Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Модальность
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
   Учим всей семьёй
 Видео
  Разговорник
Пословицы
  Книга для чтения
С казахским не шутят?
Сказки
Песни
Статьи
Словарь
Ссылки и др.
Автор сайта
Айнур Карим
«What’s up 5 Б?»
1-сахна - Ашық сабақ
2-сахна - Наурыз мейрам...
3-сахна - Оливье салаты
4-сахна - Қара жорға
5-сахна - Үй жұмысы
6-сахна - ЧЭПЭ
7-сахна - Махаббат
8-сахна - Ауууу!
Ы. Алтынсарин «Рассказы»
Р. Алдабергенова «Рассказы»

Лёгкое чтение

Бірінші сахна - Ашық сабақ

Сцена первая - Открытый урок

Автор: Айнұр Кәрім

1
Сахнада жеті орындық. Әр орындықта жеті кейіпкер ұйықтап отырады. №97 физико-математикалық бағыттағы мектеп гимназиясының ата-аналар комитетінің ватсапп-чат қатысушылары. Ватсаптағы группа 5 "Б" ата аналары

МАМА КОМИТЕТ (оянып). Қайырлы таң, құрметті ата-аналар!

Өгей ана қозғалып, көзін сүртіп есінейді.

МАМА КОМИТЕТ. Немене әлі ұйықтап жатсыздар ма? Сіздер бүгін қандай жауапты күн екенін ұмытып кеттіңіздер ме? Оянамыз, оянамыз! (Ұйқыдасыздар ма? ... Тұрмасаңыздар, тұрайық, оянайық)

Жалғыз басты әкеден басқалары жыбырлай бастайды. Мама биші жан-жаққа қарай керіледі. Мама дзэн лотос позасына отырады. Мама аутист темекі тартады. Мама үздік шашын жылдам тарай сала, жоғарыға түсіп қояды.

МАМА ҮЗДІК (сағатына қарап). Баршаңызға қайырлы таң! Біз уже* бағана тұрғанбыз.
МАМА КОМИТЕТ. Неге үндемейсіздер? Мен алаңдай бастадым.
ӨГЕЙ МАМА (жанындағы мама аутистке қарап. Таң атпай не керек екен өзіне?
МАМА АУТИСТ (өгей мамаға). Бүгін бізде ашық сабақ! Географиядан. Ұмытып кетіңіз бе?
МАМА КОМИТЕТ. Құрметті ата-аналар! Ойланыңыздаршы. Ешнәрсе ұмытпадық па? Дайындығымыз қалай?

Барлығы үһлеп, жыбырлай бастайды. Жалғыз Басты Әке бір аунап, қорылдай жөнеледі.

2
МАМА КОМИТЕТ. Сонымен, апайымыз тура 7.40 қалмай келулеріңізді өтінді. Естеріңізде ме?

Өгей мама мен Мама аутист ауыр демалады. Мама үздік телефонына бас салып, телефонындағы сағатқа қарайды. Жалғыз Басты әке өз қорылынан селк етіп, ояна кетіп, қайта ұйықтай жөнеледі.

МАМА ҮЗДІК. Әрине ұмытқан жоқпыз. Мен әдейі будильнигімді сағат алтыға қойдым.
МАМА БИШІ. Бізге салсаңыз, бағана тұрып алғанбыз. Жаттығуымызды жасап жатырмыз.
ӨГЕЙ МАМА (жанына еңкейіп). Байғұс балалар... Аздап ұйықтай тұрсыншы.

Жалғыз басты әке қорылдайды.

МАМА КОМИТЕТ. Балаларыңыздың киімдерін қадағалаңыздаршы. Қыздарда міндетті түрде ақ бантик, ұлдарда таза ақ рубашка* болуы керек. Тағы да қайталаймын - аппақ ТАЗА ақ рубашка!
ӨГЕЙ МАМА. Бантик туралы мен сіздерге уже анау жолы айтқанмын, менің қызымның шашы қып-қысқа, сол үшін біз бантик тақпаймыз.
МАМА БИШІ. Біз сізге айттық қой, қазір лентаға тағылған, не көп, қысқа шаштарға арналған бантиктер көп деп.
ӨГЕЙ МАМА. Ешқандай лента да, бантик те тақпайды.
МАМА ҮЗДІК. Тақпайдысы нес? Бізде ашық сабақ емес пе?! Негізінде бұл басты талаптардың бірі, мұғалімнің өзі де айтқан...
МАМА КОМИТЕТ. Жарайды, жарайды! Бір қызымыз бантиксіз барса, ештеңе етпес. Басқаларыңыз ше?
МАМА БИШІ. Бізде ерекше әдемі бантик!
МАМА ҮЗДІК. Бізде екі бантик.
МАМА АУТИСТ. ұл болғанына құдайға шүкір...
МАМА КОМИТЕТ. Қалғандарыңыз?

Барлығы үндемей қалады. Жалғыз басты әке қорылдап жатыр. Барлық әйелдер мойындарын бұрып, оны ден қойып тыңдайды.

3
МАМА КОМИТЕТ. Барлығымыз осындамыз ба?

Жалғыз басты әке талып ұйықтап жатыр.

МАМА ҮЗДІК. Жалғастырайық.
МАМА КОМИТЕТ. Так сонымен, ұлдарымыз манжеті таза жеңді және таза жағалы рубашка киеді. Сосын ...
МАМА ДЗЭН. Иә, иә бізде тап-таза ақ жейде.
МАМА АУТИСТ. Біз кеше-ақ барлығын дайындап қойғанбыз.
МАМА КОМИТЕТ. Айтпақшы, балаларыңызға тамақтарын беріп шығыңыздаршы. Кейде олар сабаққа аш келетіндігін естіп жүрміз ғой. Олай болмайды...
ӨГЕЙ МАМА (мама дзэнға). Бұнысы рас па?
МАМА ДЗЭН. Ол біз балаларымызға тамақ бермейді деп ойлайтын сияқты...

Өгей мама мен мама дзэн күледі. Жалғыз басты әке әлі қорылдау үстінде.

4
МАМА КОМИТЕТ. Сосын, балаларыңызға ескертіңіздер, үлкендердің әрқайсысымен амандасуды ұмытпасын. Әрқайсысымен!!!
МАМА БИШІ. Менің қызым өте әдепті, ылғи да амандасады.
ӨГЕЙ МАМА. Онсызда амандасып жүр ғой.
МАМА КОМИТЕТ. Ой, білмеймін. Сіз қателесесіз, әйтеуір сынып жетекшісі қашан болсын балалар тәрбиесіз, үлкендермен әрең амандасады, кейде тіпті амандаспайды да деп ренжиді.
МАМА АУТИСТ. Енді менің ұлым амандасып қояды, бірақ, енді... өздеріңіз де түсінесіздер менің баламның жайын...
МАМА ҮЗДІК (көзін алартып, күбірлеп). Басталды ал...
МАМА АУТИСТ. Аутист спекторлы бұзылысы бар балалар эмоцияларын өздерінің еріктерінсіз сыртқа көрсете алмайды.
ӨГЕЙ МАМА (жұбатқан болып) Бұндайды барлық балалар дерлік белгілі бір жасқа дейін сыртқа шығара алмайды.
МАМА КОМИТЕТ. Уайымдамаңыздар! Комиссия нақ біздің сыныбымызды инклюзивті сыныпқа жататындығында хабардар.
МАМА АУТИСТ. Қанша рет айтамын. «инклюзивті сынып» деген ұғым жоқ. Біз менің балам өз қатарластарымен, қарапайым сыныпқа-ақ барып жүр. (Өгей мамаға қарап) Осы нақұрыстар шаршатты.

Өгей Мама иығын көтере отырып, мырс-мырс күледі.

МАМА КОМИТЕТ. Иә, иә, есімізде. Дайындығымызға оралайық, сөйтіп үлкендермен міндетті түрде амандасулары керек, себебі солардың бірі комиссия мүшелерінің бірі болып қалуы әбден мүмкін... Ашық сабақтың тақырыбы естеріңізде ме?

Барлығы көңілсіз басын шайқайды.

5
МАМА КОМИТЕТ. Кім кімнен кейін жауап беретінін білесіздер ме?

Барлығы қайтадан бастарын шайқайды, Жалғыз басты әке қорылдайды.

МАМА КОМИТЕТ. Нақты білесіздер ме? тексермейін бе?
МАМА ҮЗДІК. Болды. Тексерудің қажеті жоқ. Біз барлық азимуттар мен горизонтардың линиясын жаттап алдық.
МАМА БИШІ. Мені түнде оятып, сұрасаңдар барлығын айтып бере аламын.
МАМА АУТИСТ. Біз де барынша дайындалдық. Бірақ, бәрі шынайы көрінбейді ме деп қорқамын.
ӨГЕЙ МАМА (мырс етіп). Барлығымыз ашық сабақтың не екенін білеміз ғой.
МАМА КОМИТЕТ. Сынып жетекшісі бізге бұл мәселеге бар жауапкершілікпен қарауымызды сұрап отыр.
МАМА АУТИСТ. Біз енді қарамағанда не істедік, оқыдық, бір апта бойы дайындалдық.
МАМА ДЗЭН. Даже* мектеп алдындағы шөпке дейін бояп тастадық...

Барлығы мырс етеді, Өгей мама ештей тырқылдап күледі.

6
МАМА КОМИТЕТ. Қайдағы шөп? Не айтып отырсыз?
МАМА ДЗЭН. Жалпы айтқаным ғой...
МАМА КОМИТЕТ. Егерде сіз сыныптағы ремонт жөнінде айтып жатсаңыз, ол баяғыда жоспарланып қойған болатын дүние...
МАМА ҮЗДІК. Сол тым жақсы шықты иә? Мектептегі класстарының ең алдысы болды!
МАМА АУТИСТ. Енді ше, бұндай ақшаға...
МАМА ҮЗДІК. Сізге не ұнамай тұр? Біз сізге "ремонт" деген группаға қосылыңыз деп айттық. Ал сіз болсаңыз...
МАМА КОМИТЕТ. Құрметті ата-аналар, бүгінгі ашық сабаққа оралайықшы.
МАМА БИШІ (жаттығып). Біз уже шығайын деп жатырмыз.
ӨГЕЙ МАМА. Таң атпай ма? Біздің тұрғанымыз жаңа.
МАМА КОМИТЕТ. Жаңа тұрғаны несі? Бүгін ашық сабақ емес пе?! И сынып жетекшісі не деп еді сіздерге?..
МАМА АУТИСТ. Өй, құрып кеткір, ал! Біз жаңа рубашкамызға құсып тастадық...
МАМА КОМИТЕТ. А? Неге? Жейдеге ме? Басқасы бар ма?
МАМА ДЗЭН. Бала да уайымдап кеткен болар. Бұндайда үлкендерді балалар қатты сезеді емес пе?
МАМА ҮЗДІК. Әріптестер, түф - ата-аналар, немқұрайлық танытпайықшы, бізде ашық сабақ қой.
МАМА ДЗЭН. Ашық сабақ бізде емес, балаларымызда екендігін ұмытпайық!
МАМА ҮЗДІК. Әр бір сөзіме іліне бермеңізші. Сіз менен жақсы білесіз...

7
МАМА АУТИСТ. Рубашканы не істесем екен?
МАМА КОМИТЕТ. Сізде басқасы бар ма еді?
МАМА АУТИСТ. Бар, бірақ таза емес, кірде жатыр. Мүмкін қысқа жеңдісін тапсам?..
МАМА КОМИТЕТ. Мен баламның басқа бір рубашкасын ала келейін?
МАМА АУТИСТ. И, жоға, балам ондайды кимейді...
МАМА КОМИТЕТ. Жуып, үтіктеп қойғам. Балаңыз байқамай да қалады.
МАМА АУТИСТ. Жоқ, сіз түсінбей отырсыз - менің балам тек арнайы киімдерді киеді.
МАМА ҮЗДІК (жақтырмай күрсініп). (Көзін алартып) Оййй.... (Сізде бір ай...)
МАМА КОМИТЕТ. Ондай болса жақсы. Басқасын таптыңыз ба?
МАМА АУТИСТ. Соны қайда қойғанымды білмеймін. Таппай жатырмын. Айтпақшы, бізде көк түсті көйлек бар. Соны бола ма?)
МАМА ҮЗДІК. Формаға сай емес қой.
МАМА БИШІ. Оның орнына, жуып, үтіктеп алсаңызшы, сол жылдамырақ.
МАМА КОМИТЕТ. Дүрлікпеңіздершi! Бәрі шешіледі.

Пауза. Барлығы жан жаққа қарайды. Жалғыз басты әке одан әрі қаттырақ қорылдап ұйықтап жатыр. Мама биші оның жағына бір қарап, бетін тыржитады.

МАМА ҮЗДІК. Сомен бірін шештік пе? Біз шығып барамыз.
МАМА АУТИСТ. Мына рубашка құрғыр қайда кетті, өзі?
МАМА ҮЗДІК. Басқа да амал бар ғой..
ӨГЕЙ МАМА. Қандай?
МАМА ҮЗДІК. Бірінші сабаққа бармай-ақ қосаңыз да, болады.

Барлығы қатып қалады.

8
МАМА АУТИСТ. О не дегеніңіз?
МАМА ҮЗДІК. Енді сіздің балаңыз көп ештеңеге қатыспайды ғой, ешкім байқамайды.
МАМА КОМИТЕТ. Тааааак, Құрметті ата-аналар, ешкімнің баласы сабақтан қалмайды.
ӨГЕЙ МАМА. Неге сабақтан қалуы қажет екен? Ақ рубашкасының болмағандығынан ба?
МАМА ҮЗДІК (жан-жаққа қарай). Жоқ. Негізінде ол бала өзін орынды ұстай білмейді.
МАМА АУТИСТ. Менің балам сабағына барса да барады, бармаса да барады. Рубашкасыз ба, рубашкамен бе? Cіздердің жұмыстарыңыз емес!
МАМА КОМИТЕТ. Құрметті ата-аналар, сабыр сақтайық. Бұл жай ғана ашық сабақ. Сөз таластырмаңыздар...
МАМА ҮЗДІК. Не болды? Біреу бірдеме айтты ма?
МАМА АУТИСТ. Сіз менің балам сабақтан қалсын деп айттыңыз.
МАМА ҮЗДІК. Құдайым-ай, менің айтпағым, ол емес еді...
МАМА АУТИСТ. Хоть қалайсыз ба, қаламайсыз ба, менің балам сабағына барады. Бітті!
МАМА БИШІ. Сіз бәрін жақын қабылдағаныңыз не? ешкім сіздің балаңызды...

Мама аутист тұрып Өгей мамаға бұрылып айтады.

9
МАМА АУТИСТ (өгей мамаға қарай бұрылып). Мына оңбағандарды көрдің бе? Менің балама қарай...
ӨГЕЙ МАМА. Иә.
МАМА АУТИСТ (өгей мамаға). Мен оларға көресіні көрсетемін.
ӨГЕЙ МАМА. Неғыласыз, керек емес.
МАМА АУТИСТ. Біз көкпеңбек рубашкамен барамыз. Ал істеп алыңдар.

Пауза. (Үзіліс)

МАМА КОМИТЕТ. Айналайын, құрметті ата-аналар, тағы да тексерейікші. Қыздардың колготкалары не болып жатыр?
ӨГЕЙ МАМА. Сіз осы сырт киімдерінен басқа бірдеңені ойлайсыз ба? Біз шығып келе бара жатырмыз, колготкамыз қардай аппақ.
МАМА КОМИТЕТ. Өкінішке орай, осының бәрін айтуға тура келеді. Өткен жолы "Ақ колготкада" келеміз деп, барлығыңыз түрлі түсті киіп келдіңіздер.
МАМА ҮЗДІК. Дұрыс айтасыз, біз ақшы сары түсті киіп келдік.
МАМА БИШІ. Мен стразаларды алып тастай алмадым.
МАМА ДЗЭН. Енді колготкалар жөнінде айтамыз.
ӨГЕЙ МАМА (күліп) Естеріңізде ме, қатарлас сыныптағы бір қызға анасы ұзын шұлық кигізіп алып келіп еді ғой.
МАМА ҮЗДІК. Сеточкадағы ма?
ӨГЕЙ МАМА. Жоқ, компресске арналған. Операциясынан кейін қалған болуы керек.

Мама комитеттен басқалары күледі.

10
ӨГЕЙ МАМА. Между прочим*, мен шын айтып отырмын.
МАМА КОМИТЕТ. Масқара... Не деген бассыздық…
МАМА БИШІ. Таңғы астарыңызды ішіп алдыңыздар ма? Біздікі, уайымдап, түк ішпей қойды…
МАМА АУТИСТ. Біз іштік, тіпті ішкенімізді төгіп те үлгердік.
МАМА КОМИТЕТ. Жарайды, ондай болса кешікпеңіздер. Мен өз басым, жетекшімізге көмектесемін деп айтып қойып едім. Ашық сабағымыз күшті өтуі керек. Мектебіміздің рейтингісі осыған тікелей байланысты.
МАМА ҮЗДІК. Біз сізге сондай ризамыз. Үнемі бәріне үлгеріп жүресіз. Сіз болмасаңыз, біз не істер едік?!
ӨГЕЙ МАМА (мама аутистке). Мынаның есі дұрыс па?
МАМА АУТИСТ (өгей мамаға). Мынаның сөзінен кейін мен де құсып жіберемін.
МАМА КОМИТЕТ (риза болып). Қойыңызшы, о не дегеніңіз... Айтпақшы, алдын ала айтып қояйын, ренжімеңіздер - сынып жетекшісі сіздерді мектепке кірерде талапқа сай екендіктеріңізді тағы бір тексеруімді өтінді.
ӨГЕЙ МАМА. Ол не деген сөз? Талапқа сай тексеру? Қандай талапқа?

Пауза. Барлығы тынышталып қалады. Қорылдап, жалғыз басты әке оянады.

11
МАМА ҮЗДІК. Енді, өздеріңіз түсінесіздер ғой... біз ашық сабаққа сәйкес таза, әдемі келуіміз керек.
МАМА АУТИСТ. Бұнымен не айтқыңыз келіп тұр? Балаларымыз ойлағандарыңыздай таза емес пе екен?
МАМА ҮЗДІК (жынданып). Жоқ ,бұл не дегеніңіз... Жай түсінесіздер ме, мұндай жауапты күнде...
МАМА КОМИТЕТ. Енді, қымбатты ата-аналарым, кез келген жағдай болуы мүмкін... әсіресе ұлдарда. Жуынбай келеді, мойындары кір-кір, жейдесі де кір, тырнақтары туралы тіпті айтпай-ақ қояйын. Біз ана жолы сынып жетекшісімен бірге әдейі есік алдында тұрып тексердік. Кейбір балалар жейдесінен кірлігі сонша - тіпті сіздерге суретке түсіріп жіберейін дегенмін.
МАМА АУТИСТ. Мен өз ұлымды олай тексеруге рұқсат етпеймін, сіздердің өзі естеріңіз дұрыс па?

Пауза. Жалғыз басты әке рахаттана керіліп, телефонына қарай келіліп, созылып. Ах ұрып, жатқан жерінен атып тұрады. Шошып атып тұрады.

МАМА КОМИТЕТ. Мен сіздің балаңызды айтып тұрған жоқпын.
ӨГЕЙ МАМА. Менің де балама ешқандай тексеріс керек емес.

Мама комитет, мама үздік, мама биші бір біріне қарап иықтарын көтереді.

12
МАМА ҮЗДІК. Менің ойымша бұның барлығы ұсақ нәрселер. Ең бастысы ашық сабақты жақсылап өткізіп, сынып жетекшіміз риза болса болғаны. Шықтыңыздар ма? Ата-аналар?
МАМА АУТИСТ. Біз шықтық.
МАМА БИШІ. Жолдамыз!
МАМА ДЗЭН. Біз де..
МАМА ҮЗДІК. Біз уже мектептеміз!
ӨГЕЙ МАМА. Біз он минуттан соң боламыз.

Барлығы орындарынан тұрып, кетіп бара жатады. Жалғыз басты әке сахнада шауып жүреді, барлығы тоқтап, бұрылады.

МАМА КОМИТЕТ. Бүгін біз біреуді ұмытқан сияқтымыз, қалай ойлайсыздар?
ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ ӘКЕ. Келе жатырмыз, келе жатырмыз!.. (Жанына қарап) Тез, тез!
МАМА КОМИТЕТ. Бантик ұмытпаңыз.
ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ ӘКЕ. Бантик? Неге?
МАМА КОМИТЕТ. Сіздің қызыңыздың шашына тағу үшін.
ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ ӘКЕ (үнсіз аузын жыбырлатып). Ой... Не үшін?
МАМА КОМИТЕТ. Ашық сабаққа.
ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ ӘКЕ. Ол бүгін бе еді?

Мама комитет қолын оның мойнына созады.

МАМА БИШІ (жалғыз басты әкеге). Менің қызымда үш бантик бар, біреуін беріп жіберермін.
МАМА КОМИТЕТ. Ақ колготканы да ұмытпаңыздар! Жақындадыңыз ба?
ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ ӘКЕ. Иә, біз мектептің кіре берісіндеміз десек те болады. Мектепке кіргелі жатырмыз! Ақ киімдеміз!

Бірінші бөлімнің соңы.



* - орыс тіліндегі сөздер.

Қазақшаға аударған: Жайнагүл Хаматова, Әлішер Рахат, Динара Қойшығулова



©  Татьяна Валяева   2007–2021
http://kaz-tili.kz/
 <<  Пьеса «What’s up 5 Б?» Вернуться к началу Қызғалдақ әпке  >> 


Присоединиться в Фейсбуке   ВКонтакте                  Цвета текста на сайте - значение                  E-mail: kaz-tili@yandex.ru                  Гостевая книга