді жолдасым кеткелі ұлықсат шығар…

20
    - Әпке, айтшы, осы сен неге жел аударған қаңбақтай бәріне көңгішсің? Қазіргі заманда жүрегің сүймейтін адаммен өмір сүріп, жаннан кешуге болады ма? - деп орамалының астына үрпиіп тұрған бұйра шашын қайтадан жинап берді.
    - Несіне олай айтасың, жаным? Мәселе сүю, сүймеуде емес қой. Адал адам болып шықты, балаларыма әке болғанда, елден кем болған жоқ, бір бірімізге үйренісіп, бауырласып кеттік. Ауылда алып қашқан жалғыз мен емеспін. Талай қызды сол кезде тілегіне қарсы алып кетті ғой, - деп, басын жантайтып жылы көзбен Зеренің әдемі көйлегіне, сәнді шашына қарап:
    - Маған бір ғана нәрсені айтшы, сен өзің бақыттысың ба, қарғам?
    - Иә, әпке.
    -Жаным, бақытты боларыңды білгенмін! Сондай сүйкімді балапан едің. Сені жиі есіме аламын. Сол жылдар екеуіміздің екіге бөлмейтін тамаша кезеңіміз еді ғой, солай емес пе?
    - Солай екені рас, бірақ дегенмен сен маған «Батырқан мен Қызғалдақтан» деп белгіленген шақыру билетін жіберген жоқсың. Уәде беріп едің ғой?
    - Менің уәдемнен таятын ойым болған жоқ, - деп Гүлжан бір серпіліп, - немеремнің тойына шақырамын, тірі болсам, әрине. – деді.
    - Не болса соны айта бермеші. Әлі де талай тойды тамашалармыз…

21
    Уақыттың зымырап өткенін екеуі де байқамай қалды. Гүлжанды купелі вагонның астыңғы орнына отырғызып, қоштасқанда, қайтадан құшағына қысып алып, құлағына жәй ғана, ешкім естімейтіндей:

    - Қонаққа кел. Қазір, осы жерде, келемін деп уәде бер маған. Жол-жөнекей емес, кәдімгідей үйіме келесің, біраз күн жатасың. Уәдеңді күтіп турмын, - деді.

    - Бердім уәдемді. Батырқанды алып келемін, таныстырамын сендерді, - деп Гүлжан сыбырлады.

    Көз жасын көрсетпеуге тырысып, Зере вагоннан секіріп түсті де, сыртынан терезенің алдында күлімсіреп тұрған Гүлжанға қол сілтеді. Пойыз ақырын ғана орнынан қозғала бастады. Біртіндеп, тізбектелген вагондардың сықырымен гүрсілі шапшаң бірқалыпты жүгіріске айналды. Вагонның дөңгелегінің дүңкілі, ешнәрсені және де ешқашан қайталамайтын өмірдің әр бір секунд пен минутын есептеп соғып тұрған үлкен бір жүректей, пойызды беймәлім болашаққа ала жөнелді.




© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Р. Алдабергенова Вернуться к началу Апамның сандығы  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга